
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы секторын цифрландыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Suptech және RegTech бастамаларының шеңберінде AFR эконометрикалық пакетінің маңызды жаңартуын – OGPO Insurance Scoring Dataset жаңа деректер жинағын ұсынды. Жаңартылған нұсқасы PyPI және CRAN ашық репозиторийлерінде қолжетімді, бұл қазақстандық қосымшаларды бүкіл әлем бойынша зерттеушілер мен мамандар үшін қолжетімді етеді.
OGPO Insurance Scoring Dataset көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖМ) полистерін скорингтеу міндетін шешу үшін құрылған. Жүйе ЖКО тәуекелін әділ бағалауға және клиенттік базаны сақтай отырып, портфель бойынша төлем коэффициентінің сау деңгейін (~70%) ұстап тұруға көмектесетін модельдерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл әділеттілік қағидатына негізделгені маңызды: тек тәуекелі жоғары жүргізушілер үшін сыйлықақы көтеріледі, ал тәртіпті жүргізушілер сақтандыру шығындарын сақтап қалады немесе тіпті азайтады.
Бұл AFR пакетінің құрамындағы үшінші датасет, ол өз мүмкіндіктерін дәйекті түрде кеңейіп отырады. Бұған дейін оған finratKZ және macroKZ базалары – корпоративтік қарыз алушылардың қаржылық коэффициенттерін және елдегі макроэкономикалық жағдайды талдауға арналған құралдар кірген. Жаңа датасет Агенттік ҚБТУ және «Freedom Finance Insurance» СК» АҚ-пен бірлесіп ұйымдастырған тәуекел-менеджмент бойынша жыл сайынғы үшінші «Risk Management Case Competition» кейс-чемпионатының деректері негізінде дайындалды. Датасет, ең алдымен, тәуекелшілерге, аудиторларға, сондай-ақ студенттерге арналған.
AFR пакеті корпоративтік қарыз алушылардың кредит тәуекелін бағалаудан және макроэкономикалық талдаудан бастап сақтандыру тәуекелдерін модельдеуге дейін қолдану аясын кеңейтті. Агенттік ашық талдамалық құралдарды дамыту және жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологияларын қолдану саласындағы академиялық қоғамдастық пен қаржы секторы арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы: