Қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ағымдағы жылғы 3 тамызда «Қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын талаптарды, іс-қимылды қадағалау субъектісі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды қаржы өнімдерін бекіту, өзгерту және ұсынуды тоқтату туралы хабардар ететін қаржы өнімдерінің тізбесін (мөлшерлемелері мен тарифтері көрсетіле отырып), осындай хабарлау қағидаларын, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесін бекіту туралы» №116 қаулыны қабылдады.

Құжат алдағы уақытта тәуекелге бағдарланған іс-қимылды қадағалау қағидаттары мен тәсілдерін енгізуге бағытталған.

Қаулының мақсаты қаржы өнімін әзірлеуден, ілгерілетуден (жарнамалау), ұсынудан, мониторингтеуден бастап қаржы өнімін ұсынуды тоқтатуға дейін қаржы өнімінің қолданыста болуы циклінің барлық кезеңінде қаржылық қызметтерді тұтынушы – жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Құжатта екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру ұйымдары, бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар мен микроқаржы ұйымдары үшін қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді.

Қаулы талаптарда келтірілген тізбеге сәйкес қаржы өнімдеріне,
сондай-ақ өлшемшарттары талаптарда белгіленген күрделі қаржы өнімдеріне қатысты қолданылады.

Қаулының негізгі элементтерінің бірі тұтынушылардың мүдделері қаржы өнімінің қолданыста болуы циклінің барлық кезеңінде ескерілетін тәсілді енгізу болып табылады. Атап айтқанда, қаржы ұйымдары қаржылық өнімді тұтынушылардың нысаналы тобын айқындауға, тұтынушылар үшін тәуекелдерді бағалауға, өнім шарттарының түсінікті болуын қамтамасыз етуге  және оны ұсынғанға дейін өнімнің тұтынушының мақсаттарына (қажеттіліктеріне) сәйкестігін бағалауға тиіс.

Қаулыда қаржы ұйымдарының қаржы өнімдеріне тұрақты мониторинг жүргізу міндеті енгізіледі. Ол үшін қаржы ұйымдары тұтынушылардың жолданымдарына, шарттардың мерзімінен бұрын тоқтатылу жағдайларына және өнімнің ықтимал кемшіліктерін уақтылы анықтауға және қажетті түзету шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін өзге де көрсеткіштерге талдау жүргізетін болады.

Сондай-ақ, қаржы өнімдерін жарнамалауға және ілгерілетуге қойылатын талаптар белгіленеді. Жарнамада қаржы өнімінің сипаттамалары, құны және тәуекелдері туралы толық ақпарат болуға тиіс және ол тұтынушыларды жаңылыстырмауы керек.

Сондай-ақ, құжат қаржы өнімінің маңызды шарттарын жасыруды немесе бұрмалауды, қосымша қызметтерді жүктеуді немесе алдын ала белгіленген жолдарды пайдалану арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушының қаржы өніміне немесе қосымша қызметке келісімін алуды қоса алғанда, жосықсыз практикалардың алдын алуға бағытталған.

Қаулы қаржы өнімдерін Агенттікпен келісуді көздемейді. Құжат қаржы өнімдері бекітілгеннен, өзгертілгеннен немесе ұсынуды тоқтатқаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қаржы ұйымдары Агенттікті хабардар етуге міндетті болатын қаржы өнімдерінің тізбесін, сондай-ақ осындай хабарлаудың тәртібін айқындайды.

Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қаулының мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz