
Алматыда Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі ережелері мен басты бағыттарын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп әзірледі.
Іс-шараға Агенттіктің, Ұлттық Банктің, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Қазақстан қор биржасының (KASE), Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығы, нарыққа қатысушылар, сондай-ақ сараптамалық қоғамдастық өкілдері қатысты.
Бүгінгі күні капитал нарығы негізгі көрсеткіштер бойынша орнықты өсуді көрсетіп отыр. Соңғы бес жылда қазақстандық акциялар нарығын капиталдандыру екі еседен астам – 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге дейін өсті, орташа жылдық өсу қарқыны 11%. Борыштық бағалы қағаздар нарығы да іс жүзінде екі есе – 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін өсті, ал корпоративтік борыш көлемі 24 трлн теңгені құрады.
«Агенттікке Ұлттық Банкпен бірлесіп Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеу және Капитал нарығы туралы жаңа заң дайындау тапсырылды. Аталған бастамаларды іске асыру қор нарығының заманауи архитектурасын қалыптастыруға, сондай-ақ банктерді кредиттеумен қатар экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың негізгі көздерінің бірі ретінде қор нарығын одан әрі дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған. Бұл ретте бағалы қағаздардың дамыған нарығы қаржыландыру көздерін әртараптандырудың, макроэкономикалық орнықтылықты нығайтудың және инвесторлардың сенімін арттырудың маңызды факторы болып табылады», – деп атап өтті сөз сөйлеу барысында Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Бағдарламаның пайымы – терең, өтімді және әртараптандырылған капитал нарығын қалыптастыру, ол бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға, халықтың ұзақ мерзімді жинақтар үшін ауқымды сенімді құралдарға қол жеткізуін, ал экономика бойынша ішкі жинақтарды инвестицияларға тиімді түрлендіруді қамтамасыз етеді.
Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін 35 бастамадан тұратын 7 стратегиялық бағытты іске асыру жоспарлануда.
Институционалдық инвесторлардың рөлін күшейту жоспарланып отыр. Институционалдық инвесторлар қазақстандық компаниялардың акциялары мен облигацияларына орнықты ұзақ мерзімді сұранысты қалыптастыра алады. Осы бағытта зейнетақы активтерін басқару тәсілдерін жетілдіру және қаржы ұйымдарының қаражатын ішкі нарық құралдарына инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейту қаралып отыр.
Компаниялардың қор нарығына шығуын жеңілдету көзделуде. Бағалы қағаздарды шығару рәсімдерін жылдамдатып, барынша ыңғайлы ету орынды болады. Ол тіркеуді Орталық депозитарийге беру және цифрлық форматқа көшу арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, орта бизнес үшін орналастырудың икемді шарттарын көздеу жоспарлануда. Бұл әкімшілік және реттеушілік кедергілерді азайтуға және қаржыландыруды қор нарығы арқылы тартатын компаниялар аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Акциялардың қайталама нарығының өтімділігін арттыру үшін бағалы қағаздарды қарызға алудың орталықтандырылған тетігін құру жоспарлануда, ол институционалдық инвесторларға уақытша бос қағаздарды нарықтық операциялар үшін ұсынуға мүмкіндік береді. Осы негізде жабық қысқа сатылымдарға рұқсат беріледі, маркет-мейкерлердің рөлі күшейтіледі және эмитенттердің тәуелсіз талдамасына қолдау көрсетіледі.
Нарықтың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру үшін оның инфрақұрылымын дамытуды жалғастыру қажет. Негізгі қадамдардың бірі – қазақстандық акцияларды ірі халықаралық сақтау және есеп айырысу жүйелеріне қосу. Бұл шетелдік инвесторларға қазақстандық акциялармен әдеттегі инфрақұрылым арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді, транзакциялық шығасыларды азайтады және әлеуетті инвесторлар тобын кеңейтеді.
«Корпоративтік басқару сапасын арттыруға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылатын болады. Жария компаниялар қызметінің ашықтығын арттыру, корпоративтік басқаруға қойылатын талаптарды күшейту және миноритарлық инвесторлардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл нарыққа ұзақ мерзімді сенімді қалыптастыру және жеке инвесторлардың қатысуын кеңейту үшін аса маңызды», – деп атап өтті Агенттік Төрағасы.
Сонымен бірге капитал нарығын реттеу және қадағалау моделі жаңартылатын болады. Агенттік формальды талаптарды сақтауға, сонымен қатар нарыққа қатысушылардың нақты тәуекелдері мен іс-қимыл факторларын бағалауға баса назар аудара отырып, тәуекелге бағдарланған қадағалау моделін қалыптастыруда. Биыл пилоттық режимде жаңартылған модельді сынақтан өткізу аяқталды, сондай-ақ инвесторларды қорғау мен корпоративтік басқаруды бағалау күшейтілді. Аталған модельді бүкіл нарыққа қолдану жоспарлануда.
Биржаның рөлі күшейтіледі және оның реттеушілік функцияларының дербестігі арттырылады. Бүгінде KASE қатысушылар мен эмитенттерді сауда-саттыққа жіберуге, ақпаратты ашуға және сауда-саттық белсенділігіне мониторинг жүргізуге байланысты бірқатар функцияларды орындауда. Келесі қадам биржаның құрылымында тәуелсіз реттеушілік комитет құру болады. Ол шешімдерді биржаның коммерциялық басшылығына тәуелсіз қабылдайды. Бұл ретте нарықта айла-шарғы жасау белгілерінің анықталғаны туралы ақпарат Агенттікке жедел түрде берілетін болады.
«Белгіленген бағыттар нарықты дамытудың негізгі элементтерін, атап айтқанда сұранысты кеңейту мен жаңа эмитенттердің шығуынан бастап инфрақұрылымды дамытуға, инвесторларды қорғауды арттыруға және қадағалауды жетілдіруге дейін қамтиды», – деп атап өтті М. Әбілқасымова.
Барлық міндеттерді іске асыру үшін Бағдарламамен қатар «Капитал нарығы туралы» жаңа Заң әзірленуде. Құжат қолданыстағы нормаларды біріктіріп, жүйелейді және нарықтың тұтас реттеушілік архитектурасын қалыптастырады.
Бағдарлама мен жаңа Заң бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту, бизнес үшін қаржыландыруды тарту мүмкіндіктерін кеңейту және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер жасау үшін заманауи негіз қалайды.
Дөңгелек үстелдің қорытындылары бойынша қатысушылар Қазақстанның капитал нарығын одан әрі жетілдіруге және дамытуға бағытталған ұсыныстар мен практикалық ұсынымдарды тұжырымдады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы