Жауапты кредиттеу және қаржы ұйымдары үшін жаңа ойын қағидалары

Жауапты кредиттеу және қаржы ұйымдары үшін жаңа ойын қағидалары

Қоғамның және нарық қатысушыларының іс-қимылды  қадағалауды енгізуге жоғары қызығушылығына байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан келіп түсетін ең өзекті мәселелерді қорытындылады.

Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов алдын алу тәсілі, менеджерлерді марапаттау жүйелерін қайта қарау және азаматтарды міндеттелген  қызметтерден қорғау туралы негізгі сұрақтарға жауап берді.

 

– Неліктен реттеуші дәл қазір қадағалау тәсілін өзгертуде және кредиторлардың азаматтар алдындағы жауапкершілігіне қойылатын жаңа талаптар қандай?

Нарықтың негізгі сигналы өте қарапайым: қаржы институттарының бизнес-модельдері азаматтардың салғырттығына  негізделмеуі керек. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау әрқашан біздің басты міндетіміз болды және біз адамдарға күн сайын кредиторлармен арадағы проблемаларын шешуге көмектесеміз. Бірақ цифрландыру жылдамдығы жаңа шарттарды белгілейді. Енді сіз смартфон арқылы бірнеше минут ішінде кредит немесе қызметке жазыла аласыз. Сондықтан біз проблемалардың пайда болуына дейін олардың алдын алуға баса назар аударамыз және іс-қимылды қадағалауды біртіндеп дамытамыз. Егер классикалық қадағалау қаржылық орнықтылық пен нормативтердің орындалуын бағалайтын болса, онда іс-қимыл барлық кезеңдерде айла-шарғы мен өнімдерді таңуды қоспағанда, институттардың клиентке деген көзқарасына негізделеді.

Біз қаржы ұйымдарынан өздерінің күнделікті процестеріне жауапты кредит беру тұжырымдамасын енгізуді талап етеміз. Кредитор  тек қарыз беріп қана қоймай, бұл қарыздың адамның өміріне қалай әсер ететінін егжей-тегжейлі есептеуге міндетті. Егер бұрын біз негізінен борыш жүктемесі коэффициентін пайдаланған болсақ, онда өткен жылдан бастап жекелеген банктер үшін жеке тұлғалардың дефолт деңгейі бойынша жаңа нысаналы бағдарларды енгіздік. Біз  қарыздарға байланысты қиындықтарға тап болған адамдар санының өсуіне жол бермеу үшін тәуекелді қарыздарға қатысты мәселені төмендеткіміз келеді. Бұл жағдайда біз БЖК-тен бас тартпаймыз, керісінше кішігірім кемшіліктерді жүйелі түрде түзетеміз.

 

– Цифрлық ортаға көшу қызметтерді ресімдеуді өте жылдам етті, бірақ кейде бұл адамның өзіне байқамай артық сервистерді сатып алуына әкеліп соғады. Жаңа ережелер азаматтарды таңылған жазылымдардан қалай қорғайды?

Шынында да, кредит немесе жазылым бірнеше рет басылған кезде жылдамдықтың ашықтыққа нұқсан келтірмеуі маңызды. Біз қаржы ұйымының клиенті шешімдерді автоматты түрде емес, саналы түрде қабылдағанын қалаймыз.

Сондықтан да біз алдын ала қойылған белгілерді пайдалануға тікелей тыйым салдық. Қаржы ұйымының бұдан былай әдеттегі қалып бойынша ақылы қызметтерге немесе сақтандыруға келісім белгісін қоюға құқығы жоқ. Егер клиентке қосымша қызмет қажет болса, ол оны дербес таңдауы тиіс.

Біз сондай-ақ сақтандыру өнімдерін ресімдеу кезінде таңдау еркіндігіне ерекше назар аударамыз. Нақты компанияның полисін баламасыз таңу немесе оның құнын кредит сомасына автоматты түрде қосу практикасына жол берілмейді. Егер қарыз алу үшін сақтандыру талап етілсе, қарыз алушы кез келген тиісті ұйымға полис беруге құқылы. Дайын шешім болмаған кезде кредитор таңдауға тәуелсіз сақтандырушының нұсқаларын ұсынуға міндетті. Бұл ретте кредиттің өзінің негізгі өлшемдері жасалған таңдауға байланысты нашарлай алмайды.

Егер азамат шұғыл шешім қабылдаса, оның сақтандырудан бас тарту бойынша заңды құқығы 14 күн ішінде сақталады. Бұл жағдайда сақтандырушы төленген сақтандыру сыйлықақысын сақтандырудың қолданылу кезеңіне келетін бөлігін, сондай-ақ шартты бұзуға байланысты, мөлшері сақтандыру сыйлықақысының 10%-нан аспайтын шығыстарды шегергенде қайтаруға міндетті.

 

– Цифрлық қызметтердің танымалдығына қарамастан, халықтың бір бөлігі бұрынғысынша бөлімшелердегі қарыздарды ресімдейді. Менеджерлер сату жоспарларын орындау үшін артық қызметтерді ұдайы ұсынатын жағдайлар да кездеседі. Реттеуші қызметкерлерді ынталандырудың осындай жүйесімен күресуді жоспарлай ма?

Иә, бұл біз жоятын негізгі себептердің бірі. Қосымша өнімдерді таңу көбінесе көтермелеудің дұрыс жолға қойылмаған жүйесіне байланысты болады. Қызметкердің бонусы сатылған сақтандырулардың немесе берілген кредиттердің санына ғана байланысты болса, клиенттің мүдделері екінші жоспарға өтеді.

Енді біз қаржы ұйымдарынан сыйлықақы беру тәсілдерін қайта қарауды талап етеміз. Ынталандыру жүйесі менеджерлерді адамға қажеті жоқ өнімді сатуға немесе кредиттің нақты құнын жасыруға итермелемеуі тиіс.

Қызметкер сыйлықақысының мөлшері жан-жақты бағаланады. Қаржылық көрсеткіштер табыстың жалғыз өлшемі болуды тоқтатады. Кредиторлар сату көлемімен қатар қызмет көрсету сапасын, адал іс-құмыл қағидаттарын сақтауды және клиенттердің шағымдарының серпіні ескеруге міндетті болады. Егер агрессивті сату немесе жаңылыстыру фактілері анықталса, қаржы ұйымы шаралар қолдануға міндетті. Біздің міндетіміз – қызметтерді мәжбүрлеп көрсетуді ұсынуды  персонал үшін  экономикалық тұрғыдан тиімсіз ету.

 

– Қатаң нормативтік тыйымдар енгізілгеніне қарамастан, нарық өте әртүрлі және әрбір қаржы ұйымының клиенттерге деген көзқарасы бар. Реттеуші барлық қатысушыларды бірыңғай сапа стандартына қалай жеткізуді және жаңа ережелердің іс жүзінде жұмыс істеуін және тек қағаз жүзінде қалмауын қалай жоспарлайды?

         Біздің жинақтаған тәжірибеміз біздің іс-әрекеттерімізде қадам артынан қадам жасайтынымызды көрсетеді. Бұл бізге жалпы қадағалау практикасынн жүйелі түрде құруға мүмкіндік береді, сондықтан жаңа тәсілдер тек қағаз жүзінде қалмайды. Нарық біздің күтулерімізді түсінуі үшін біз адал іс-қимыл мен жауапкершілікпен кредит беру қағидаттарын сақтау бойынша Нұсқау дайындадық. Бұл бүкіл нарыққа арналған әдіснамалық бағдар ретінде әрекет ететін егжей-тегжейлі құжат. Біз жалпылама талаптардан бас тартамыз және қаржы институттарына дұрыс тәсіл деп санайтын және айла-шарғы деп танылатын нәрселердің айқын көрінісі мен нақты мысалдарын береміз.

Нұсқауда күтілетін және қабылданбайтын практикалардың нақты көрсеткіштері мен өмірлік мысалдары жинақталған. Біз бұл құжатты компаниялардың өз процестерін өз бетінше бағалауы және кемшіліктерді уақытында түзетуі үшін ыңғайлы құрал ретінде қарастырамыз.

Бұл жағдайда бір түйінді түсіну маңызды. Нұсқау ұсынымдық сипатта болса да, біз нарық қатысушыларының аталған тәсілдерді қалай енгізетінін мұқият талдайтын боламыз. Мұндай бағалаудың нәтижелері нақты қаржы ұйымындағы қаржы өнімдерін басқару сапасы туралы қорытындыларымызға және одан әрі құқықтық актілер деңгейінде қосымша талаптарды енгізуге тікелей әсер етеді.

 

– Жаңа Нұсқаулық қандай бөлімдерден тұрады және реттеуші қаржы институттарына қандай нақты талаптар қояды?

Құжаттың құрылымы жауапты кредиттеу стандарттарын, ақпаратты ашу мен ашықтықты қамтамасыз етуді, өтініштерді қарау тәртібін, жүйелі бұзушылықтарды превентивті жою тетіктерін, сондай-ақ интерфейстерді жобалауға және манипуляциялық практикаларға жол бермеуге қойылатын талаптарды қамтиды.

Жауапты кредиттеу шеңберінде қарыз өлшемдерін сатып алынатын активтің өмірлік циклімен қатаң үйлестіру күтілетін практика болып танылады. Егер жылжымайтын мүлікті немесе автокөлікті сатып алуға қарыз рәсімделсе, өтеу кестесі осы объектілердің ұзақ қызмет ету мерзіміне сәйкес келеді. Керісінше, смартфон сатып алуға немесе қысқа мерзімді демалысты төлеуге көпжылдық кредит беруге жол берілмейтін практика болып танылады және негізсіз кредиттік ынталандыру ретінде біліктілігі анықталады.

Ақпаратты ашу және цифрлық өзара іс-қимыл бөлігінде клиент өнімнің толық құнын нақты көруі үшін шартқа қол қойылған сәтке дейін түсінікті негізгі ақпараттық құжатты ұсыну күтілетін практика болып табылады. Алдын ала белгіленген құсбелгілерді пайдалану немесе қарыз алушының нақты тәуекелдеріне сәйкес келмейтін сақтандырумен қамтуды таңуды қоса алғанда, манипуляциялық интерфейстерді қолдану жол берілмейтін әрекеттің мысалы болып табылады.

Азаматтардың өтініштерін және үздік практикаларды талдау негізінде нарық үшін нақты мысалдардың тізбесі дайындалды. Құжат жүйелі түрде толықтырылып отырады, ал біздің басты міндетіміз – азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ету және қаржылық өнімдерді әрбір адам үшін ашық әрі түсінікті ету.