Қор нарығында мәмілелерді ең жақсы орындау қағидаты енгізіледі

Қор нарығында мәмілелерді ең жақсы орындау  қағидаты енгізіледі

Капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы биржадан тыс операциялардың ашықтығын арттыруды және клиенттік тапсырмаларды ең жақсы орындау қағидатын енгізуді көздейді.

Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен, нарыққа қатысушылармен және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірледі.

Бағыттардың бірі биржадан тыс нарықтың ашықтығын арттыруға байланысты. Орталықтандырылған есеп беру жүйесі арқылы биржадан тыс жасалған мәмілелердің негізгі өлшемдерін міндетті түрде ашуды енгізу жоспарлануда. Мәміленің бағасы, көлемі мен орындалу уақыты, сондай-ақ оны жасау орны туралы мәліметтер ашылады.

Ақпаратты жариялау мерзімі қаржы құралының өтімділігіне және мәміле көлеміне байланысты болады. Өтімді құралдар туралы мәліметтер операция жасалғаннан кейін көп ұзамай ашылады. Ірі және блоктық мәмілелер үшін ақпаратты ашу маңызды позицияны қабылдаған қатысушы үшін қосымша тәуекел туғызбауы үшін кейінге қалдырылған жариялау мүмкіндігі көзделетін болады.

Биржалық және биржадан тыс нарықтардағы операциялар туралы ақпаратты сауда деректерін жинаудың, өңдеудің және жариялаудың бірыңғай жүйесінде біріктіру жоспарлануда. Бұл қатысушыларға мәміле жасалған жерге қарамастан қаржы құралы бойынша бағалар мен көлемдердің неғұрлым толық көрінісін көруге мүмкіндік береді.

Келесі бағыт – ең жақсы орындау қағидатын енгізу. Қолданыстағы заңнама брокердің клиенттің мүддесі үшін әрекет ету міндетін бекітеді, бірақ мәміленің ең тиімді шарттары мен орындарын таңдауға бірыңғай және жеткілікті егжей-тегжейлі талаптарды белгілемейді. Нәтижесінде, іс жүзінде брокерлердің тәсілдері әр түрлі болуы мүмкін, ал клиентке өз тапсырмасының орындалу сапасын бағалау қиынға соғады. Ұсынылатын өзгерістер нақты және тексерілетін жұмыс қағидаларын белгілеуге мүмкіндік береді.

 Кәсіби қатысушы клиент үшін барынша қолайлы нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті шараларды қабылдайды. Орындау тәсілін таңдау кезінде бағалы қағаздың бағасын, ілеспе шығыстарды, қол

 жетімді көлемді, тапсырманы орындау мерзімдері мен ықтималдығын, сондай-ақ есеп айырысулардың сенімділігін ескере отырып, мәміленің жалпы нәтижесі бағаланатын болады.

Ең төменгі баға әрдайым клиент үшін ең тиімді бола бермейді. Егер мұндай баға бойынша қажетті көлем болмаса немесе тапсырманы толық орындау мүмкін болмаса, кәсіби қатысушы неғұрлым қолайлы жалпы нәтижені қамтамасыз ететін басқа нұсқаны таңдай алады. Биржалық және биржадан тыс нарықтар арасында таңдау кезінде брокер екі алаңда да қолжетімді жағдайларды ескереді.

Кәсіби қатысушылар пайдаланылатын алаңдарды, оларды таңдау өлшемшарттарын, тапсырмаларды жіберу тәртібін және орындау сапасын бағалауды айқындайтын ең жақсы орындау саясатын әзірлеп,  ашады. Мұндай саясат нарықтық жағдайларды ескере отырып, кезең-кезеңімен қайта қаралатын болады.

Қабылданған шешімдер туралы ақпарат клиенттің немесе Агенттіктің сұранысы бойынша белгіленген саясаттың сақталуын растау үшін құжатталады.

Бақылауды кәсіби қатысушылар, сауда-саттықты ұйымдастырушылар және Агенттік арасында бөлу көзделеді. Кәсіби қатысушылар өз саясатын қолдануға, сауда-саттықты ұйымдастырушыла операциялардың ашықтығы мен мониторингі үшін, ал Агенттік талаптарды белгілеуге және қадағалап бағалауға жауапты болады. Ішкі процестер мен ақпараттық жүйелерді бейімдеу үшін өтпелі кезең көзделетін болады.

Реформа нәтижесінде нарықта клиенттік тапсырмаларды орындаудың бірыңғай және тексерілетін стандарты қалыптастырылатын болады. Инвестор брокердің мәміленің шарттары мен орнын қандай өлшемшарттар бойынша таңдағанын түсіне алады, алынған нәтижені бағалай алады және қажет болған жағдайда оның негіздемесін сұрай алады. Биржалық және биржадан тыс операциялар туралы ақпаратты біріктіру баға белгілеудің ашықтығын арттырады, брокерлік қызметтердің сапасын объективті салыстыруға мүмкіндік береді және клиенттердің мүдделерінің сақталуын қадағалауды күшейтеді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz