
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Solvency II және ХҚЕС 17 қағидаттарына сәйкес сақтандыру компанияларының тәуекелдерін бағалаудың жаңа қадағалау моделін әзірледі. Бұл стандарттар тәуекелдерді басқару мен бағалауға, сондай-ақ сақтандыру міндеттемелерін қалыптастыру мен есептеуге көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Тәсілді іске асыру сақтандыру реттеуін дамытудың жаһандық үрдістеріне және Халықаралық сақтандыру қадағалаулары қауымдастығының қадағалаудың негізгі қағидаттарына сәйкес келеді.
Алдыңғы жүйе Solvency I және ХҚЕС 4 қағидаттарына негізделген және бекітілген нормативтер мен біріздендірілген коэффициенттерге негізделген. SRES (Supervisory Risk Evaluation System) жаңа қадағалау моделі сақтандыру компанияларының нақты тәуекел-бейінін, олардың бизнес-модельдерінің орнықтылығын және тәуекелдерді басқару жүйелерінің сапасын төрт негізгі блок бойынша сандық және сапалық бағалауды қамтитын кешенді талдауға бағытталған: бизнес-модельді талдау, капитал тәуекелдері, өтімділік тәуекелдері, корпоративтік басқару.
Жүйе 37 сандық көрсеткіш пен 834 сапалық мәселелердің жиынтығына негізделген. Жаңа тәсіл сақтандыру компанияларының жай-күйінің толық ашықтығын қамтамасыз ете отырып, негізгі көрсеткіштердің ағымдағы жай-күйі мен серпінін, сол сияқты тәуекелдердің нақты шоғырлану деңгейін егжей-тегжейлі бағалауға мүмкіндік береді.
Сапалы мәселелер арқылы тәуекелдерді басқару жүйесінің дамуы, бизнес-процестер мен қабылданған шешімдердің сапасы, цифрландыру деңгейі, сондай-ақ корпоративтік басқарудың жетілуі бағаланады.
Модельдің негізгі элементі сақтандыру компанияларының менеджментімен және бөлімшелерінің басшыларымен олардың тәуекел-бейінін терең талдауға және қадағалау бағалауының транспаренттілігін арттыруға бағытталған сұхбат жүргізу болып табылады.
«Әзірленген әдіснаманы сынақтан өткізу мақсатында 2025 жылы пилоттық режимде сақтандыру ұйымдарының тобына кешенді қадағалап бағалау жүргізілді, бұл модельді бизнес-модельдердің алуан түрлерінде сынауға мүмкіндік берді. Пилоттық жобаның нәтижелері ағымдағы нарықтық жағдайларда SRES тәсілінің пәрменділігін және релеванттылығын растады, осыған байланысты сақтандыру нарығының барлық субъектілерін бағалауды қамту үшін Агенттік бұл жобаның ауқымын кеңейтуге бастама жасады», – деп атап өтті Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов.
2026 жылдан бастап қадағалап бағалау жыл сайынғы негізде жүргізілетін болады, 2027 жылдан бастап қадағалау шаралары мен шешімдерін, оның ішінде компаниялардың тәуекелдер бейініне және ішкі бақылау жүйесінің сапасына байланысты капиталға қадағалау үстемеақысын қолдану көзделеді.
Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша сақтандыру компанияларының даму бағыттарын және қалыптасқан қадағалау күтулерін қоса алғанда, жаңа қадағалау моделін енгізу нәтижелері көрсетілетін егжей-тегжейлі есеп дайындалды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы