
Қазақстанда шетелдік сақтандыру ұйымдарының филиалдарын сақтандыру нарығына жіберу шарттарын ырықтандыру жоспарлануда.
Бұл шаралар «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасында қамтылған. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк нарық қатысушыларымен және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірледі.
Бүгінгі таңда нарықта 25 сақтандырушы жұмыс істейді, оның ішінде 9-ы шетелдік қатысумен; шетелдік сақтандырушылардың филиалдары жоқ, бұл ретте оларды ашу үшін бейрезиденттің кемінде 5 млрд АҚШ доллары активтері болуға тиіс.
Нарықтың әлеуетті қатысушысының сенімділігіне басты назар аударылатын тәуекелге бағдарланған тәсілге көшу ұсынылады. Шешім қабылдау кезінде бас ұйымның қаржылық орнықтылығы мен капиталының жеткіліктілігі, халықаралық кредиттік рейтинг, меншік құрылымының ашықтығы, корпоративтік басқару мен тәуекелдерді басқару сапасы, сондай-ақ шыққан елдегі қадағалаудың тиімділігі ескерілетін болады.
Реформа шеңберінде еліміздің аумағында филиал ашу үшін талап етілетін шетелдік сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтерінің ең төменгі шегі қайта қаралатын болады, филиал ашуға ниет білдірген шетелдік компанияда сақтандырудың барлық салалары мен сыныптарында сақтандыру қызметін жүзеге асырудың 10 жылдық тәжірибесі туралы талап алып тасталды.
Халықаралық кредиттік рейтингі «А-»-тен төмен емес шетелдік сақтандыру ұйымдарының филиалдары үшін лицензиялаудың оңайлатылған тәртібін енгізу жоспарлануда. Егер қажетті ақпарат халықаралық сақтандыру тобының есептілігінде болса немесе шетелдік реттеушіге қолжетімді болса, оның дұрыстығын тексеру мүмкіндігі болған жағдайда оны қайта ұсыну талап етілмейді.
Бұл ретте рәсімдерді оңайлату нарыққа автоматты түрде кіруді білдірмейді. Реттеуші қосымша ақпарат сұрату, жеке шарттар белгілеу немесе елеулі реттеуші тәуекелдер болған кезде лицензия беруден бас тарту мүмкіндігін сақтайды.
Нарыққа шыққаннан кейін шетелдік сақтандыру ұйымдарының филиалдары қазақстандық сақтандырушылармен тең шарттарда жұмыс істейтін болады және төлем қабілеттілігіне, активтер мен міндеттемелерге, ақпаратты ашуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды қоса алғанда, жергілікті заңнама талаптарын сақтайтын болады.
Жаңа жағдайлар қазақстандық сақтандыру нарығының халықаралық қатысушылар үшін тартымдылығын арттырады, бәсекелестікті күшейтеді және азаматтар мен бизнес үшін сақтандыру өнімдері мен қызметтерін таңдауды кеңейтеді деп күтілуде.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы