
Алматыда Сақтандыру нарығын дамыту тұжырымдамасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Еуропа Қайта құру және даму банкінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Мемлекеттік кредиттік бюроның, Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының өкілдері, нарыққа қатысушылар, сондай-ақ халықаралық консультанттар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында сақтандыру секторын одан әрі дамытудың және оның орнықтылығын арттырудың негізгі бағыттары, оның ішінде сақтандырудың міндетті сыныптарын кеңейту, сақтандыру қызметтерін сату арналарын оңтайландыру, сақтандыру нарығының инфрақұрылымын жетілдіру және саланы одан әрі цифрландыру мәселелері қаралды.
Бүгінгі күні Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, кәсіби қоғамдастықтың және халықаралық консультанттардың қатысуымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және Сақтандыру қызметі туралы жаңа заң жобасын әзірлеуде.
Дөңгелек үстел жұмысы екі сессия форматында өтті. Біріншісі – жалпы сақтандыру жөніндегі компаниялардың қатысуымен, оның шеңберінде міндетті сақтандыруды реттеудің икемді нарықтық моделіне көшу, отандық сақтандыру нарығының сыйымдылығын арттыру және ерікті медициналық сақтандыруды дамыту мәселелері талқыланды.
Екінші сессия өмірді сақтандыру саласын дамыту мәселелеріне арналды. Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту және зейнетақы аннуитеттік сақтандыру саласында жаңа сақтандыру өнімдерін құру мәселелері талқыланды.
Іс-шараны аша отырып, Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы бойынша жұмыс сақтандыру ұйымдары өкілдерінің белсенді қатысуымен сындарлы түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Агенттік басшысы Сақтандыру қызметі туралы жаңа заңды әзірлеу бойынша жұмысты күшейту қажеттілігін атап өтті.
Жалпы алғанда, Қазақстанның сақтандыру секторы орнықты өсуді көрсетуді және елдің қаржы жүйесіндегі өз ұстанымын нығайтуды жалғастыруда. Бүгінгі күні нарық барлық негізгі көрсеткіштер бойынша орнықты өсуді көрсетіп отыр. Сектор активтері жыл басынан бері 8,3%-ға ұлғайып, 1 маусымдағы жағдай бойынша 4,2 трлн теңгені құрады. Сектордың міндеттемелері 3,1 трлн теңгені құрады, бұл жыл басындағы көрсеткіштен 11,4%-ға жоғары. Бұл кезеңде сақтандыру сыйлықақылары 674,5 млрд теңгені және төлемдер 197,5 млрд теңгені құрады.
Талқылау нәтижесінде сақтандыру нарығын дамытудың негізгі бағыттарын қамтитын реформалар кешені қалыптастырылды, олар нарыққа қатысушылармен одан әрі талқылау үшін ұсынылды. Реформаларды іске асыру бойынша одан әрі жұмыс нарыққа қатысушылармен және мүдделі мемлекеттік органдармен бастамаларды дәйекті келісу форматында өтетіні және Сақтандыру нарығы туралы жаңа заң жобасы шеңберінде негізгі шешімдерді бекіте отырып жүргізілетіні атап өтілді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанның сақтандыру нарығын одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар мен практикалық ұсынымдар әзірледі.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы