«Фридом Банк Қазақстан» АҚ-қа әмбебап банк лицензиясын беру туралы

«Фридом Банк Қазақстан» АҚ-қа әмбебап банк лицензиясын беру туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 2026 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Банктер туралы заң) енгізілген банктерді лицензиялаудың сараланған жаңа жүйесіне сәйкес алғашқы әмбебап банк лицензиясының берілгенін хабарлайды.

Банктер туралы заңда банк лицензияларының екі түрі көзделген:

әмбебап банк лицензиясы – банкке банк операцияларының тұтастай ауқымын шектеусіз жүзеге асыру құқығын береді;  

базалық банк лицензиясы – депозиттер тартуға, кредит беруге және есеп айырысу-кассалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, бірақ бейрезиденттерге және байланысты тұлғаларға кредит беруге, туынды қаржы құралдарымен операцияларға, шетелдік активтерге инвестицияларға және өзге де күрделі трансшекаралық операцияларға жол бермейді.

Банктер туралы заңның 132-бабына сәйкес банктер Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде банк операцияларын  өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияларды әмбебап банк лицензиясына қайта ресімдеуге міндетті.

2026 жылғы 7 шілдеде Агенттік операциялардың мынадай қосымша түрлерін енгізе отырып, «Фридом Банк Қазақстан» АҚ-қа № 1.1.551.129 алғашқы әмбебап банк лицензиясын берді:

банк операциялары:

жеке және заңды тұлғаларға тиесілі тазартылған бағалы металдардың және бағалы металдардан жасалған монеталардың нақты саны көрсетілетін, осы тұлғалардың металл шоттарын ашу және жүргізу;

тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар (депозиттер) қабылдау, салымшылардың шоттарын ашу және жүргізу;

тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін салымшыларға тұрғын үй, аралық тұрғын үй және алдын ала тұрғын үй заемдарын беру;

өзге де операциялар:

банкаралық қарыздар, банкаралық кепілдіктер, банкаралық кепілгерліктер, сондай-ақ өзге де банкаралық операциялар;

тазартылған қымбат бағалы металдарды (алтын, күміс, платина, платина тобындағы металдар) құйма күйінде,  қымбат бағалы металдардан жасалған монеталарды сатып алу, кепілге қабылдау, есепке алу, сақтау және сату.