
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Капитал нарығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңдарына капитал нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының ілеспе заң жобаларын әзірледі.
«Капитал нарығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау үшін әзірленді және бағалы қағаздарды, туынды қаржы құралдарын, цифрлық қаржы активтерін және инфрақұрылымдық ұйымдардың қызметін қамтитын капитал нарығын реттеу үшін бірыңғай заманауи құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
Негізгі бағыттардың бірі компаниялардың капитал нарығына шығуын оңайлату болып табылады. Рәсімдер санын және құжаттарды қарау мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін «бірыңғай терезе» қағидатын енгізу ұсынылады. Нарықта жұмыс істеп жатқан компаниялар үшін оңайлатылған және негіздемелік проспектілер енгізілуде, бұл қолайлы нарықтық жағдайларда қаржыландыруды тезірек тартуға мүмкіндік береді. Бағалы қағаздарды шығару толық проспект дайындамай, оның ішінде білікті инвесторлар арасында орналастыру кезінде жүзеге асырылуы мүмкін жағдайлардың тізбесі кеңейтілуде.
Нарыққа кіру және кәсіби қатысушыларды дамыту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалуда. Кезең-кезеңмен лицензиялау және инвестициялық консультацияға жіберудің оңайлатылған тәртібі көзделіп отыр, бұл қатысушылар шеңберін кеңейтуге және тиісті қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Нарық пен оның инфрақұрылымының жұмыс қағидалары жаңартылуда, оның ішінде клиринг және есеп айырысу тетіктерін жетілдіру, қысқа сатылымдар үшін құқықтық жағдайлар жасау және исламдық бағалы қағаздар тізбесін кеңейту қажет. Бұл нарықтық инфрақұрылымның сенімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасы клиенттердің тапсырмаларын барынша жақсы орындау стандартын, ақпаратты ашуға қойылатын бірыңғай талаптарды, инсайдерлік сауда мен айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимылдың заманауи тетіктерін енгізу, сондай-ақ биржадан тыс нарықтың ашықтығын арттыру есебінен инвесторларды қорғауды күшейтуге және нарықтың ашықтығын арттыруға бағытталған. Нарыққа қатысушыларды реттеу және бақылау жөніндегі функциялардың бір бөлігін қор биржасының реттеу комитетіне беру ұсынылады, бұл ретте Агенттіктің қадағалау өкілеттіктері сақталады.
Заң жобасын қабылдау капитал нарығының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, эмитенттердің қаржыландыруды тарту жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге, инвесторларды қорғауды күшейтуге және өтімділіктің өсуі мен қазақстандық нарықты халықаралық қаржы жүйесіне интеграциялау үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Заң жобаларының мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы