Міндетті сақтандыру шарттары тұтынушы үшін икемді әрі түсінікті болады

Міндетті сақтандыру шарттары тұтынушы үшін икемді әрі түсінікті болады

Қазақстанда міндетті сақтандыруды азаматтар мен бизнес үшін неғұрлым түсінікті, ал сақтандыру қорғанысын – икемді және нақты тәуекелдерге сәйкес ету мақсатында оған деген тәсілдерді өзгерту жоспарлануда. Қажетті өзгерістер «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасында қамтылған. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарық қатысушыларымен және сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп әзірледі.

Бүгінгі таңда елде сақтандырудың 8 міндетті және 10 жүктелген түрі қолданыста. Бұл ретте олар әртүрлі реттеледі: міндетті түрлер үшін сақтандыру шарттары арнайы заңдармен белгіленеді, ал жүктелген түрлер үшін – сақтандыру объектісі, тәуекелдер мен сақтандыру сомаларының ең төменгі мөлшері заңмен реттеледі, ал өзге шарттар тараптардың келісімі бойынша шартта айқындалады.

Міндетті сақтандырудың бірыңғай моделіне көшу ұсынылады. Сақтандыру қорғанысының негізгі қағидалары мен кепілдіктері тікелей заңда бекітіледі, ал экономикалық жағдайға және тәуекелдердің өзгеруіне тәуелді өлшемдер заңға тәуелді актілер мен шарт талаптары деңгейінде реттелетін болады.

Сақтандыру құнын айқындау тәсілі өзгереді. Міндетті сақтандыру түрлері үшін тәуекелге бағдарланған тарифтер белгілеуді енгізу ұсынылады. Сақтандыру компаниялары полистің құнын реттеуші белгілеген тарифтік дәліз шегінде клиенттің жеке тәуекел деңгейін ескере отырып айқындай алады. Тарифтік дәліздер Орталық актуарийдің тәуелсіз актуарлық бағалауы негізінде есептеліп, тұрақты түрде қайта қаралып отырады.

Сонымен қатар, жүйені сақтандыру қорғанысының жаңа түрлері есебінен біртіндеп кеңейту жоспарлануда. Бірінші кезеңде тұрғын үйді жер сілкінісінен, су тасқынынан (су басудан) және табиғи орман өрттерінен міндетті сақтандыруды енгізу ұсынылады. Тұрғын үй иелері үшін бұл үйі немесе пәтері елеулі зақымданған немесе жойылған жағдайда алдын ала көзделген қаржылық қолдау механизмінің пайда болуын білдіреді. Сақтандыру жағдайы басталған кезде азамат сақтандыру төлеміне үміт арта алады және қалпына келтіру шығындарын тек өз қаражаты есебінен толық өтеуге немесе тек мемлекеттің көмегіне ғана сенуге мәжбүр болмайды.

Сондай-ақ, Қазақстанға келетін шетелдік туристер үшін міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Сақтандыру полисі шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмекті, медициналық тасымалдауды және репатриацияны қамтиды деп болжануда. Сақтандырудың бар екенін сақтандыру және мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылы арқылы цифрлық форматта растау жоспарланып отыр, бұл қағаз құжаттардың санын азайтуға және полисті тексеруді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте міндетті сақтандырудың жаңа түрлері автоматты түрде енгізілмейді. Әрбір шешім қабылданғанға дейін актуарлық бағалау жүргізіледі: сақтандырылушылар мен тәуекелдер шеңбері, қажетті жабын көлемі, сақтандыру жарналарының қолжетімділігі және тәуекелдерден қорғаудың қолданыстағы тетіктерінің бар-жоғы айқындалады. Бұл артық талаптарды туындатпауға және шығындарды тұтынушыға жүктемеуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, реформа міндетті сақтандырудың ресми талап емес, қаржылық қорғаныстың түсінікті құралына айналуына бағытталған. Азаматтар үшін бұл ең алдымен неғұрлым нақты қағидалар, ірі тәуекелдер туындаған кезде сақтандыру төлемін алу мүмкіндігі және табиғи апаттардан қосымша қорғаныстың пайда болуы дегенді білдіреді. Бизнес үшін бұл – экономикалық жағдайлар мен тәуекелдердің өзгеруіне тезірек бейімдеуге болатын бірыңғай және неғұрлым икемді қағидалар.

Реформаның басты міндеті – қорғаныстың кепілдік берілген ең төменгі деңгейін сақтай отырып, жүйені неғұрлым қарапайым, ашық және адамдардың шынайы қажеттіліктеріне бағдарланған ету болып табылады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz