Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы

Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы

Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстың басым бағыттарының бірі болып табылады.

Заманауи алаяқтық схемалар кешенді сипатта орын алып отыр  және әлеуметтік инженерия, қашықтан кредиттеу, шоттарды пайдалану, зиянды бағдарламалық қамтылым және бірнеше қаржы ұйымдары арқылы бірінен соң бірі ақша шығарып алу әдістерін біріктіреді. Мұндай жағдайда алаяқтыққа қарсы іс-қимыл кешенді ведомствоаралық тәсілді талап етеді.

Соңғы жылдары Қазақстанда алаяқтық кредиттердің алдын алу, клиенттерді күшейтілген сәйкестендіру, күдікті операцияларды анықтау және бұғаттау, ұрланған ақша қаражатын шығару арналарының жолын кесу және зардап шеккен азаматтарды қорғау жөніндегі шараларды біріктіретін қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың кешенді жүйесі қалыптасты.

Алаяқтық кредиттеу ауқымы төмендеуде. 2026 жылдың басынан бері 2,1 млрд теңге сомаға 1,3 мың алаяқтық қарыз анықталды. Салыстыру үшін, 2025 жылы 4,6 млрд теңге сомаға осындай 5,1 мың қарыз, ал 2024 жылы 20,3 млрд теңге сомаға 8,7 мың қарыз анықталды.

Алаяқтық қарыздардың саны мен көлемін азайту барлық кезеңдерде – кредиттік өтінім бергеннен бастап ұрланған ақша қаражатын шығарып алғанға дейін алаяқтықтың алдын алуға бағытталған заңнамалық, ұйымдастырушылық және технологиялық шаралар кешенін іске асырумен қамтамасыз етілген.

Бірінші. Азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тарту тетігі енгізілді.

2024 жылғы ақпаннан бастап eGov порталында азаматқа өз атына кредиттер ресімдеуге тыйым салуды белгілеуге мүмкіндік беретін банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту сервисі жұмыс істейді.

Белгіленген тыйым туралы ақпарат автоматты түрде кредиттік бюроларға беріледі және кредиттік өтінімді қарау кезінде барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарына қолжетімді болады, бұл азаматтың ерік-жігерінсіз кредитті ресімдеу мүмкіндігін болдырмайды.

Бұл ретте тыйымның сақталуы үшін жауапкершілік қаржы ұйымына жүктелген. Егер кредит қолданыстағы ерікті бас тарту болған кезде берілсе, ол бойынша берешек міндетті түрде есептен шығарылуға жатады.

Сервис іске қосылған сәттен бастап 6,5 миллионнан астам азамат өз еркімен бас тартуды белгіледі, бұл оның алаяқтық кредиттеудің алдын алудың тиімді құралы ретінде қажеттілігін растайды.

Екінші. Онлайн-кредиттер беру кезінде қорғаныс тетіктері күшейтілді.

Алаяқтық кредиттердің едәуір бөлігі банк жүйелерін бұзу салдарынан емес, әлеуметтік инженерия әдістерін қолдану арқылы жасалады, мұнда азаматтар әртүрлі сылтаулармен кредитті өз бетінше ресімдеуге көндіріп, алаяқтарға ақша аудартып жібереді. Мұндай схемалардың алдын алу үшін қосымша қорғаныс тетіктерінің кешені енгізілді.

Ең алдымен, міндетті «шешім қабылдау кезеңі» белгіленді. Ірі кепілсіз онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде ақша қаражаты шарт жасалғаннан кейін бірден аударылмайды, белгіленген мерзім өткеннен кейін ғана аударылады: 649 мыңнан 1,1 млн теңгеге дейінгі сомадағы банктік қарыздар бойынша - кемінде 8 сағат  және 1,1 млн теңгеден асатын банктік қарыздар және 324 мың теңгеден  асатын онлайн-микрокредиттер бойынша - кемінде 24 сағат. Осы уақыт ішінде қаржы ұйымы операцияны алаяқтық белгілеріне қосымша тексеру жүргізуге міндетті, ал ақша қаражаты клиент тарапынан қайта расталғаннан кейін ғана аударылады.

Сонымен қатар «бірінші кредит ережесі» енгізілді. Егер азамат алғаш рет 649 мың теңгеден астам сомаға кепілсіз тұтынушылық кредит алуға өтініш білдірсе және бұрын кредиттік тарихы болмаса, мұндай кредит қарыз алушы банк бөлімшесіне келіп, биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана ресімделуі мүмкін.  Бұл бұрын кредиттік өнімдерді пайдаланбаған азаматтарға ірі кредиттерді толығымен қашықтан ресімдеу мүмкіндігіне жол бермейді. 

  21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтар үшін жекелеген қосымша шаралар көзделген. Көрсетілген санаттар үшін онлайн-кредитті ресімдеуге eGov порталы, кредиттік бюро не электрондық үкіметтің мемлекеттік шлюзімен ықпалдастырылған банк қосымшасы арқылы арнайы келісім берілгеннен кейін ғана жол беріледі.

Үшінші. Банктер қарыз алушыға алаяқтық ықпал ету белгілерін анықтауға міндетті.

Алаяқтық кредиттер тек қашықтан ғана емес, сонымен қатар банк бөлімшелерінде де жасалуы мүмкін. Көбіне қарыз алушы кредит алу үшін жеке өзі келеді, бірақ ол телефон арқылы нұсқаулық беріп отыратын алаяқтардың үнемі бақылауында әрекет етеді.

Осыған байланысты банктер клиенттің құжаттарын ғана емес, сонымен қатар кредитті ресімдеу жағдайларын да бағалауға міндетті. Ықтимал алаяқтық әсердің белгілеріне қарыз алушының шыдамсыздық танытуы, қызмет көрсету кезінде телефонмен үздіксіз сөйлесуі, үшінші тұлғалардан нұсқаулар алуы, сондай-ақ кредит алу мақсатын нақты түсіндірмеуі жатады.

Мұндай белгілер анықталған кезде банк 1,1 млн теңгеден астам сомаға дереу ірі кепілсіз тұтынушылық кредит беруге құқылы емес. Міндетті түрде ұзақтығы кемінде 24 сағат шешім қабылдау кезеңі белгіленеді, оның барысында банктің қауіпсіздік қызметі қосымша тексеру жүргізіп, қарыз алушының өз бетінше әрекет етуде екенін растайды.

Бұдан басқа, әртүрлі қаржы ұйымдарында бірнеше кредитті бір уақытта рәсімдеу мүмкіндігі алып тасталды. Банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарыз алушыда басқа қаржы ұйымында белсенді кредиттік өтінім болған кезде жаңа кредит беруге тыйым салынады, бұл қысқа уақыт ішінде бірнеше қарыздарды ресімдеу әрекеттерінің алдын алуға  мүмкіндік береді.

Төртінші. Қарыз алушыларды цифрлық сәйкестендіру айтарлықтай күшейтілді.

2025 жылғы қаңтардан бастап кредиттік шарттар міндетті түрде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану және биометриялық сәйкестендіруден өту арқылы ресімделеді.

Биометриялық тексеру екі кезеңде жүргізіледі. Оның нәтижелерін қаржы ұйымы тіркеуге және бес жыл бойы сақтауға тиіс. Бұл кейіннен бақылау үшін де, ықтимал сот дауларын қарау үшін де қажет.

Қарыз алушының қосымша биометриялық деректері ұялы байланыс операторларының ресми деректерімен салыстырылады.

Биометриялық тексеруден өтпей онлайн-кредит беруге заң жүзінде тыйым салынған. Бұл кредитті басқаның фотосуреті, жеке куәлігінің көшірмесі немесе ұрланған құпия сөзді пайдалану арқылы ресімдеу қаупін айтарлықтай төмендетеді.

Банктік мобильді қосымшалардың қауіпсіздігіне қойылатын жекелеген талаптар белгіленген. Олар телефонды қашықтан басқару белгілерін тануы және операциялардың одан әрі жүргізілуін бұғаттауы тиіс.

Бұдан басқа, банктер деректерді шифрлауды қолдануға және өтінім берген сәтте қарыз алушының геолокациясын белгілеуге міндетті. Бұл кредит бөгде құрылғыдан, бейтаныс жерден немесе үшінші тұлғалардың телефонды қашықтықтан басқаруы кезінде ресімделетін жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді.

Бесінші. Алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарды қорғау күшейтілді.

Егер құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаса және азамат жәбірленуші деп танылса, банк немесе МҚҰ пайыздарды, айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуді тоқтата тұруға міндетті.

Сонымен бiр мезгiлде талап-арыз жұмысы және берешектi өндiрiп алу да тоқтатылады.

Осылайша, тергеу кезеңінде азаматтың борышы ұлғаймайды, ал қаржы ұйымы істің барлық мән-жайлары анықталғанға дейін одан кредитті өтеуді талап ете алмайды.

Тек ағымдағы жылдың өзінде осы шаралар жалпы сомасы 8,4 млрд теңгеге 6,2 мың қарызға қатысты қолданылды.

Заңнамада алаяқтық кредиттерді есептен шығарудың соттан тыс және сот арқылы тетіктері де қарастырылған.

Егер азамат жәбірленуші деп танылса және кредит беру кезінде банк немесе МҚҰ заңнаманың міндетті талаптарының кем дегенде біреуін бұзса, соттан тыс тәртіп қолданылады.

Мұндай бұзушылықтарға кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды сақтамау, биометриялық сәйкестендірудің болмауы, шешім қабылдау кезеңін немесе өзге де міндетті рәсімдерді бұзу жатады.

Бұл жағдайда қаржы ұйымы қарызды өз бетінше есептен шығаруға міндетті. Азаматқа сотқа жеке жүгіну және өз кінәсінің жоқ екендігін дәлелдеу талап етілмейді.

Сот тәртібі техникалық бұзушылыққа, құпиясөздерді ұрлауға, мобильді құрылғыны қашықтан басқаруға немесе зиянды бағдарламаларды пайдалануға байланысты неғұрлым күрделі жағдайларда қолданылады.

Есептен шығару банк биометриялық сәйкестендіруге не антифрод-рәсімдерге қойылатын талаптарды және алаяқтықты анықтау мен алдын алу жөніндегі өзге де талаптарды бұзған жағдайларда да жүзеге асырылады.

Алтыншы. Ұлттық Банктің бірыңғай Антифрод-орталығы құрылды.

2024 жылғы шілдеден бастап Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы жұмыс істейді.

Бұл банктерді, құқық қорғау органдарын және мобильді байланыс операторларын біріктіретін және күдікті операциялар туралы тәулік бойы ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін бірыңғай электрондық платформа.

Антифрод-орталық алаяқтық аударымдарды анықтауға, қолма-қол ақшаны жедел бұғаттауға, алушылардың шоттарын орнатуға және ұрланған ақшаның одан әрі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Ұлттық Банктің Антифрод-орталығында 180 мыңнан астам оқыс оқиға тіркелген. Алаяқтыққа қарсы күрес шеңберінде банктер 2025 жылдың басынан бастап ағымдағы жылғы 1 мамырға дейінгі кезеңде 68 млрд теңгеден астам сомаға 163 мыңға жуық алаяқтық операциялардың алдын алды. Бұл ретте Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының ақпараты бойынша 28,9 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық және заңсыз операцияларға жол берілмеді және бұғатталды.

Егер клиент немесе оның контрагенті Антифрод-орталықтың бірыңғай базасына енгізілген болса, қаржы ұйымы операцияларды тоқтата тұруға және көзделген шектеулерді қолдануға міндетті.

Сондай-ақ банктер күдікті аударымдарды бес жұмыс күніне дейін уақытша тоқтата тұру құқығына ие болды. Бұл тексеру аяқталғанға дейін шоттағы қаражатты сақтауға және оларды одан әрі алуға немесе қолма қол ақшаға айналдыруға жол бермейді.

Бір мезгілде барлық банк мамандандырылған антифрод-бөлімшелер құруға, алаяқтық  оқыс оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспарларын бекітуге және Антифрод-орталықпен тұрақты өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге міндетті.

Жетінші. Телефон алаяқтығымен күрес күшейтілді.

Алаяқтық схемалардың көпшілігі телефон қоңырауынан басталады. Қылмыскерлер өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік органдардың немесе байланыс операторларының қызметкерлері деп таныстырады және азаматтарды дербес деректерді беруге не кредит ресімдеуге сендіреді.

Сондықтан жеке шаралар блогы мобильді байланыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Бір абонент өзінің атына 10-нан аспайтын ұялы байланыс нөмірін тіркей алады. Бұл алаяқтардың одан әрі қолданатын сұр SIM-карталарды жаппай сатып алуын шектейді.

Жаңа SIM-картаны тіркеу биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана мүмкін болады.

Халықаралық қоңырауларды жергілікті нөмірлер ретінде жасыруға мүмкіндік беретін SIM-бокстар мен өзге де жабдықтарды пайдалануға заң жүзінде тыйым салынады.

Қылмыстық топтар мұндай құрылғыларды азаматтарда қоңырау қазақстандық банктен немесе мемлекеттік органнан түсті деген жалған пікір қалыптастыру үшін кеңінен қолданған.

Байланыс операторлары IMEI-кодтардың және абоненттік деректердің базасымен ықпалдастырылған өздерінің антифрод-жүйелерін енгізуге, күдікті трафикті анықтауға және алаяқтық схемаларда қолданылатын нөмірлерді бұғаттауға міндетті.

Нәтижесінде 142,1 миллионнан астам қоңырау және алаяқтық белгілері бар 310 мыңнан астам абоненттік нөмірлер бұғатталды.

Сегізінші. Дропперлерге және ұрланған қаражатты әкету арналарына қарсы іс-қимыл күшейтілді.

Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар оларды жалған шоттардың тізбегі арқылы жылдам шығарып, қолма-қол ақшаға айналдыруы керек.

Ол үшін дропперлер – өз банктік карталарын, шоттарын немесе мобильді банкингке қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беретін адамдар қолданылады.

Депутаттық корпустың ұсынысы бойынша Қылмыстық кодекске осындай схемаларға қатысқаны үшін тікелей жауапкершілік енгізілді.

Дропперлік және ұрланған ақшаны жылыстатуға көмектескені үшін айыппұлдар, мүлікті тәркілеу және жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Қылмыстық жауапкершіліктен басқа, жалған шоттарды анықтаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілуде.

Қаржы ұйымдары әр операцияны талдайды және оның тәуекел деңгейін бағалайды. Егер аударымда күдікті белгілер болса, алушы банк қаражатты алушыға қатысты тереңдетілген тексеру жүргізуге міндетті. 

Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап банктер P2P-аударымдардың тәуекелдері туралы ақпарат алмасудың бірыңғай жүйесін сынақтан өткізуде және енгізуде. Ол нақты уақыт режимінде дропперлердің шоттарын анықтауға және күдікті аударымдарды бұғаттауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, банктер де клиенттердің іс-қимылын талдайды және транзиттік шоттар ретінде пайдаланылатын шоттарды анықтайды.

Мұндай белгілерге әртүрлі тұлғалардан көптеген аударымдардың түсуі, алынған қаражатты басқа шоттарға жылдам аудару, операциялардың анық экономикалық мағынасының болмауы және клиенттің әдеттегі іс-қимылының күрт өзгеруі жатады.

Тәуекел деңгейіне байланысты банктің операцияларды бақылауды күшейтуге, мобильді қосымшаны пайдалануды шектеуге, картаны бұғаттауға және ақпаратты құқық қорғау органдарына жіберуге құқылы болады.

Бір адамға берілетін банк карталарының санына қосымша шектеулер белгіленді. Жаңа клиенттерді сәйкестендіру күшейтілді және олардың операцияларына тұрақты бақылау енгізілді.

Дропперлер қылмыстық қана емес, сонымен бірге мүліктік жауапкершілікке де ие. Ұрланған ақша олардан зардап шеккен азаматтардың пайдасына сот арқылы өндірілуі мүмкін.

Тоғызыншы. Банктер алаяқтық тәуекелдерді басқарудың тәуекелге бағдарланған моделіне көшуде.

Ағымдағы жылғы сәуірде алаяқтық тәуекелдерін басқарудың тәуекелге бағдарланған моделі енгізілді.

Банктер сессиялық антифрод жүйесін қолдануға міндетті. Аталған жүйе нақты уақыт режимінде мобильді қосымша мен интернет-банкингтегі клиенттің әрекеттеріне талдау жүргізеді.

Бұл ретте пайдаланылатын құрылғы, геолокация, деректерді енгізу жылдамдығы, әрекеттердің реттілігі, операциялардың сипаты, қашықтан қол жеткізудің болуы, сондай-ақ клиенттің әдеттегі мінез-құлқынан ауытқулар бағаланады.

Осы деректердің негізінде клиенттің динамикалық профилі қалыптастырылып, алаяқтық тәуекелінің деңгейі айқындалады.

Тәуекел деңгейіне қарай банк операцияны қосымша растаудан бастап оны толық бұғаттауға дейінгі бақылаудың сараланған шараларын қолдануға міндетті.

Сондай-ақ транзакциялық тәуекелдер туралы банктер арасында ақпарат алмасу, өзара байланысты күмәнді операцияларды автоматтандырылған түрде талдау және антифрод-модельдерді тұрақты негізде жаңартып отыру қамтамасыз етіледі.

Банктер алаяқтық операцияларға қатысы бар тұлғалардың ішкі тізімдерін қалыптастыруға, дропперлерді анықтауға және оларға қатысты  шектеу шараларын қолдануға міндетті.

Осылайша, жүйе жекелеген ақша аударымдарын тексеруден клиенттің іс-қимылын және ақша қаражаты қозғалысының бүкіл тізбегін кешенді талдауға кезең кезеңімен көшуде.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz