
Сіздің атыңызға кредит берілгенін қалай білуге болады?
Сіз өзіңіздің кредиттік тарихыңызды үнемі тексеріп отыруыңыз керек.
Есепті Мемлекеттік кредиттік бюродан, Бірінші кредиттік бюродан, ХҚО-дан немесе egov.kz. порталы арқылы алуға болады.
Өзіңіздің кредиттік тарихыңызды тоқсанына 1 рет тексеріп отыру қажет.
Алаяқтық кредит ресімделген жағдайда не істеу керек?
Ең алдымен дереу банкке немесе микроқаржы ұйымына хабарлау қажет. Ол үшін кредиторға қоңырау шалу немесе картаны, шотты және мобильдік бағдарламаға қолжетімділікті бұғаттау туралы жазбаша өтініш жіберіп, сондай-ақ күні мен уақытын көрсете отырып, өтінішті тіркеу қажет.
Жазбаша өтініш жасаған кезде оны тіркеу туралы растауды сұрату қажет. Бұл кредитормен және мемлекеттік органдармен одан әрі өзара іс-қимыл жасау үшін қажет.
Сондай-ақ қолда бар барлық дәлелдемелерді сақтау маңызды. Сөйлесулер мен дауыстық хабарламалардың (бар болса), SMS және растау кодтарының жазбаларын, мессенджерлердегі хабарламаларды, кредитордың хабарламаларын, шоттар бойынша үзінді-көшірмелер мен ақша қаражатын алушылардың деректемелерін қоса алғанда, қоңыраулар мен хат алмасуларды тіркеу қажет.
Осыдан кейін полицияға жүгіну керек. Өтінішті eGov, e-Otinish порталы арқылы немесе тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция органына жеке тапсыруға болады. Өтініш міндетті тіркеуге жатады, содан кейін сотқа дейінгі тергеу басталады.
Өтініште кредиттің күні мен сомасын, кредитордың атауын, қарызды ресімдеу мән-жайларын, алаяқтыққа қатысы бар адамдардың белгілі байланыстарын көрсету, сондай-ақ қолда бар материалдарды - скриншоттарды, үзінді-көшірмелерді, хат алмасуларды және өзге де дәлелдемелерді қоса беру қажет. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген кезден бастап алаяқтық фактісі бойынша ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі қозғалады.
Полицияға жүгіну жәбірленушіні тану туралы қаулыны не полицияның ұйғарымын алуға мүмкіндік береді. Тергеу барысында кредитті ресімдеудің мән-жайлары анықталады, дербес деректерді пайдалану фактілері тексеріледі және қатысы бар адамдарды анықтау бойынша шаралар қабылданады. Қаулыны алысымен кредиторға жүгіну қажет. Бұл ретте құжатта кредиттің сомасы, ресімделген күні және кредитордың атауы көрсетілгені маңызды. Осы құжаттың негізінде кредитор 3 күнтізбелік күннен кешіктірмей берешекті өндіріп алуды және кредит бойынша шағым-талап жұмысын тоқтата тұруға міндетті. Қажет болған кезде кредитор мән-жайларды тексеру үшін қосымша мәліметтер сұратуға құқылы.
Егер кредит коллекторларға берілген болса, оларға да қылмыстық істің және іс жүргізу құжатының бар екендігі туралы хабарлау қажет. Кредитор немесе коллекторлық ұйым әрекетсіздік танытқан жағдайда, азамат тексеру жүргізу және қадағалап ден қою шараларын қабылдау үшін e-Otinish порталы арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Полиция қызметкерлерінің әрекетімен немесе әрекетсіздігімен келіспеген жағдайда аумақтық органның басшылығына жүгінуге, e-Otinish арқылы шағым беруге немесе прокуратура органдарына жүгінуге болады.
Бұл ретте, алаяқтық фактісінің өзі қарызды автоматты түрде есептен шығару дегенді білдірмейтінін түсіну маңызды. Есептен шығару тек кредит беру кезінде кредитор тарапынан бір мезгілде алаяқтық және бұзушылықтар фактісі анықталған кезде ғана мүмкін.
Мән-жайларға байланысты анық бұзушылықтар болған кезде соттан тыс есептен шығару не мәселе сот тәртібінде қаралуы мүмкін.
Толық жадынама Агенттіктің сайтында қолжетімді.
Қосымша пайдалы материалдарды Fingramota.kz. сайтында алуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы