
27 шілдеде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы тәуекелге бағдарланған іс-қимылды қадағалау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін құратын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер пакетін мақұлдады. Қабылданған актілер Банктер туралы жаңа заңның ережелерін іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз етеді және қаржы өнімдерін олардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде — әзірлеу мен нарыққа шығарудан бастап ілеспе қызмет көрсетуге, ұсынуды өзгертуге және тоқтатуға дейін басқарудың кешенді жүйесін алғаш рет қалыптастырады.
Іс-қимылды бақылаудың жаңа моделі реттеуге түбегейлі басқа көзқарасқа негізделген. Егер бұрын қаржы ұйымдарының заңнама талаптарын сақтауын бақылауға баса назар аударылса, енді тұтынушыға зиян келтірудің алдын алу басымдыққа айналады. Реттеуші белгіленген ережелердің сақталуын ғана емес, сонымен қатар қаржы өнімдерінің, оларды ілгерілету тәсілдерінің және сату тәжірибесінің тұтынушылардың мүдделеріне қаншалықты сәйкес келетінін және олар үшін әділ нәтиже беретінін бағалайды.
Жаңа жүйенің негізі қаржы өнімдерін басқарудың және қаржылық қызметтерді тұтынушыларға әділ қарауды қамтамасыз етудің озық халықаралық практикалары болып табылады. Оларға сәйкес қаржы ұйымдары қаржы өнімдерін әзірлеу, өткізу және сүйемелдеу процестерін тұтынушылардың нысаналы тобының қажеттіліктеріне, олардың қаржылық мүмкіндіктеріне сәйкес келетіндей етіп ұйымдастыруға, өнімнің құны мен құндылығының әділ арақатынасын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаржы өнімінің бүкіл өмірлік циклі бойына тұтынушылар үшін негізсіз тәуекелдердің туындауын болдырмауға міндетті.
Қаулымен алғаш рет банктер, микроқаржы ұйымдары, сақтандыру ұйымдары және бағалы қағаздар нарығының жекелеген қатысушылары үшін қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын бірыңғай талаптар енгізіледі. Талаптар қаржы өнімінің бүкіл өмірлік циклін— оны әзірлеу мен нарыққа шығарудан бастап кейіннен мониторингтеуге, талаптардың өзгеруіне және жеткізуді тоқтатуға дейін қамтиды.
Реттеудің негізі қаржы ұйымдарының іс-қимыл тәуекелдерін анықтау, бағалау және барынша азайту міндетін көздейтін тәуекелге бағдарланған тәсіл болып табылады. Ол үшін тұтынушылардың нысаналы тобын айқындаудың, қаржы өнімінің әділ құнын бағалаудың, оны алдын ала тестілеудің, өнім беру нәтижелерін кейіннен мониторингтеудің және тұтынушылар үшін тәуекелдер анықталған кезде өнімді өткізуді өзгерту не тоқтату бойынша шаралар қабылдаудың міндетті рәсімдері енгізіледі.
Сонымен бірге қаржы өнімдерін жарнамалауға, сатуға және ілеспе қызмет көрсетуге қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді. Қаржы ұйымдары өнімнің талаптарын, құнын, артықшылықтары мен тәуекелдерін дұрыс және теңгерімді ашуды қамтамасыз етуге, ілгерілетудің жосықсыз практикаларын болдырмауға, сондай-ақ шарт жасағанға дейін қаржы өнімінің мақсаттарын, қаржылық жағдайын және өніммен байланысты тәуекелдерді көтеру қабілетін ескере отырып, нақты тұтынушы үшін жарамдылығын бағалауға міндетті. Бұл сай келмейтін қаржы өнімдерін сату жағдайларын азайтуға, тұтынушылар қабылдайтын қаржылық шешімдердің сапасын арттыруға және қаржы нарығына қатысушылардың жауапты іс-қимылдың бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қаулымен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын соттан тыс қорғаудың институционалдық негізін қалыптастыратын қаржы омбудсманы қызметінің жұмысының бірыңғай қағидалары бекітіледі. Құжат қаржы омбудсманының қызметін қалыптастыру тәртібін, қаржы омбудсманының өкілеттіктерін, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың жолданымдарын қараудың бірыңғай стандарттарын айқындайды.
Қағидалар жолданымдарды берудің, тіркеудің және қараудың ашық тәртібін, шешімдер қабылдаудың бірыңғай мерзімдерін, олардың орындалуын бақылауға қойылатын талаптарды, сондай-ақ уәкілетті органға ақпарат беру тәртібін белгілейді. Бір мезгілде қызметтің ішкі қызметін ұйымдастыруға, ішкі бақылау жүйесіне және тұтынушылардың жолданымдарды қарау сапасына қанағаттануын тұрақты бағалауды қоса алғанда, қаржы омбудсмандарының жұмыс сапасын бағалауға қойылатын талаптар бекітіледі.
Жаңа қағидалары қаржы омбудсманы институтын тұтынушылар, қаржы ұйымдары және реттеуші арасындағы үздіксіз кері байланыс жүйесіне қосуды қамтамасыз етеді. Жолданымдары қарау кезінде алынған ақпарат жүйелі бұзушылықтарды, жосықсыз практикаларды және қаржы өнімдерінің кемшіліктерін анықтау үшін, сондай-ақ уәкілетті органның қадағалау және реттеуші шешімдер қабылдауы үшін пайдаланылатын болады. Бұл тәсіл жекелеген шағымдарға ден қоюдан жаппай бұзушылықтардың алдын алуға және бүкіл қаржы нарығында тұтынушылардың құқықтарын қорғау сапасын арттыруға көшуге мүмкіндік береді.
Жаңа қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Қаржы омбудсманы қызметін қаржыландыру «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы ұйымдарының міндетті жарналарының есебінен жүзеге асырылатын болады, бұл қаржы нарығындағы дауларды соттан тыс реттеудің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Қаулымен Берешекті ұжымдық реттеудің бірыңғай цифрлық платформасында жұмыс істейтін берешекті ұжымдық реттеу тетігін қолдану аясы кеңейтіледі. Тетік талап ету құқықтары коллекторлық агенттіктерге берілген тұтынушылық банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешекке қолданылады.
Нәтижесінде қарыз алушылар банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешекті «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша әрбір кредитормен жеке келіссөздер жүргізбей-ақ бірыңғай рәсім шеңберінде реттеуге мүмкіндік алады. Бұл қарыз алушының қаржылық жағдайын кешенді қарауды қамтамасыз етуге, берешекті сотқа дейінгі реттеудің тиімділігін арттыруға және азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте ұжымдық реттеу тетігіне қатысудың қолданыстағы өлшемшарттары сақталады: екі және одан да көп кредиторлар алдында мерзімі күнтізбелік 90 күннен асқан берешектің болуы, соңғы 12 ай ішінде ұжымдық реттеудің болмауы, сондай-ақ қарыз алушыға қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе банкроттық рәсімінің болмауы.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың іс-қимылын қадағалау мен құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін қалыптастырумен қатар, Агенттік халықтың борыш жүктемесін азайтуға және жауапкершілікпен кредит беру моделін қалыптастыруға бағытталған бөлшек кредиттеуді реттеудің кешенді реформасын іске асыруда.
Соңғы үш жылда тұтынушылық кредиттеу, проблемалық берешекті реттеу және коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл жасау қағидалары айтарлықтай қайта қаралды. Бұл өзгерістердің негізі екі заңнамалық топтама болды. Біріншісі – 2024 жылы қабылданған және халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеуге, қарыздар құнын төмендетуге және міндеттемелерді орындауда қатысты қиындықтарға тап болған азаматтарға жаңа кредиттер берудің алдын алуға бағытталған Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту мәселелері жөніндегі заң. Екіншісі – 2025 жылы қабылданған Қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң, ол қашықтан кредит беру кезінде азаматтарды қорғауды күшейтті, қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың қосымша тетіктерін енгізді және берешекті реттеу мүмкіндіктерін кеңейтті.
Реформаларды жүргізу қажеттілігі алдыңғы жылдары тұтынушылық кредит берудің тез өсуіне байланысты болды. Егер 2021–2024 жылдары банктердің кепілсіз тұтынушылық кредиттері портфелінің орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 32%-ды құраса, онда 2025 жылдың қорытындысы бойынша ол 14,6%-ға дейін, ал 2026 жылғы алты айдың қорытындысы бойынша 3,1%-ға дейін баяулады, бұл соңғы алты жылдағы ең төмен деңгей болды.
Мұндай жағдайларда Агенттіктің негізгі міндеті кредит беруді шектеу емес, азаматтардың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту олардың қаржылық орнықтылығын сақтаумен, банктердің кредит портфелінің сапасын жақсартумен және қаржы секторының жүйелік тәуекелдерін төмендетумен қатар жүретін оның неғұрлым теңгерімді дамуын қамтамасыз ету болды.
Реформалардың логикасы шамадан тыс кредит алудың салдарын жоюдан оның пайда болуын болдырмауға көшу болып табылады. Егер бұған дейін реттеу бұрын туындаған проблемалық берешекке ден қоюға көбірек бағытталса, бүгінде басты назар жаңа міндеттемелерге объективті түрде қызмет көрсете алмайтын азаматтарға кредит берудің алдын алуға аударылады. Ол үшін кредиттердің құны мен өлшемдеріне қойылатын талаптар қайта қаралды, қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау тәсілдері күшейтілді, қаржылай тұрақсыз азаматтарды қайта кредиттеуге шектеулер енгізілді, банктердің экономикалық ынталандырулары өзгертілді, сондай-ақ проблемалық берешекті реттеудің кешенді жүйесі қалыптастырылды.
Реформалардың бірінші бағыты халықтың шамадан тыс борыш жүктемесін шектеу және қарыз алушыларды бағалау сапасын арттыру болды.
Азаматтардың қаржылық жағдайының нашарлауының негізгі себептерінің бірі – тұтынушылық кредит құнының жоғары болуы. Ай сайынғы төлем салыстырмалы түрде аз мөлшерде болса да, кредит мерзімінің ұзақ болуы және пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы төлемдердің жалпы сомасының айтарлықтай өсуіне әкеліп соқты және мерзімі өткен берешектің туындау тәуекелін арттырды. Осыған байланысты жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері қайта қаралды. Банктердің және микроқаржы ұйымдарының кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша ең жоғары мөлшерлеме 56%-дан 46%-ға дейін, қамтамасыз етілген қарыздар бойынша 40%-дан 35%-ға дейін төмендетілді, сондай-ақ ипотекалық және қысқа мерзімді микрокредиттердің жекелеген түрлері бойынша шекті мөлшерлемелер айтарлықтай төмендетілді. Жылдық тиімді мөлшерлеме тек сыйақыны ғана емес, сонымен қатар комиссияларды, сақтандыру және басқа да міндетті төлемдерді қамтитындықтан, бұл өзгерістер қарыз алушылар үшін кредиттің толық құнын шектеуге мүмкіндік берді.
Бір мезгілде кепілсіз тұтынушылық қарыздар беру өлшемдері қайта қаралды. Олардың ең жоғары мөлшері заңмен шектелген – банктер үшін 9,5 млн теңге және микроқаржы ұйымдары үшін 4,8 млн теңге, сондай-ақ бес жылдан асатын мерзімдегі кепілсіз кредиттерді беруге тыйым енгізілді. Мұндай шектеулер кредит беру мерзімін шамадан тыс ұлғайту арқылы ай сайынғы төлем мөлшерін жасанды түрде төмендету тәжірибесінің алдын алуға бағытталған, бұл сөзсіз қарыз алушының жалпы артық төлемі мен борыш жүктемесінің айтарлықтай өсуіне әкеледі.
Реформалардың келесі элементі бұрын пайда болған міндеттемелерге қызмет көрсету үшін жаңа кредиттер пайдаланылған кезде «борыштық спиралдың» пайда болуына жол бермеу болды. Негізгі қағидат қарыз алушының қаржылық қиындықтары жаңа қарыздар беру арқылы емес, қолданыстағы берешекті уақтылы реттеу арқылы шешілуі керек. Осыған байланысты төлем тәртібінің нашарлау белгілері бар азаматтарға кредит беруге қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтілді. Егер бұрын кредиттер беруге шектеулер төлем мерзімін 90 күннен астам мерзімге кешіктірген кезде ғана қолданылса, ал 2025 жылдан бастап банктерге банктік қарыздар бойынша 30 күннен және микрокредит бойынша 1 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынды.
Соңғы үш жыл ішінде берешегі кешірілген азаматтарды, сондай-ақ міндеттемелері бойынша төлем қабілеттілігін нақты қалпына келтірмей жасанды қайта құрылымдау жүргізілген қарыз алушыларды қайта кредиттеуге қосымша тыйым салынды. Бұл шаралар проблемалық берешекті үнемі қайта қаржыландыру мүмкіндігін болдырмайды.
Қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау тәсілі де түбегейлі өзгерді. Нормативтік деңгейде алғаш рет жоғары борыш жүктемесін, мерзімі өткен берешектің болуын, қысқа кредиттік тарихты, расталған кірістің болмауын не бұрын жүргізілген қайта құрылымдауды қоса алғанда, тәуекелі жоғары факторлар жиынтығы бар азаматтар кіретін тәуекелі жоғары қарыз алушылар санаты енгізілді. Мұндай клиенттерге қатысты банктер мен микроқаржы ұйымдары төлем қабілеттілігін бағалаудың күшейтілген рәсімдерін қолдануға, олардың қаржылық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізуге міндетті.
Реформалардың екінші бағыты банктердің экономикалық ынталандыруларын өзгерту және тұтынушылық кредиттеудің неғұрлым қауіпті сегменттерінде тәуекелдердің шоғырлануын шектеу болды.
Тікелей қарыз алушыларға таралатын шектеулермен қатар пруденциялық және макропруденциялық реттеу жүйесі айтарлықтай күшейтілді. Егер бұрын банктер капиталға қойылатын талаптарды айтарлықтай арттырмай, жоғары кірісті кепілсіз кредиттер портфелін белсенді түрде арттыра алса, бүгінде реттеу неғұрлым сараланған кредиттік саясат пен қабылданған тәуекелдерді есепке алу үшін тікелей экономикалық ынталандыруды тудырады.
Ең алдымен, барынша тәуекелді тұтынушылық қарыздар бойынша капиталға қойылатын талаптар артты. 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге кепілсіз кредиттер бойынша 2 млн теңгеден астам сараланған тәуекел коэффициенті 150%-дан 350%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл банктердің осындай кредиттер бойынша резервтеуге міндетті капитал көлемін едәуір арттырды, олардың экономикалық тартымдылығын төмендетті және бөлшек кредиттеудің ең тәуекелді сегменттерін агрессивті түрде өсіруге ынталандыруды шектеді.
Бір мезгілде кредиттеу қарқынын кредиттік портфельдің сапасымен байланыстыратын тетіктер енгізілді. Агенттік жаңа кредиттер беру бойынша дефолт деңгейінің ай сайынғы мониторингін іске асырды, ал жекелеген банктер үшін кредиттік портфель сапасының нысаналы көрсеткіштері белгіленді. Бұл тәсіл банктердің қызметін тек кредиттеу көлемі бойынша ғана емес, сонымен қатар қабылданған кредиттік шешімдердің сапасы бойынша да бағалауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жекелеген банктердің жаңа кредит беруі бойынша дефолттардың орташа деңгейі 5%-дан 2,5%-ға дейін төмендеді, бұл кредиттік тәуекелдерді бағалау сапасының жоғарылағанын көрсетеді.
Келесі кезең халықаралық реттеушілер кеңінен қолданатын макропруденциялық саясаттың заманауи құралдарын енгізу болды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жиынтық борыштың қарыз алушының жылдық табысына қатынасы коэффициенті енгізіледі, ол азаматтың қаржылық мүмкіндіктеріне қатысты берешектің ең жоғары рұқсат етілген көлемін шектейді және кредиттік шешім қабылдау кезеңінде де шамадан тыс борыш жүктемесінің жинақталуын болдырмауға мүмкіндік береді. Бір мезгілде 2026 жылғы 1 сәуірден бастап халықтың кредиттері бойынша сараланған тәуекел активтердің 2% мөлшерінде капиталдың секторлық контрциклдік буфері енгізілді.
Осылайша, экономикалық ынталандыру жүйесі құрылды, онда бөлшек кредиттеудің ең қауіпті сегменттерінің белсенді өсуі капиталға қойылатын талаптардың артуымен, қадағалаудың жоғарылауымен және қосымша макропруденциялық құралдарды қолданумен қатар жүреді.
Реформалардың үшінші бағыты қарыз алушының төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және оның банкроттық жағдайына көшуіне жол бермеуге бағытталған азаматтардың проблемалық берешегін реттеудің кешенді жүйесін қалыптастыру болды.
Негізгі өзгеріс проблемалық берешекпен жұмыс істеу тәсілдерін қайта қарау болды. Егер осыған дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары проблемалық қарыздарды коллекторлық агенттіктерге салыстырмалы түрде жылдам бере алған болса, қазіргі уақытта қарыз алушының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін негізгі жауапкершілік бастапқы кредиторға жүктеледі. Ол үшін Заңмен проблемалық тұтынушылық қарыздарды коллекторлық агенттіктерге беруге мораторий енгізілді, оның мерзімі Банктер туралы жаңа заңда 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды. Осы кезең ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдары қайта құрылымдауды, төлемдер кестесін өзгертуді, мерзімді кейінге қалдыруды, борыш жүктемесін төмендетуді қоса алғанда, заңнамада көзделген берешекті реттеудің барлық тетіктерін және қарыз алушының төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған өзге де шараларды пайдалануға міндетті.
Сонымен бірге коллекторлық агенттіктердің рөлі де өзгерді. Егер осыған дейін олардың қызметі негізінен берешекті өндіріп алуға бағытталған болса, бұдан әрі оларға банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін белгіленген талаптарға ұқсас сатып алынған берешекті реттеу жөніндегі міндеттер таралады. Коллекторлық агенттіктер қарыз алушылардың жолданымдарын қарауға, қайта құрылымдау нұсқаларын ұсынуға, мерзімді кейінге қалдыруды ұсынуға, өтеу кестелерін өзгертуге, айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығаруға, ал негіздер болған жағдайда берешекті ішінара немесе толығымен кешіруді жүзеге асыруға міндетті.
Мораторий енгізілгеннен кейін коллекторлық агенттіктердегі проблемалық қарыз алушылардың саны 877 мыңнан 341 мың адамға дейін 61%-ға дейін қысқарды. Бұл ретте берешекті реттеу жөніндегі негізгі жұмысты банктер мен микроқаржы ұйымдары тікелей жүзеге асырады. 2025 жылдың өзінде қаржы ұйымдары 814,3 млрд теңге сомасындағы берешекті реттеді, оның ішінде 740,4 млрд теңге берешекті қайта құрылымдауға және 73,8 млрд теңге қарыздарды толығымен немесе ішінара есептен шығаруға жіберілді. Қосымша 142,5 мыңнан астам әлеуметтік осал азаматтардың берешегі міндеттемелерді толығымен есептен шығару арқылы реттелді.
Реформалардың келесі элементі берешекті соттан тыс реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру болды. Банк омбудсманының өкілеттіктері жеке тұлғалардың барлық кредиттеріне, соның ішінде тұтынушылық қарыздарға таралады, микроқаржы омбудсманының институты құрылды, ал қаржы омбудсмандарының шешімдері банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер үшін міндетті болды. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап берешекті ұжымдық реттеудің бірыңғай цифрлық платформасы Finkelisim.kz жұмыс істей бастады, ол қарыз алушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша бірнеше кредиторлар алдындағы міндеттемелерді реттеуге мүмкіндік береді. Платформа кредиторлар санына қарамастан реттеудің бірыңғай рәсімін жүргізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу жүйесімен және азаматтардың банкроттық тетіктерімен одан әрі ықпалдасу үшін негіз қалыптастырады.
Соңғы элемент азаматтардың банкроттығы институтын жетілдіру болды. Рәсімнің қолжетімділігін арттыру үшін ұзақ мерзімді берешегі бар азаматтардың жекелеген санаттары үшін соттан тыс банкроттық мерзімдері қысқартылды, рәсімнің әлеуетті қатысушыларын хабардар етудің проактивті тетігі енгізіледі, ал бұдан әрі ұжымдық реттеу және банкроттық рәсімдерін қарыз алушыны сүйемелдеудің бірыңғай цифрлық процесіне ықпалдастыру көзделеді. Мұндай тәсіл берешекті ерте реттеуден бастап төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің объективті түрде мүмкін болмайтын жағдайларында банкроттық рәсімдерін қолдануға дейінгі үздіксіз реттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде қарыз алушының төлем қабілеттілігін сақтау қағидатына негізделген проблемалық берешекті реттеу жүйесі қалыптасты. Оның негізгі элементтері бастапқы кредитордың жауапкершілігін арттыру, коллекторлық агенттіктердің рөлін өзгерту, қаржы омбудсмандарының институтын дамыту, ұжымдық реттеудің цифрлық тетіктерін енгізу және азаматтардың банкроттығы рәсімдерін жетілдіру болды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы