Қазақстанда тұрғынжайды табиғи апаттардан міндетті сақтандыруды енгізу жоспарлануда

Қазақстанда тұрғынжайды табиғи апаттардан міндетті сақтандыруды енгізу жоспарлануда

Қазақстанда азаматтардың тіркелген тұрғынжайларын жер сілкіністерінен, су тасқынынан (су басудан) және табиғи сипаттағы орман өрттерінен міндетті сақтандыруды енгізу жоспарлануда. Тиісті өзгерістер «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасында қамтылған. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарық қатысушыларымен мен Ұлттық Банк және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірледі.

Жаңа жүйе азаматтарға жойқын табиғи апаттар кезінде кепілдендірілген қаржылық қолдауды қамтамасыз етуге арналған. Бүгінгі таңда ірі табиғи апаттардан кейін тұрғынжайды қалпына келтіру көбінесе бюджет немесе азаматтардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, апатты тәуекелдер шығындардың ауқымы мен жоғары шоғырлануымен ерекшеленеді, сондықтан олар ұжымдық сақтандыру мен қайта сақтандыруды қажет етеді.

Халықаралық тәжірибені, оның ішінде Түркия, Испания және Францияның тәжірибесін ескере отырып, апаттық қаупі бар аймақтарда жүйені кезең кезеңімен енгізу ұсынылады. Бірінші кезеңде ол үш өңірде пилоттық режимде іске қосылады, содан кейін оны еліміздің 16 өңіріне тарату жоспарлануда.

Жыл сайынғы сақтандыру жарнасын нақты өңірдегі тәуекел деңгейіне байланысты халық үшін қолжетімді деңгейде – жылына шамамен 2-ден 20 мың теңгеге дейін белгілеу жоспарлануда. Сақтандыру жағдайы басталған кезде төлем төленген жарнаның 500 еселенген мөлшерін құрайды және оқиға расталғаннан кейін бес күн ішінде жүргізілетін болады. Бірінші кезеңде қаражат зардап шеккендердің бірінші кезектегі шығындарын өтеуге  арналған. Болашақта қаражаттың жинақталуына қарай бүлінген тұрғынжайды қалпына келтіруге немесе жаңа баспана сатып алуға мүмкіндік беретін төлемдерге көшу мүмкіндігі қарастырылады.

Жүйенің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін Тұрғынжайды міндетті сақтандыру қоры құрылады. Ол міндетті жарналарды жинайды, резервтер қалыптастырады, төлемдерді ұйымдастырады және апаттық тәуекелдерді қайта сақтандырады.

Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікті ерікті сақтандырудың барлық шарттарына апаттық тәуекелдерді өтеуді қосу ұсынылады. Сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін сақтандыру ұйымдары қайта сақтандыру шеңберінде Қорға беретін болады. Нәтижесінде ерікті полисі бар тұрғынжай иесі өзінің сақтандыру ұйымынан өтемақыға қосымша қордан тіркелген төлем ала алады.

Қор акционерлік капитал мен қайта сақтандыру сыйлықақылары есебінен қаражат жинайтын үш жылдық кейінге қалдыру кезеңі көзделеді. Ол аяқталғаннан кейін тұрғынжай иелері жыл сайын міндетті сақтандыру сыйлықақыларын төлей бастайды және олардың тұрғынжайлары табиғи апаттардан зақымданған жағдайда Қор сақтандыру төлемдерін жүзеге асырады.

Реформа тұрғынжайды табиғи апаттардан қаржылық қорғаудың орнықты жүйесін құруға, зардап шеккендерге көмек көрсетуді жеделдетуге және төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Анықтама үшін: 2026 жылғы 1 тамызға мүлікті залалдан сақтандыруды 14 сақтандырушы жүзеге асырады; сыйлықақылар 190 млрд теңгені (2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6%-ға өсті), төлемдер – 50 млрд теңгені (-4%) құрады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz