Қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы

Қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы

Қазақстанда еңбек міндеттерін атқарған кезде қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (бұдан әрі – ЖОМС) жүйесінің реформасы жоспарлануда. Реформа әділ тарифтік модель құруға және қызметкерлерді әлеуметтік қорғау жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған бастамалар «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының» жобасына енгізілген. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарыққа қатысушылар мен сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірледі.

Негізгі өзгерістердің бірі тәуекелге бағдарланған тариф белгілеуге көшу болады. Қазіргі уақытта сақтандыру құны белгілі бір жұмыс берушінің дербес ерекшеліктерін толық көлемде ескере бермейді. Жаңа модельде базалық мөлшерлеме кәсіптік тәуекелге, ал полистің түпкілікті құны кәсіпорынның өзінің көрсеткіштеріне байланысты болады. Есептеу кезінде жазатайым оқиғалардың жиілігі мен ауырлығы, төлемдердің тарихы, еңбек жағдайлары және өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі расталған шаралар ескерілетін болады.

Бұл еңбек қауіпсіздігі мен сақтандыру құны арасында тікелей байланыс орнатады: өндірістік тәуекелдерді жүйелі түрде азайтып отыратын жұмыс берушілер жеңілдіктер ала алады, ал жарақат алу деңгейі жоғары болған кезде сақтандыру құны ұлғаяды. Бұл ретте жеңілдіктер мен үстемеақыларды қолданудың бірыңғай қағидалары тарифтерді негізсіз төмендетуді болдырмауға мүмкіндік береді.

Тарифтерді есептеу тәуелсіз актуарлық бағалауға сүйенетін болады. Орталық актуарий базалық мөлшерлемелерді есептейді, тарифтер мен сақтандыру резервтерінің жеткіліктілігін бағалайды, сондай-ақ тарифтік дәліздердің өлшемдерін тұрақты түрде қайта қарайтын болады. Сақтандыру ұйымдары нақты шарттың құнын белгіленген шектерде дербес түрде анықтай алады, бірақ тарифтердің жалпы әдіснамасы мен шекараларын реттеуші айқындайды.

Сондай-ақ, ЖОМС-тың қолданыстағы міндеттемелерін екі контурға бөлу мәселесін пысықтау ұсынылады.

Біріншісі тікелей өндірістік жарақаттар кезіндегі сақтандыру төлемдерін қамтитын болады, олар: еңбек қабілеттілігінен айырылған кездегі өтемақы, емдеу және оңалту шығыстары, сондай-ақ асырауындағы адамдарға төленетін төлемдер.

Екіншісі зейнетақы алдындағы  аннуитеттік төлемдерді қоса алғанда, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді ұзақ мерзімді әлеуметтік қорғау үшін құрылуы мүмкін. Мұндай бөлу қаржыландыру көздері мен қаражаттың мақсатын нақты анығырақ айқындауға, сондай-ақ жүйенің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа модельге көшу қызметкерлердің бұрыннан иеленген құқықтарын ескере отырып жүзеге асырылатын болады. Жүйе өзгергенге дейін барлық қолданыстағы шарттар мен міндеттемелер толық көлемде орындалады. Жаңа модельге көшуден бұрын қолданыстағы шарттарға түгендеу жүргізіледі және алушылардың әртүрлі санаттары үшін жекелеген өтпелі тетіктер әзірленеді.

Жүйеге қатысушылар жауапкершілігінің аражігі де нақты ажыратылады. Агенттік реттеу мен қадағалауға, Орталық актуарий тәуелсіз есептеулер мен қаржылық орнықтылықты бағалауға, ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекті қорғау, өндірістік жарақаттануды есепке алу мәселелеріне және тиісті салалық деректерге жауапты болады. Сақтандыру ұйымдары шарттар жасайды, резервтер қалыптастырады және сақтандыру төлемдерін жүзеге асырады.

Нәтижесінде реформа өндірістік жарақаттанудың алдын алу мен сақтандыру құны арасындағы байланысты күшейтуге, ЖОМС-тың орнықтылығын арттыруға және қызметкерлерді неғұрлым сенімді қорғауды қамтамасыз етуге тиіс. Жұмыс берушілер үшін бұл сақтандыру шығындарының объективті қалыптасуын, ал қызметкерлер үшін өндірістік жарақаттар мен ұзақ мерзімге еңбек ету қабілетінен айрылу кезіндегі міндеттемелерді орындаудың неғұрлым орынқыт жүйесін білдіреді.

Тұтастай алғанда, 2024 жылы ЖОМС шеңберінде сақтандыру тарифтерін өзгертпей, зардап шеккен қызметкерлерді оңалту тетіктері мен қосымша сақтандыру төлемдерінің енгізілуіне байланысты 2026 жылдың басында нарық бойынша шығындылықтың орташа деңгейі 55%-ға, ал жекелеген сақтандырушыларда 80%-ға жетті.

2025 жылы іс жүзінде 45,2 млрд теңге, оның ішінде зейнетақы алдындағы аннуитеттер бойынша – 7,2 млрд теңге төленді, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 3 еседен астам мөлшерге артық. Орын алған сақтандыру жағдайлары бойынша күтілетін төлемдердің көлемі 285,7 млрд теңгені, оның ішінде зейнетақы алдындағы аннуитеттер бойынша 34,6 млрд теңгені құрайды, бұл 2023 жылғы деңгейден 61%-ға артық.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz