Агенттік басшылығы Astana Finance Days-ке қатысты

Агенттік басшылығы Astana Finance Days-ке қатысты

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов Astana Finance Days халықаралық форумы аясында «Қазақстанның капитал нарығы: одан әрі даму бағыты» панельдік сессиясына қатысты.

Сессияға қатысушылар өтімділікті арттыруды, инвесторлар базасын кеңейтуді, биржалық инфрақұрылымды дамытуды, реттеуді жетілдіруді және нарықтың ашықтығын арттыруды қоса алғанда, Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының және Қазақстанның капитал нарығын одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.

Қаржы құралдарына орнықты ұзақ мерзімді сұранысты қалыптастырудағы институционалдық инвесторлардың рөліне ерекше назар аударылды. Агенттік Төрағасының орынбасары атап өткендей, олардың қатысуын едәуір арттыру үшін рұқсат етілген құралдар тізбесін кеңейту жеткіліксіз.

«Реформаның міндеттерінің бірі институционалдық инвесторлардың қатысуын кеңейту болады, себебі олар акциялар мен облигацияларға орнықты ұзақ мерзімді сұранысты қалыптастырады, қайталама нарықтың өтімділігін қолдайды және ішкі жинақтардың экономиканы қаржыландыруға бағытталуын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті ол.

Осыған байланысты Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы инвесторлардың институционалдық базасын одан әрі дамытуды, оның ішінде зейнетақы активтерін басқару тәсілдерін жетілдіруді және кәсіби басқарушылардың неғұрлым белсенді қатысуы үшін жағдайлар жасауды көздейді.

Көлемі шамамен 27 трлн теңгені құрайтын зейнетақы активтері ұзақ мерзімді капиталдың негізгі көзі болып табылады. Бұл ретте зейнетақы активтерінің 99,7%-ы Ұлттық банктің басқаруында болады. Реформаның келесі кезеңі шеңберінде зейнетақы жинақтарын қорғаудың қажетті тетіктерін, тәуекелдерді басқаруға қойылатын талаптарды, ашықтық пен жауапкершілікті сақтай отырып, кәсіби басқарушылардың рөлін күшейту ұсынылады.

«Бұл тәсілдің мәні институционалдық инвесторларға неғұрлым көп тәуекел алуға рұқсат беруде ғана емес. Біз ашық қағидалар, инвесторларды бақылау және қорғау сақталған жағдайда кәсіби басқарушылар ұзақ мерзімді инвестициялық мақсаттармен негізделген нарықтық тәуекелді көбірек қабылдай алатын жағдайлар жасауды ұсынамыз», - деп атап өтті Агенттік Төрағасының орынбасары.

Талқылаудың жеке бағыты капитал нарығының ашықтығын және мәмілелерді орындау сапасын арттыру болды. Бағдарлама шеңберінде орталықтандырылған есеп беру жүйесі арқылы биржадан тыс мәмілелердің негізгі өлшемдерін міндетті түрде ашып көрсету, сондай-ақ клиенттік тапсырмаларды ең жақсы орындау қағидатын енгізу көзделеді. Бұл инвесторларға сауда-саттықтың бағасы мен көлемі туралы барынша толық ақпарат алуға мүмкіндік береді және нарықтағы баға белгілеу сапасын арттырады.

Бұл ретте ұлттық реттеу талаптары «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына автоматты түрде қолданылмайтыны атап өтілді, себебі АХҚО өзінің реттеушісі мен жеке юрисдикция болып табылады.Сонымен қатар, ұлттық нарық пен АХҚО арасындағы тәсілдердің келісімділігі нарықтық ақпараттың салыстырмалылығы мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін маңызды бағыт болып қала береді.

Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі негізгі басымдықтары туралы айта отырып, Н. Тұрсынханов өзара байланысты үш элементті бөліп көрсетті:

«Өтімділік, инвестор және эмитент – бұл бір нарықтық жүйенің өзара байланысты үш элементі».

Өтімділікті дамыту бөлігінде Бағдарлама маркет-мейкингті жетілдіруді, бағалы қағаздарды қарызға алудың орталықтандырылған тетігін дамытуды, жабылған қысқа сатуларды дамыту үшін жағдай жасауды, сондай-ақ биржадан тыс нарықтың ашықтығын арттыруды көздейді.

Инвесторлар базасын кеңейту үшін ұжымдық инвестицияларды дамыту, инвестициялық қорлар мен ETF желісін кеңейту, инвестициялық өнімдердің қолжетімділігін арттыру және кәсіби басқарушыларды дамыту үшін жағдай жасау жоспарлануда.

Өз кезегінде, компаниялардың қаржыландыруды тарту жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейту үшін нарыққа шығу рәсімдерін оңайлату және цифрландыру, эмитенттер үшін бірыңғай цифрлық терезе құру, құжаттарға және ақпаратты ашуға қойылатын талаптарды біріздендіру, компанияларды IPO-ға және шағын және орта бизнес үшін листинг демеушілері институтын дайындау тетіктерін дамыту көзделеді.

Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агенттік Ұлттық Банкпен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп әзірледі. Құжат Қазақстан капиталының терең, өтімді және бәсекеге қабілетті нарығын қалыптастыруға бағытталған 7 стратегиялық бағытты және 35 бастаманы қамтиды.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz