Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ескертеді: телефон алаяқтығы ақша қаражатын ұрлау мен алаяқтық қарыздарды ресімдеудің кең таралған схемаларының бірі болып қала береді.
Схема қалай әрекет етеді?
Қаскүнемдер азаматтарға телефон шалып, банктік шот бойынша күдікті операциялар, кредит рәсімдеуге талпыныс, банктің мобильдік қосымшасына шабуыл жасау, ақшалай қаражатты жедел қорғау немесе оны «қауіпсіз» немесе «қорғалған» шотқа аудару қажеттігі туралы хабарлайды.
Сенімділікті күшейту үшін алаяқтар клиенттің дербес деректерін айта алады, банктің, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстыра алады, сондай-ақ психологиялық қысым көрсетіп, нұсқауларды дереу орындауды талап ете алады.
Соңғы уақытта екінші мобильді құрылғыны қолдану схемасы жиі қолданылады. Азаматтан түрлі сылтаумен екінші телефонды немесе планшетті пайдалануды, бейнебайланысты қосуды, мобильдік құрылғының экранын көрсетуді, банктің мобильдік қосымшасына кіруді немесе сұхбаттасушының бақылауымен белгілі бір іс-әрекеттерді орындауды сұрайды. Мұндай талаптар алаяқтықтың сипатты белгілерінің бірі болып табылады және банктің мобильдік қосымшасында операциялар жасау кезінде клиенттің әрекеттеріне бақылау алуға бағытталған.
Психологиялық қысымды пайдаланып және шұғыл сезім тудырып не сенімге ие бола отырып, алаяқтар азаматтарды банктің мобильдік қосымшасындағы әрекеттерді өз бетінше орындауға, биометриялық сәйкестендіруден өтуге және ақыр соңында ақша қаражатын жоғалтуға немесе кредитті ресімдеуге әкелетін операцияларды растауға көндіреді.
Алаяқтар қандай сөз тіркестерін жиі пайдаланады?
Мына сөздер сақ болуға себеп болуы тиіс: «Сіздің шотыңыз бойынша күдікті операция жүргізіліп жатыр», «Сіздің шотыңызға қауіп төніп тұр», «Сіздің атыңызға кредит ресімдеуге тырысып жатыр», «Дереу ақшаны қауіпсіз шотқа аударыңыз», «Кредитке өтінімді дереу жою қажет», «Мына сөйлескенімізді ешкімге айтпаңыз», «Әрекетті болдырмау/растау үшін SMS кодын таңдаңыз», «Шотты қорғау үшін қосымшаны орнатыңыз», «Екінші телефонды алып, біздің нұсқауларымызды орындаңыз», «Экран көрсетілімін қосыңыз», «Телефон экранын бейнебайланыс арқылы көрсетіңіз», «Бейнебайланыс арқылы өзіңізді растаңыз».
Нені білу маңызды?
Банк қызметкерлері:
- СМС-кодтарды, push-кодтарды және құпиясөздерді сұратпайды;
- ақшалай қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету үшін оларды басқа шоттарға аударуды сұрамайды;
- банк картасының толық нөмірін және CVV-кодты сұратпайды;
- екінші мобильді құрылғыны пайдалануды, экранды көрсетуді немесе бейнебайланысты қосуды сұрамайды;
- телефон арқылы қысым көрсетпейді және шұғыл әрекеттер жасауды талап етпейді.
Банктердің, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері растау кодтарын хабарлауды, телефон немесе бейнебайланыс арқылы биометриялық сәйкестендіруден өтуді, олардың нұсқауы бойынша қаржылық операцияларды орындауды талап етпейтінін есте сақтаған жөн.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
Мынадай әрекеттерді жүзеге асыру ұсынылады:
- растау кодтарын және дербес деректерді ешкімге хабарламау;
- телефон арқылы белгісіз тұлғалардың нұсқауларын орындамау;
- күмәнді сілтемелерге өтпеу;
- қоңырау шалушы тұлғаның өтініші бойынша қосымшаларды орнатпау;
- бөгде тұлғаларға банктің мобильді қосымшасындағы әрекеттерді бақылауға мүмкіндік бермеу, экранды көрсетуді және бейнебайланысты қоспау;
- белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша екінші мобильді құрылғыны немесе планшетті пайдаланбау;
- күрделі құпиясөздерді және екі факторлы аутентификацияны пайдалану;
- кредиттік тарихты, банк хабарламаларын және шоттар бойынша операцияларды тұрақты түрде тексеріп отыру;
- «Стоп-кредит» сервисін пайдалану;
- күмән туындаған жағдайда банктің интернет-ресурсында немесе төлем картасында көрсетілген ресми телефон нөмірі бойынша банкпен өз бетінше байланысу.
Есте сақтаған жөн: егер сұхбаттасушы қысым көрсетсе, қоқан-лоқы жасаса, сөйлесуді құпия сақтауды немесе шұғыл шешім қабылдауды талап етсе – сөйлесуді дереу тоқтату қажет.
Деректерді хабарлап қойған жағдайда не істеу керек?
Егер алаяқтарға растау коды, карта деректері берілсе немесе ақшалай қаражат аударылса:
- банкке дереу хабарласыңыз;
- картаны және мобильді қосымшаға кіру мүмкіндігін бұғаттаңыз;
- жазысқан хаттарды, телефон нөмірлерін және операциялар туралы ақпаратты сақтаңыз;
- қаскүнемдердің телефон нөмірін «116» нөмірі бойынша хабарлаңыз;
- құқық қорғау органдарына жүгініңіз.
Агенттік азаматтарды қырағылық танытуға және мынаны есте сақтауға шақырады: банктердің, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері ақшалай қаражатты «қауіпсіз шоттарға» аударуды, растау кодтарын хабарлауды, қосымшаларды орнатуды, мобильді құрылғының экранын көрсетуді немесе операцияларды жүргізу үшін екінші құрылғыны пайдалануды талап етпейді.
Телефон алаяқтығынан қорғанудың негізгі тәсілі – қысымға берілмеу, сөйлесуді тоқтату, қаржылық операцияларды орындамау және белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша дербес деректерді бермеу, сондай-ақ ресми байланыс деректері бойынша қаржы ұйымымен өз бетінше байланысу болып табылады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы