Алматыда капитал нарығын дамыту жөніндегі негізгі басымдықтар талқыланды

Алматыда капитал нарығын дамыту жөніндегі негізгі басымдықтар талқыланды

Алматыда капитал нарығын дамыту жөніндегі негізгі бастамаларды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Агенттіктің, Ұлттық Банктің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Қазақстан қор биржасының (KASE), бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларының, банктердің өкілдері, сондай-ақ халықаралық консультанттар мен сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Қазақстанның капиталы нарығын одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын, оның инвестициялық тартымдылығын арттыру, нарықтық тетіктер арқылы экономиканы қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін, сондай-ақ реттеуді жетілдіру, нарықтық инфрақұрылымды дамыту және жаңа қаржы құралдарын енгізу жөніндегі бастамаларды талқылады.

Жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Агенттік Капитал нарығы туралы жаңа заң жобасы мен Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасын әзірлеу мақсатында Ұлттық Банкпен, капитал нарығына қатысушылармен және Oliver Wyman халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесіп іске асыруда.

Іс-шараны ашқан Агенттік Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов дөңгелек үстелдің мемлекет, нарыққа қатысушылар мен халықаралық консультанттардың капитал нарығын дамыту үшін жүйелі шешімдер әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысының екінші кезеңіне айналғанын атап өтті. Ағымдағы жылғы мамырда өткен бірінші отырыстың қорытындысы бойынша 17 негізгі тақырыптық бағытқа біріктірілген 80-нен астам ұсыныс жүйеленді.

Агенттік консультанттармен бірлесіп нарыққа кешенді диагностика жүргізді, 15-тен астам елдің үздік халықаралық практикалары мен тәжірибесін зерделеді, сондай-ақ қор нарықтарын, зейнетақы жүйесін, реттеуді, цифрлық активтерді және туынды қаржы құралдарын дамыту саласындағы шетелдік сарапшыларды тартты. Капитал нарығын дамытудың 8 флагмандық бағытына біріктірілген 36 бастамадан тұратын кешенді топтама аталған жұмыстың нәтижесі болды.

Талқылау қорытындысы бойынша Капитал нарығын дамыту тұжырымдамасы мен жол картасын дайындау жұмысы жалғастырылатын болады. Қажетті келісімдерге қол жеткізілгеннен кейін негізгі шешімдерді «Капитал нарығы туралы» ҚР Заңында және тиісті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде бекіту жоспарланып отыр.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz