Қаржы нарығы: банк реформасының аяқталуынан дамудың жаңа кезеңіне дейін

Қаржы нарығы: банк реформасының аяқталуынан дамудың жаңа кезеңіне дейін

Дерек көзі: «Казахстанская правда» газеті

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова банк заңнамасының ауқымды реформасы, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және Мемлекет басшысының капитал және сақтандыру нарықтарын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы айтып берді.

Биыл банк заңнамасының ауқымды реформасы аяқталды. «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заң нені түбегейлі өзгертті?

– Соңғы жылдары Қазақстанның банк секторы айтарлықтай өзгерді. Банктер капиталды ұлғайтып, проблемалық активтерді едәуір қысқартты, ал  қадағалау тәуекелдерді ерте анықтау үшін қайта құрылды.Бұл ұзақ уақыт бойы сектордың дамуын тежеп келген мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі күні банк жүйесі басқа кезеңде дамуда. Басымдық секторды қалпына келтіруден оның экономиканы қаржыландырудағы рөлін кеңейтуге, бәсекелестікті дамытуға және қаржылық қызметтердің сапасын арттыруға ауысады.

«Банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заң осы жаңа модельді бекітті. Банктерді қадағалау, бәсекелестік және тұтынушыларды қорғау тәсілдері толығымен қайта қаралды. Төлемге қабілетсіз банктерді қалпына келтіру мен реттеудің заманауи жүйесі құрылды. Нарықтың жаңа қатысушылары мен қаржылық технологияларды енгізу үшін мүмкіндіктер кеңейтілді.

Реттеу қисынының өзі түбегейлі өзгерді. Тәуекелдер проблемаға айналғанға дейін анықталуы керек, ал олар үшін ең алдымен банк иелері мен менеджменті жауапты болуға тиіс. Реттеуші ерте сатыда араласуға және қаржылық жағдайы нашарлағанға дейін банктен қосымша капиталды талап етуге мүмкіндік алады.

Банктерді реттеу Базель комитетінің халықаралық стандарттарына сәйкес келтірілді. Заңды іске асыру үшін заңға тәуелді база толығымен жаңартылып, 80 нормативтік құқықтық акт қабылданды.

Іс жүзінде лицензия алу мен күнделікті қадағалаудан бастап қаржылық орнықтылықты қалпына келтіруге және қажет болған жағдайда төлем қабілетсіздігін реттеуге дейінгі банктің бүкіл жолын қамтитын банк нарығының жаңа архитектурасы қалыптасты.

Бұл орайда бес негізгі өзгерісті атап өткен жөн.

Бірінші. Толыққанды тәуекелге бағдарланған қадағалауға көшу аяқталды. Алғаш рет бірыңғай жыл сайынғы қадағалау цикліне банк секторы активтерінің 85%-дан астамын қамтитын SREP, AQR және қадағалап стресс-тестілеу біріктірілді. SREP банктің тәуекелдері мен басқару сапасын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді, AQR оның активтерінің сапасы мен резервтердің жеткіліктілігін тексереді, стресс-тестілеу банктің қолайсыз экономикалық сценарийлерге орнықтылығын көрсетеді.

 Анықталған тәуекелдер енді капиталға қойылатын талаптарға тікелей әсер етеді. Агенттік жеке үстемеақыларды белгілейді және қажет болған жағдайда дивидендтер төлеуді шектейді. Алты жыл ішінде банктердің капиталы шамамен 7 трлн теңгеге өсті. Тағы 1,4 трлн теңгеге жуық соманы банктер қадағалау үстемеақысы ретінде үнемі қолдап отырады. 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттердің үлесі 2019 жылғы 8,1%-дан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 3,6%-ға дейін төмендеді.

Проблемалық және стрестік активтердің толыққанды нарығы да қалыптасты. Заңнамалық база, Debex және DMAS цифрлық платформалары құрылды. Құны 902 млрд теңге болатын мүлік экономикалық айналымға қайтарылды, ал банктердің проблемалық активтерінің көлемі 2 еседен астам – 7,7 трлн теңгеден 3,1 трлн теңгеге дейін азайды.

Екінші. Бәсекелестік күшейтіліп, банк нарығына қолжетімділік ырықтандырылды. Базалық және әмбебап банк лицензиялары енгізілді. Бұл белгілі бір банктің мөлшерін, бизнес моделін және тәуекелдерін ескере отырып, талаптар қолдануға мүмкіндік береді. Сенімді шетелдік банктердің кіруі жеңілдетілді, ірі микроқаржы ұйымдарын банктерге айналдыру тетігі құрылды.

15 жылда алғаш рет нарыққа екі жаңа банк кірді. 2025 жылы BNK Commercial Bank және KMF Банкі банк лицензияларын алды. Биыл жылдың соңына дейін Abu Dhabi Commercial Bank «исламдық терезе» арқылы жұмыс істеу мүмкіндігімен әмбебап банк лицензиясын алады. Жаңа Заң алғаш рет дәстүрлі және исламдық банкингті бір әмбебап банк шеңберінде біріктіруге мүмкіндік береді.

Үшінші. Алғаш рет төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің толыққанды жүйесі құрылды. Бұрын негізгі шаралар банктің қаржылық жағдайы айтарлықтай нашарлағаннан кейін қолданылатын еді. Жаңа модель айтарлықтай ерте араласуға мүмкіндік береді. Ол күшейтілген қадағалаудан қаржылық орнықтылықты қалпына келтіруге және егер банкті қалпына келтіру мүмкін болмаса, оны реттеуге дәйекті түрде көшуді көздейді.

Жүйелік маңызы бар банктер үшін алдын ала реттеу жоспарлары жасалып, ықтимал шығындарды өз бетінше жабу қабілетіне қойылатын талаптар белгіленеді. Жеке банктің проблемаларын салық төлеушілер төлемеуі керек. Шығындарды бірінші кезекте акционерлер мен инвесторлар көтереді. Мемлекеттік қолдауға қаржылық тұрақтылыққа қауіп төнген жағдайда ғана жол беріледі, ал мемлекеттің келтірілген шығыстарын кейіннен банк секторы өтейді.

Төртінші. Азаматтарды қорғау күшейтілді және шамадан тыс кредит беру тәуекелдері азайды. Биыл шілде айынан бастап іс-қимылды қадағалау енгізілді. Бұл бағытқа мен бөлек тоқтаймын.

Жаңа проблемалық берешектің алдын алу үшін тәуекелі барынша жоғары қарыз алушыларға кредит беру шектелді. Төлем мерзімін кешіктірген азаматтарға, сондай-ақ соңғы үш жылда төлем тәртібін қалпына келтіруге әкелмеген, берешегі толық кешірілген не соңғы 12 айда қайта құрылымдау жүргізілген қарыз алушыларға жаңа қарыздар беруге тыйым салынады. 2027 жылдан бастап қарыз алушының кірісіне қатысты жиынтық борыш коэффициенті енгізіледі.

Қабылданған шектеулер жаңа берілетін кредиттердің сапасын арттырды. Ірі банктер бойынша жыл ішінде дефолтқа ауысатын кредиттердің үлесі 5%-дан 2,5%-ға дейін төмендеді. Кепілсіз тұтынушылық кредит берудің өсу қарқыны 2024 жылғы 30%-дан 2025 жылы 14,6%-ға дейін және биыл жеті айда 3,5%-ға дейін жүйелі түрде баяулады.

Бесінші. Банк секторы күн өткен сайын экономиканы қаржыландыру көзіне айналуда. 2017-2020 жылдары нақты секторға кредит беру қысқартылғаннан кейін 2021 жылдан бастап орнықты өсім қамтамасыз етілді. 2021–2025 жылдары бизнеске берілген кредиттер жыл сайын орта есеппен 15,3%-ға өсті. 2020 жылдан бастап олардың көлемі 2 еседен астам 16,1 трлн теңгеге дейін өсті, ал қарыз алушы кәсіпкерлер саны 57 мыңнан 597 мыңға дейін өсті.

Банктердің ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру және синдикатталған кредиттеу бойынша мүмкіндіктері кеңейтілді. «Бәйтерек»  холдингімен бірлесіп 10,7 трлн теңгеге жобалар пулы құрылды. Банктердің қатысуымен 2,5 трлн теңгеге тоғыз жоба мақұлданды.

Бүгінде банктердің активтері 74,2 трлн теңгеге жетті, ең төменгі нормативі 8% болған кезде капиталдың жеткіліктілігі 20,5%-ды құрайды.  Банк секторы қалпына келу кезеңінен өтті. Ендігі міндет орнықтылықтың жинақталған қоры бизнесті, инвестицияларды және экономикалық өсуді қаржыландыру үшін көп дәрежеде жұмыс істеуі болып табылады.

Реформалардың нәтижелері жоғары сыртқы бағаға ие болды. Соңғы екі жылда S&P BICRA әдіснамасы бойынша Қазақстанның банк жүйесін бағалауды 9-шы топтан 7-ші топқа дейін жақсартты. Биыл қыркүйекте келесі қадам жасалды – салалық тәуекелді бағалау 7-деңгейден 6-деңгейге дейін көтерілді. S&P бұл шешімді AQR, SREP, стресс-тестілеу және шамадан тыс тәуекелдерді шектеу шараларын енгізуді қоса алғанда, реттеу мен қадағалауды күшейтумен тікелей байланыстырады.

Қаржы секторының нығаюы еліміздің тәуелсіз рейтингінің артуымен қатар жүреді. Тамызда S&P Қазақстанның тәуелсіз рейтингін BBB-ге дейін көтерді, бұған дейін Moody's рейтингті Baa1-ге дейін көтерді. Бұл банк секторының, сол сияқты Қазақстан экономикасының орнықтылығын жалпы бағалаудың сапалы өзгеруін растайды.

– Қазақстанның қаржы секторы қазірдің өзінде цифрландырылған секторлардың бірі болып табылады. Бүгінгі күні жасанды интеллект қаржылық қызметтерді және қадағалау жүйесін қалай өзгертуде?

Цифрландыру Қазақстанның қаржы секторының басты бәсекелестік артықшылықтарының біріне айналды. Бүгінгі күні қолма-қол ақшасыз төлемдердің 90%-дан астамы интернет және мобильді қосымшалар арқылы жүзеге асырылады, іс жүзінде банк қызметтерінің барлық аясы қашықтан қолжетімді болып отыр. Цифрлық сервистерді енгізу жылдамдығы бойынша банктер экономиканың технологиялық көшбасшыларына айналды.

Енді келесі кезең басталады. Цифрландырудың алдыңғы толқыны қаржылық қызметтерді смартфонға ауыстырса, жасанды интеллект қаржы нарығының моделін өзгертеді. Тәуекелдерді бағалау, кредит беру, сақтандыру, алаяқтықты анықтау, клиентпен өзара әрекеттесу және қадағалау шешімдерін қабылдау тәсілдері өзгеруде.

Біздің міндетіміз – Қазақстанның  қаржы секторын жасанды интеллектті іс жүзінде енгізудің көшбасшысы ету. Бұл орайда мәселе тек банктерге ғана қатысты емес. Жасанды интеллект сақтандыру, микроқаржыландыру және капитал нарығында кеңінен қолданылуға тиіс.

Қаржылық қадағалау үздіксіз цифрлық модельге ауысуда. Агенттік 20-дан астам цифрлық құралды, оның ішінде ЖИ негізінде 10-нан астам шешімді біріктіретін FinAI платформасын дербес құрды. Оған SREP, AQR, стресс-тестілеу және басқа да негізгі қадағалау процестері интеграцияланды. Бұл есептілікті мерзімді талдаудан тәуекелдер мен ауытқуларды үздіксіз цифрлық мониторингтеуге көшуге мүмкіндік береді. Банктік қадағалауды цифрландыру негізінен аяқталды, енді бұл модель сақтандыру нарығы мен капитал нарығында қолданылатын болады.

Тағы бір бағыт азаматтарды қорғауға байланысты. «Жолданымдар фабрикасы» құрылды, ол ЖИ-ды қолдану арқылы жылына 180 мыңға жуық жолданымды талдайды. Жүйе қаржы өнімдері, сату және қызмет көрсету бойынша қайталанатын мәселелерді анықтайды. Реттеуші үшін шағым нарықтағы жүйелік практиканы анықтаудың дереккөзіне айналады.

Жеке басымдық киберорнықтылыққа байланысты. QAINAR цифрлық орталығы құрылды, жыл сайынғы салалық кибероқыту жүргізіледі. Бұл орайда біз бұрын болған оқыс оқиғаларға ден қоюдан осалдықтарды ерте анықтауға және киберқауіптердің алдын алуға көшеміз.

Келесі кезең үшін деректерді, технологияларды, инфрақұрылымды және кадрлық құзыреттерді қоса алғанда, тоғыз бағыт бойынша 100-ге жуық қаржы ұйымдарының цифрлық жетілуіне диагностика жүргізілді. Осы негізде цифрлық жетілу рейтингі қалыптасып, Қаржы нарығындағы цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу стратегиясы әзірленеді.

Біз Қазақстанның цифрлық қаржыдағы көшбасшылығын сақтап, қаржы секторын экономикаға ЖИ-ды енгізудің негізгі алаңдарының біріне айналдырғымыз келеді. Бұл қаржыландырудың қолжетімділігін, қаржылық қызметтердің қауіпсіздігін және қадағалау сапасын арттыруға тиіс.

Сіз іс-қимылды қадағалауға көшу туралы бөлек айтып отырсыз. Оның дәстүрлі банктерді қадағалаудан айырмашылығы неде және тұтынушы үшін не өзгереді?

Қаржылық тұрғыдан орнықты банк клиентпен әділ жұмыс істейтін банкті білдірмейді. Пруденциялық қадағалау банктің орнықтылығын бағалайды, ал іс-қимылды қадағалау өнімнің шарттары қаншалықты түсінікті және әділ екендігін, жарнаманың жаңылыстыру, қосымша қызметтер мәжбүрлеу мүмкіндігін бағалайды.

Сондықтан шілде айынан бастап біз маңыздылығы жағынан пруденциялық қадағалаумен салыстыруға болатын толыққанды іс-қимылды  қадағалауға көшуді бастадық. Бұл іс жүзінде қаржы нарығын реттеудің екінші аясы. Біреуі қаржы ұйымының орнықтылығына, ал екіншісі оның клиентпен қарым-қатынасының сапасына жауап береді.

Қаржы өнімінің бүкіл қызмет ету циклін қадағалау алғаш рет енгізіледі. Бақылау оны әзірлеу сатысында басталады. Нысаналы аудитория, өнімнің шарттары мен құны, жарнама және сату практикалары, клиентке одан әрі қызмет көрсету және шағымдармен жұмыс бағаланады.

Іс-қимылды қадағалау тұтынушыларды қорғау тәсілін түбегейлі өзгертеді. Біз жеке бұзушылыққа ден қоюдан жүйелі жосықсыз практиканың алдын алуға көшеміз. Егер мыңдаған азамат бірдей проблемаға тап болып жатса, мәселе  жеке шағымдар жайында емес. Өнімнің  өзіне, оны сату практикасына немесе қаржы ұйымының бизнес-процесіне қарау керек.

Сондықтан азаматтардың жолданымдары қадағалау ақпаратының маңызды көзіне айналып отыр. Агенттікке жыл сайын 180 мыңға жуық жолданым келіп түсіп, олардың шамамен 80%-ын өңірлік басқармалар қарайды. Жасанды интеллектті қолдана отырып, біз оларды проблемалар, өнімдер және қаржы ұйымдары бойынша топтастырамыз және қайталанатын бұзушылықтарды анықтаймыз. Бұл жеке шағымдардан жүйелік проблеманы көруге және қаржы ұйымының практикасына, өніміне немесе бизнес процесіне қатысты қадағалау шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру тетігі де өзгеруде. Жыл соңына дейін банктермен, микроқаржы және сақтандыру ұйымдарымен дауларды сотқа дейінгі реттеуді біріктіретін бірыңғай қаржы омбудсманы  құрылатын болады. Бұл адамға оның дауын қай институттың қарап жатқанын нақтылау қажеттілігінсіз өз мәселесінің шешімін бір түсінікті аяда табуда мүмкіндік береді.

Азаматтар үшін нәтиже барынша тиімді болуға тиіс. Қаржы  өнімдері түсініктірек болуы керек, мәжбүрлеу мен жосықсыз сатылымдар азайып, ал құқықтардың бұзылуы анықталуы және жаппай сипатқа ие болғанға дейін жойылуы керек.

Неліктен капитал нарығы әзірге экономиканы қаржыландырудың толыққанды көзіне айналмай отыр және жаңа реформа нені өзгертуге тиіс?

Бүгінде Қазақстанда инвестициялық құралдарға айтарлықтай сұраныс қалыптасқан. Ашылған брокерлік шоттардың саны 5,2 млн-ға жетті, оның ішінде 276 мыңға жуық шот белсенді болып табылады. Зейнетақы активтері 27 трлн теңгеден асты. Акциялар нарығын капиталдандыру және KASE-де айналыстағы корпоративтік облигациялар көлемі шамамен 64,5 трлн теңгені құрайды.

Бұл ретте капитал нарығы экономиканы қаржыландыру функциясын әлі толық көлемде атқармайды. Институционалдық инвесторлар мен жеке эмитенттердің шектеулі ауқымы, акциялар нарығының барынша шоғырлануы, қайталама нарық өтімділігінің жеткіліксіздігі сақталуда. Сондықтан келесі кезең көлемнің одан әрі өсуімен ғана емес, экономикадағы капитал нарығының рөлін сапалы түрде кеңейтумен де байланысты.

Реформаның басты міндеті – ішкі жинақтарды бизнес пен инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыруға бағыттау. Ол үшін Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленді, ол жеті стратегиялық бағыт пен 35 бастаманы қамтиды. Оның заңнамалық негізі 11 кодекс пен 24 заңға өзгерістер енгізуді көздейтін «Капитал нарығы туралы» жаңа Заң болады. Заң жобасын Құрылтайға жыл соңына дейін енгізу жоспарланып отыр.

Бірінші. Институционалдық инвесторлардың рөлі кеңейтіледі. Зейнетақы активтері ерекше маңызға ие. Жаңа модель жеке басқарушылардың барынша ауқымды қатысуын және әр түрлі инвестициялық стратегияларды көздейді. Инвестициялық қорлар және ұжымдық инвестициялардың басқа да нысандары дамитын болады. Бұл корпоративтік бағалы қағаздарға қосымша ұзақ мерзімді сұранысты құруға және жинақтарды басқарудағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.

Екінші. Бизнестің капитал нарығына шығуы айтарлықтай оңайлатылатын болады. Облигациялар шығару үшін бірыңғай цифрлық терезе құрылады, рәсімдер қысқартылады және барлық тіркеуден қайтадан өтпей, бірнеше шығарылым жүргізуге мүмкіндік беретін базалық проспект енгізіледі.

Бұл әсіресе орта бизнес үшін өте маңызды. Компанияның банктік кредит пен инвесторлардың қаражатын тікелей тарту арасында таңдау жасау мүмкіндігі болуға тиіс. Мұндай компаниялар нарыққа шыққан сайын халық пен институционалдық инвесторлар үшін құралдар ұсынысы кеңейе түседі.

Үшінші. Нарыққа көбірек жеке компанияларды шығару қажет. Бүгінгі күні акциялар нарығын көп дәрежеде ірі компаниялар мен квазимемлекеттік сектор қалыптастырады. Жеке компанияларға биржаға шығуға дайындалуға көмектесетін листинг демеушілерінің институты дамиды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен акционерлік қоғам арасында жаңа ұйымдық-құқықтық нысан пысықталуда, ол акционерлік қоғам үшін көзделген талаптардың барлық кешенінсіз капитал тартуға мүмкіндік береді.

Төртінші. Қайталама нарықтың өтімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Алғаш рет бағалы қағаздарды қарызға алу мен кредиттеудің орталықтандырылған тетігі құрылатын болады. Ол мәмілелер санын көбейтеді, баға белгілеуді жақсартады және жаңа сауда стратегияларын дамытуға жағдай жасайды. Халықаралық депозитарлық инфрақұрылыммен интеграция кеңейтілетін болады.

Бесінші. Құралдар желісі кеңейтіліп, инвесторларды қорғау күшейтіледі. Секьюритилендіру, исламдық және цифрлық қаржы құралдары дамиды. Брокерді клиент үшін неғұрлым тиімді шарттарда тапсырманы орындауға міндеттейтін ең тиімді орындау қағидаты енгізіледі. Айла-шарғы мен инсайдерлік сауданы анықтау үшін цифрлық қадағалау құралдары қолданылады.

Нәтижесінде капитал нарығы экономикаға ұзақ мерзімді капиталды тартудың толыққанды арнасы болуға тиіс. Ішкі жинақ ақша жеке бизнесті, жаңа компаниялар мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға белсенді түрде бағытталуы керек.

 Сақтандыру нарығы да дамудың жаңа кезеңіне кіреді. Жаңа Бағдарлама мен «Сақтандыру нарығы туралы» заңда қандай жүйелі өзгерістер көзделген?

– Соңғы жылдары Қазақстанның сақтандыру нарығы айтарлықтай өсті. Оның активтері 4 трлн теңгеден асты, өмірді сақтандыру және зейнетақы аннуитеттері дамуда, жаппай көрсетілетін қызметтер іс жүзінде толығымен цифрландырылды.

Келесі міндет нарық құрылымын және оның экономикадағы рөлін өзгерту. Бүгінде сұраныстың едәуір бөлігі міндетті сақтандыру мен банктік сақтандыру есебінен қалыптасып отыр. Азаматтар мен бизнестің мүлікті, денсаулықты, өмірді және кәсіпкерлік тәуекелдерді қорғауға деген дербес сұранысын дамыту қажет.

Ұзақ мерзімді сақтандыруды дамытудың тағы бір әсері бар. Ол экономикаға бағыттауға болатын инвестициялық ресурстарды қалыптастырады. Сақтандыру бір мезгілде тәуекелдерден қорғауды қамтамасыз етіп қана қоймай, ұзақ мерзімді капиталдың көзіне айналуға тиіс.

Ол үшін алты стратегиялық бағыт пен 18 бастаманы қамтитын Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленді. Жаңа «Сақтандыру нарығы туралы» Заң 12 кодекс пен 34 заңға өзгерістер енгізуді көздейді.

Бірінші. Міндетті сақтандырудың бүкіл жүйесі қайта қаралады. Бүгінде әр түрлі кезеңде және түрлі қағидаттар бойынша қалыптасқан міндетті сақтандырудың 8 түрі және жүктелген сақтандырудың 10 түрі қолданылады. Олардың тиімділігіне бағалау жүргізіліп, сақтандырып қорғауға, тарифтер мен төлемдерге қойылатын талаптар біріздендіріледі.

Тәуекелге бағдарланған баға белгілеу жүйенің негізіне айналады. Полис құны сақтанушының нақты тәуекелін ескеруге тиіс, ал төлем шығынды лайықты деңгейде өтеуді қамтамасыз етуі қажет. Автосақтандыруда тарифтерді жекелендіру күшейтіледі және қосалқы бөлшектер құнының бірыңғай анықтамалығы жасалады. Қызметкерлерді жазатайым жағдайлардан сақтандыру тәсілдері қайта қаралады.

Екінші. Кредит алумен байланысты емес ерікті сақтандыру аясы кеңейтіледі. Бұл орайда тұрғын үй мен мүлікті сақтандыру, ерікті медициналық сақтандыру, өмірді сақтандыру және зейнетақы аннуитеттері негізгі әлеуетке ие.

Азаматтарды апатты тәуекелдерден қорғау жеке бағыт болады. Тұрғын үйді жер сілкінісінен, су тасқынынан және өрттен сақтандыру азаматтардың қаржылық тұрғыдан қорғалуын алдын ала қалыптастыруға және төтенше жағдайлардан кейін бюджеттік көмекке тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Үшінші. Сақтандыру өнімдерінің және оларды сатудың сапасы арттырылады. Ақпаратты ашуға және қызметтерді мәжбүрлеуден қорғауға қойылатын талаптар, оның ішінде банктерді сақтандыру кезінде де күшейтіледі. Клиент не үшін төлеп жатқанын, полис қандай тәуекелдерді өтейтінін және қаншалықты қорғау алатынын түсінуге тиіс.

Төртінші. Сақтандыру полисті ресімдеуден бастап төлемді алғанға дейінгі толық цифрлық циклге көшіріледі. Бірыңғай сақтандыру дерекқоры онлайн-реттеу мен сақтандыруды талдаудың негізіне айналады. Тәуекелдерді, тарифтер мен міндеттемелерді тәуелсіз бағалау үшін Орталық актуарий құрылады.

Бесінші. Сақтандырушылардың қаржылық орнықтылығы мен инвестициялық рөлі күшейтіледі. Капиталға қойылатын талаптар қабылданатын тәуекелдерге тікелей байланысты болатын Solvency II жүйесіне кезең-кезеңімен көшу көзделген. Өмірді сақтандыру және басқа да ұзақ мерзімді өнімдер дамыған сайын, саланың инвестициялық ресурсы да арта түседі.

Сақтандыру азаматтар мен бизнесті қорғаудың дербес құралына, сондай-ақ экономика үшін ұзақ мерзімді капиталдың маңызды көзіне айналуға тиіс.