
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменовтың Қытай Халық Банкінің Төрағасы Пан Гоньшен мырзамен және Қытайдың ұлттық қаржылық реттеу басқармасының басшылығымен кездесуі өтті.
Қытай Халық Банкімен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде банк секторындағы, цифрлық қаржы активтері мен орталық банктердің цифрлық валюталары саласындағы реттеушілер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Агенттік басшысы қытайдың қатысуымен банктердің трансшекаралық сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы реттеуші ортаны қамтамасыз етуге дайындығын атап өтті.
Ұлттық қаржылық реттеу басқармасымен кездесу барысында банк секторы мен сақтандыру нарығын дамыту саласындағы реттеушілер арасындағы өзара іс-қимыл бойынша келіссөздер жүргізілді. Тараптар сақтандыру нарығын дамыту және цифрлық қаржы активтерін реттеу, Қазақстанның аумағындағы Қытайдың еншілес банктерінің қызметін кеңейту мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ әлемнің және Қытайдың ірі банк топтарының басшыларымен кездесулер өтті – Industrial and Commercial Bank of China (ICBC), Agricultural Bank of China (ABC), China Construction Bank (CCB) және Bank of China.
Industrial and Commercial Bank of China активтерінің көлемі бойынша әлемдегі ең ірі банк болып табылады. Олардың жиынтық мөлшері 8 трлн АҚШ долларынан асады. Қазақстанда ICBC қызметінің жоғары даму қарқыны атап өтілді. Елдегі банк активтері 900 млрд теңгеден асып, 2 жыл ішінде 2,5 есе ұлғайды, бұл оның Қазақстан Республикасының экономикасын қаржыландырудағы өсіп келе жатқан рөлін көрсетеді.
Қазақстандағы ICBC еншілес банкі экономиканы қаржыландыруға белсенді қатысады, соңғы екі жылда оның жалпы сомасы шамамен 500 млрд теңгені құрады, оның ішінде тікелей кредиттеу 260 млрд теңгеден асты, ал бағалы қағаздарға инвестициялар шамамен 230 млрд теңгені құрады. «Самұрық-Қазына» қоры, «Бәйтерек» холдингі, Қазақстанның Даму Банкі, «Қазақтелеком» АҚ және т.б. қоса алғанда, Қазақстанның даму институттары мен ұлттық компанияларын қаржыландыру басты жобалар болып табылады.
Агенттік Басшылығы ICBC компаниясының Қазақстан капитал нарығын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Банк Қазақстан Республикасының егеменді панда-бондтарын орналастыруды ұйымдастырушылардың бірі болды, сондай-ақ Қаржы министрлігінің көлемі 700 млн юань (50 млрд теңге) үш жылдық облигацияларын 1,9% мөлшерлемемен сатып алды. Бұдан басқа, ICBC ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламаларды іске асыру үшін көлемі 3 млрд юань (213 млрд теңге) «Самұрық-Қазына» АҚ-тың панда-бондтарын орналастыруға жәрдем көрсетті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның экономикасын қаржыландыру көлемін ұлғайтуды, инвестициялар тартуды және капитал нарығы құралдарын дамытуды қоса алғанда, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілігін растады.
Жұмыс сапары барысында жаһандық активтері 4 трлн АҚШ долларынан асатын, ал банктің өзі әлемнің 62 елінде ұсынылған Bank of China басшыларымен кездесу өтті.
Төраға Әбілқасымова банк экономиканы қаржыландыруға белсенді қатысып, Қазақстанда 30 жылдан астам табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. 2025 жылдың басынан бастап Қазақстандағы Қытай банкінің активтері екі есеге артып, 800 млрд теңгеге жетті. Банк стратегиялық жобаларды, оның ішінде «Қазақтелеком» АҚ, «Семізбай-U» ЖШС, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ және басқа жобаларға кредит береді. Тараптар Қазақстанда инвестициялық және кредиттік қызметті одан әрі дамыту туралы уағдаластыққа келді.
Сапар шеңберінде сондай-ақ активтері 6 трлн АҚШ долларынан асатын, әлемдегі үшінші ең ірі банк болып табылатын China Construction Bank басшылығымен кездесу өтті. Тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын, соның ішінде қаржы секторында ЖИ технологияларын қолдануды, сондай-ақ банктік қызметтерді цифрландыру саласында тәжірибе алмасуды және бірлескен бастамаларды дамытуды талқылады.
Ұзақ мерзімді қаржыландыруды тарту және CCB-дің халықаралық сараптамасы мен қаржылық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Agricultural Bank of China және China Banking Association (Қытайлық банк қауымдастығы) басшылығымен кездесу өтті, онда тараптар болашақта ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында қытайлық қатысуы бар үш банк: Altyn Bank, Қазақстандағы Қытай Банкі және Алматыдағы Қытай Сауда-өнеркәсіп Банкі жұмыс істейді. Қытайлық еншілес банктер активтерінің жалпы көлемі 2,8 трлн теңгені немесе банк жүйесінің жиынтық активтерінің 3,8%-ын құрайды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы