Қарыздарды реттеу тәртібі туралы

Қарыздарды реттеу тәртібі туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарызды өтеуде қиындықтар туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі туралы еске салады.

Егер қарыз алушы қаржылық жағдайының нашарлауына тап болса және қарыз шарты бойынша міндеттемелерді уақтылы орындау мүмкіндігі болмаса, кредиторға - банкке немесе микроқаржы ұйымына қарызды қайта құрылымдау туралы өтінішпен дереу жүгіну ұсынылады.

Өтінішке жұмысынан айрылу, кірісінң төмендеуі, еңбекке уақытша жарамсыздық немесе берешекті өтеу мүмкіндігіне әсер еткен өзге де мән-жайлар сияқты қаржылық қиындықтардың туындау себептерін растайтын құжаттарды қоса беру қажет. Заңнамаға сәйкес, банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз алушының жолданымын оны алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде қарауға және қарау нәтижелері туралы жазбаша жауап беруге міндетті.

Қарау қорытындылары бойынша кредитор қарыз шарттарын өзгертуді келісе алады, берешекті реттеудегі өзінің талаптарын ұсына алады не уәжді бас тартуды ұсына алады.

Реттеу шаралары ретінде ай сайынғы төлем мөлшерін азайту, төлемдерді кейінге қалдыру, өтеу кестесін өзгерту және кредитордың ішкі рәсімдерінде көзделген өзге де тетіктер қолданылуы мүмкін.

Кредитордың шешімімен келіспеген жағдайда қарыз алушы дауды сотқа дейін реттеу үшін банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгінуге құқылы.

Туындаған қаржылық қиындықтарды жасырмау және кредиторға уақтылы жүгіну ұсынылады. Уақтылы жүгіну берешекті реттеудің ықтимал нұсқаларын қарауға және қаржылық жағдайдың одан әрі нашарлау тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тұтынушылық кепілсіз кредиттер бойынша берешекті ұжымдық реттеуге арналған Finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасы жұмысын бастады. Сервис бірнеше банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік алдында бір мезгілде мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға барлық кредиторлардың қарауы үшін «бір терезе» қағидаты бойынша бір ғана өтініш беруге мүмкіндік береді. Реттеу нәтижесінде қарыз алушыға берешекті өтеудің 5 жылға дейінгі бірыңғай төлем кестесі ұсынылуы мүмкін, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін бұл мерзім 7 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz