Қазақстанда орталық актуарий пайда болады

Қазақстанда орталық актуарий пайда болады

Қазақстанда Орталық актуарий құрылады, бұл – тәуелсіз мамандандырылған институт, ол сақтандыру нарығы мен зейнетақы жүйесі үшін актуарлық сараптама орталығы болады. Бұл бастама «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасына енгізілген. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк нарыққа қатысушылармен және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірледі.

Бүгінде елімізде 69 лицензияланған актуарий жұмыс істейді. Сақтандыру нарығының дамуына, 17 ХҚЕС енгізілуіне және тәуекелге бағдарланған реттеуге көшуіне қарай сапалы және салыстырмалы актуарлық есептеулерге деген қажеттілік артып келеді. Орталық актуарий нарықтағы актуарлық сараптаманың сапасы мен сенімділігін арттыра отырып, тәуекелдер мен ұзақ мерзімді міндеттемелерді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыратын болады.

Бұдан басқа, Орталық актуарий тәуекелдердің нақты деңгейі мен болашақ төлемдерді ескере отырып, олардың экономикалық негізділігі мен әділ баға белгіленуін қамтамасыз ете отырып, сақтандырудың міндетті сыныптары бойынша тарифтерді есептеуге және қайта қарауға қатысатын болады.

Есептеулердің сапасын арттыру үшін иесіздендірілген деректердің бірыңғай салалық негізін құру жоспарлануда. Орталық актуарийдің жүйесі Бірыңғай сақтандыру дерекқорымен интеграцияланатын болады, бұл тәуекелдерді, тарифтерді және сақтандыру міндеттемелерін бағалау үшін өзекті және салыстырмалы ақпаратты пайдалануға мүмкіндік береді.

Осы деректердің негізінде жыл сайын тариф белгілеу, сақтандыру резервтері және сақтандыру және зейнетақы секторларының ұзақ мерзімді тұрақтылығы мәселелері бойынша актуарлық есеп пен тәуелсіз талдау дайындау жоспарлануда.

Жеке бағыт – актуарий мамандығын дамыту. Орталық актуарий кәсіби стандарттарды әзірлеуге, білім беру бағдарламаларын қолдауға және актуарийлердің ұлттық тізілімін құруға қатысады. Мамандарды даярлау қызмет көрсетуден түскен кірістер есебінен де қаржыландырылатын болады.

Жаңа институт құру актуарлық сараптаманың сапасы мен тәуелсіздігін арттыруға, тарифтік шешімдердің негізділігін жақсартуға және сақтандыру және зейнетақы жүйелерін ұзақ мерзімді дамыту үшін бірыңғай талдамалық негіз құруға мүмкіндік береді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz