Агенттік проблемалық активтерді реттеу тетіктерін күшейтіп, стрестік активтер нарығын дамытады

Агенттік проблемалық активтерді реттеу тетіктерін күшейтіп,  стрестік активтер нарығын дамытады

Астанада «Азиядағы проблемалық кредиттерді реттеу тетіктерін ілгерілету: инновациялар, институттар және нарықтың дайындығы» деген тақырыпта Активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялардың (IPAF) халықаралық форумының 10-шы Халықаралық конференциясы өтті. Алаң мемлекеттік органдардың, бизнестің, сараптамалық және инвестициялық қоғамдастықтың өкілдерін біріктірді.

Конференция аясында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов проблемалық активтер деңгейін төмендетуге және стрестік активтердің толыққанды нарығын қалыптастыруға Қазақстанның көзқарастары туралы баяндама жасады.

Проблемалық активтер деңгейін төмендету үшін тәуекелге бағдарланған қадағалау енгізілгені, оның негізі SREP моделі болып табылатыны атап өтілді. Активтердің сапасын жыл сайынғы бағалау (AQR) банктердің баланстарындағы тәуекелдерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді, ал тұрақты қадағалап стресс-тестілеу қаржы секторының ықтимал экономикалық күйзелістерге төзімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Тәуекел деңгейіне байланысты банктер үшін капитал буферлеріне қойылатын талаптарды ескере отырып, қадағалау үстемеақылары белгіленеді.

Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы қаңтар айында қол қойған «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заңның қабылдануы маңызды кезең болды. Заң реттеу мен қадағалаудың халықаралық стандарттарын одан әрі дамыту үшін негіз жасады.

«Алдын ала қадағалауды құрумен қатар, Агенттік банк баланстарын тазарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізді, бұл 2017 жылдан бастап банк жүйесіндегі стрестік активтердің көлемін екі еседен астам – 7,7 трлн теңгеден 3,1 трлн теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл нәтиже жаңа кезеңге өту үшін қажетті негіз болды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, біз нарықтық қағидаттар бойынша стрестік активтердің толыққанды өтімді нарығын қалыптастыруға кірістік», - деп атап өтті Т.Әбілқасымов.

Осы жұмыс шеңберінде Қазақстанда стрестік активтер нарығының институционалдық және цифрлық инфрақұрылымы дәйекті түрде қалыптастырылды.

Мәселен, 2022 жылы бейрезиденттерді қоса алғанда, жеке инвесторлар стрестік активтерді сатып алу құқығына ие болды, осындай активтерді сенімгерлік басқару жөніндегі сервистік компаниялар институты құрылды және олардың банктердің балансында болуының шекті мерзімдері белгіленді. 2023 жылы резиденттер мен бейрезиденттерге арналған салық төрелігі жойылды, бұл шетелдік капиталды тартуға қолайлы жағдай жасады.

Келесі кезең стрестік активтерді сатып алу-сату процестерін цифрландыру болды. 2024 жылы қайталама нарықтың цифрлық инфрақұрылымы құрылды, оның шеңберінде берілген рұқсаттар негізінде екі аккредиттелген платформа – DMAS және Debex іске қосылды.

Бүгінгі күні аталған алаңдар арқылы 408 аукцион өткізіліп, сатылған активтердің көлемі 310 млрд теңгені құрады. Цифрлық платформалар баға белгілеудің ашықтығын арттыруға және сатушылар мен сатып алушылардың күтуіндегі алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді, бұл проблемалық қарыздар нарығының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

 Соңғы кезең Банктер туралы заңда жаңа пруденциялық  нормаларды бекіту болды. Нәтижесінде қаржы институттарының баланстарында стрестік активтердің болуының ең жоғары мерзімі 3 жылмен шектелді.

Осылайша, стрестік активтермен жұмыс ашық баға белгілеуді, инвесторлар үшін болжамды жағдайларды және қаржы ресурстарын экономикалық айналымға жедел қайтаруды қамтамасыз ететін қатаң реттеуші тәртіп режиміне ауыстырылады.

Нарықты дамытудың келесі негізгі факторы капиталды және институционалдық қатысушыларды тарту ауқымы болады. IPAF алаңы Азиядағы стрестік активтердің жалпы, жоғары өтімді нарығын қалыптастыру мақсатында өңір елдерінің реттеушілері мен инвесторларының күш-жігерін біріктіру үшін мүмкіндіктер жасайды.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz