
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының «Қаржылық өнімдерді басқаруға қойылатын талаптарды, іс-қимылды қадағалау субъектісі уәкілетті қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау органына бекітілуі, өзгертілуі және ұсынылуы тоқтатылуы туралы хабарлайтын қаржылық өнімдердің (мөлшерлемелері мен тарифтері көрсетілген) тізбесін, осындай хабарлау тәртібін, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесін бекіту туралы» қаулысының жобасын Агенттік әзірледі.
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заңның негізгі бағыттарының бірі – тәуекелге бағдарланған іс-қимылды қадағалауды енгізу. Бұл қаржы ұйымымен өзара іс-қимылдың барлық кезеңінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған заманауи реттеу үлгісі болып табылады. Іс-қимылды қадағалаудың негізгі тәсілдері мен тетіктері тиісті заңнамалық түзетулерді талқылау және әзірлеу барысында қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп пысықталып, келісілді. Әзірленген жоба аталған заңнамалық өзгерістерді іске асыруға бағытталған негізгі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің бірі болып табылады. Жобада көзделген тәсілдер Ұлыбританияда, Еуропалық одақ елдерінде және Аустралияда қолданылатын қаржы нарығын реттеу және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық тәжірибеге негізделген.
Жобаның мақсаты – қаржылық қызметтерді тұтынушылар болып табылатын жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қаржылық өнімнің бүкіл өмірлік циклі барысында, яғни оны әзірлеуден және тұтынушылардың мақсатты тобын айқындаудан бастап, ұсыну, сүйемелдеу және ұсынуды тоқтатуға дейін қорғауды қамтамасыз ету.
Жобада екінші деңгейдегі банктерге, сақтандыру ұйымдарына, микроқаржы ұйымдарына және бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қаржылық өнімдерді басқару жөніндегі бірыңғай талаптар белгіленеді.
Жобаның негізгі элементтерінің бірі – тұтынушылардың мүдделерін қаржылық өнімнің өмірлік циклінің барлық кезеңінде ескеруді көздейтін тәсілді енгізу. Атап айтқанда, қаржы ұйымдары қаржылық өнімді тұтынушылардың мақсатты тобын айқындауға, тұтынушылар үшін тәуекелдерді бағалауға, өнім шарттарының түсініктілігін қамтамасыз етуге және өнімді ұсынғанға дейін оның тұтынушының мақсаттары мен қажеттіліктеріне сәйкестігін бағалауға міндетті болады.
Жобада қаржылық өнімдерге тұрақты мониторинг жүргізу тетіктері көзделген. Осы мақсатта қаржы ұйымдары тұтынушылардың өтініштерін, шарттардың мерзімінен бұрын тоқтатылу жағдайларын және өнімнің ықтимал кемшіліктерін уақтылы анықтауға әрі қажетті түзету шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін өзге де көрсеткіштерді талдайтын болады.
Сонымен қатар қаржылық өнімдерді жарнамалау мен ілгерілетуге қойылатын талаптар белгіленеді. Жарнамада қаржылық өнімнің сипаттамалары, құны мен тәуекелдері туралы толық ақпарат қамтылып, тұтынушыларды жаңылыстырмауы тиіс.
Құжат қаржылық өнімнің маңызды талаптарын жасыру немесе бұрмалау, қосымша қызметтерді таңу, өнімнің құны туралы ақпаратпен айла-шарғы жасау сияқты жосықсыз тәжірибелердің алдын алуға да бағытталған.
Жоба қаржылық өнімдерді Агенттікпен келісуді көздемейді. Жобада қаржы ұйымдары бекітілгеннен, өзгертілгеннен немесе ұсынылуы тоқтатылғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде Агенттікке хабарлауға міндетті қаржылық өнімдердің тізбесі, сондай-ақ осындай хабарлау тәртібі айқындалады.
Ұсынылып отырған шаралар неғұрлым ашық әрі тұтынушыға бағдарланған қаржы нарығын қалыптастыруға, қаржылық өнімдердің сапасын арттыруға және азаматтар үшін тәуекелдердің туындауына дейін олардың алдын алуға бағытталған.
Қаулы жобасы жария талқылау үшін Агенттіктің интернет-ресурсында және «Ашық НҚА» порталында орналастырылды.