Бір басумен сақтандыру: Қазақстанда бірыңғай цифрлық жүйе жұмыс істейді

Бір басумен сақтандыру: Қазақстанда бірыңғай цифрлық жүйе жұмыс істейді

Бүгінгі күні сақтандыру нарығында толыққанды цифрлық инфрақұрылым қалыптасты. Дәйекті сақтандыру статистикасының орталықтандырылған көзі - Бірыңғай сақтандыру дерекқоры (БСДҚ) құрылды. Сақтандырудың мiндеттi сыныптары бойынша қызмет көрсетудiң толық циклi - шарт жасасудан сақтандыру төлемiн алуға дейiн цифрландырылған.

2024 жылдан бастап елеусіз ЖКО бойынша жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей сақтандыру төлемін алуға мүмкіндік беретін «Еурохаттама» цифрлық сервисі жұмыс істейді. Бұл реттеу мерзімін қысқартуға және тұтынушылардың әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ерікті сақтандыру саласында онлайн-сату және цифрлық реттеу әзірге онша кең қолданылмайды.

Цифрландырудың келесі кезеңі клиенттің сақтандыруды сатып алудан төлемді алуға дейінгі бірыңғай цифрлық жолын құру болады. Бұл бастамалар «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасында қамтылған. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарық қатысушыларымен және сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп әзірледі.

Электрондық құжаттарға бірыңғай талаптар белгіленетін болады. Электрондық шарт сақтандырудың жаппай түрлері үшін негізгі форматқа айналады. Тұтынушы үшін сақтандырумен байланысты көптеген мәселелерді сақтандыру ұйымының кеңсесіне бармай және көптеген қағаз құжаттарды жинамай, онлайн шешуге болатынын білдіреді. Полисті сатып алу, сақтандыру жағдайы туралы хабарлау, қажетті құжаттарды тапсыру және төлемді алу оңай және тез болады.

Бір мезгілде деректер базасы ретінде ғана емес, сондай-ақ сақтандыру ақпаратымен қауіпсіз алмасуға арналған бірыңғай инфрақұрылым ретінде де БСДҚ дамитын болады. БСДҚ міндетті сақтандырудың барлық шарттары бойынша бірегей нөмірлер береді. Бұл сақтандыру жағдайларын реттеудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Жалпы стандарттар мен API пайдалану деректер сапасын арттыруға және нарыққа қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Осының негізінде күмәнді сақтандыру жағдайларын және әдеттегіден тыс іс-қимылды автоматты түрде анықтау құралдарын енгізу жоспарлануда.

Болашақта клиенттің келісімімен сақтандыру ұйымдары, банктер, делдалдар мен цифрлық платформалар өзара іс-қимыл жасай алатын ашық цифрлық сақтандыру экожүйесін құру жоспарланып отыр. Сақтандыру маркетплейстері мен цифрлық платформалар үшін бірыңғай ережелер пайда болады, олардың көмегімен тұтынушы сақтандыру шарттары мен құнын салыстырып, оның сұраныстарына неғұрлым жауап беретін сақтандыру шешімінің нұсқасын таңдай алады.

Цифрлық трансформация сақтандыру өнiмдерiн сатып алуға қол жеткiзудi жеңiлдетуге тиiс. Тұтынушылар сақтандыру қызметтерін бір түсінікті цифрлық процесте - полисті таңдаудан және сатып алудан сақтандыру жағдайын реттеуге және төлем алуға дейін ала алады. Бұл мерзім мен шығыстарды қысқартуға, процесті неғұрлым ашық етуге және жаңа цифрлық сақтандыру өнімдерінің пайда болуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz