Қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын талаптар туралы

Қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын талаптар туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын талаптарды, іс-қимылды қадағалау субъектісі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды қаржы өнімдерін бекіту, өзгерту және ұсынуды тоқтату туралы хабардар ететін қаржы өнімдерінің тізбесін (мөлшерлемелері мен тарифтері көрсетіле отырып), осындай хабарлаудың тәртібін, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесін бекіту туралы» Агенттік Басқармасының қаулысының жобасын әзірледі.

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа Заңның негізгі бағыттарының бірі – тәуекелге бағдарланған іс-қимылды қадағалауды енгізу. Бұл қаржы ұйымымен өзара іс-қимылдың барлық кезеңдерінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған реттеудің заманауи үлгісі болып табылады. Іс-қимылды қадағалаудың негізгі тәсілдері мен тетіктері тиісті заңнамалық түзетулерді талқылау және әзірлеу барысында қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп пысықталды және келісілді.

Әзірленген жоба аталған заңнамалық өзгерістерді іске асыруға бағытталған негізгі заңға тәуелді актілердің бірі болып табылады. Жобада көзделген тәсілдер Ұлыбританияда, Еуропалық одақ елдерінде және Аустралияда қолданылатын қаржы нарығын реттеу және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық практикаға негізделген.

Жобаның мақсаты – қаржылық қызметтерді тұтынушы – жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қаржы өнімін қолдану барысында ­– оны әзірлеуден және тұтынушылардың нысаналы тобын айқындаудан бастап, ұсыну, сүйемелдеу және ұсынуды тоқтатуға дейін қорғауды қамтамасыз ету.

Жобада екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру ұйымдары, микроқаржы ұйымдары және бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін қаржы өнімдерін басқару жөніндегі бірыңғай талаптар белгіленеді.

Жобаның негізгі элементтерінің бірі қаржы өнімінің қолданылу циклінің барлық кезеңдерінде тұтынушылардың мүдделері ескерілетін тәсілді енгізу болып табылады. Атап айтқанда, қаржы ұйымдары қаржы өнімін тұтынушылардың нысаналы тобын айқындауға, тұтынушылар үшін тәуекелдерді бағалауға, өнім шарттарының түсініктілігін қамтамасыз етуге және оны ұсынғанға дейін өнімнің тұтынушының мақсаттарына (қажеттіліктеріне) сәйкестігін бағалауға тиіс.

Жобада қаржы өнімдерін тұрақты мониторингтеу тетіктерін енгізу көзделген. Бұл үшін қаржы ұйымдары тұтынушылардың жолданымдарын, шарттардың мерзімінен бұрын тоқтатылу жағдайларын және өнімнің ықтимал кемшіліктерін уақтылы анықтауға және қажетті түзету шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін өзге де көрсеткіштерді талдайтын болады.

Жарнамаға және қаржы өнімдерін ілгерілетуге қойылатын талаптар қосымша белгіленеді. Жарнама қаржы өнімінің сипаттамалары, құны мен тәуекелдері туралы толық ақпаратты қамтуға және тұтынушыларды жаңылыстырмауға тиіс.

Сондай-ақ, құжат қаржы өнімнің елеулі шарттарын жасыруды немесе бұрмалауды, қосымша қызметтерді тықпалауды, өнімнің құны туралы ақпаратпен айла-шарғы жасауды қоса алғанда, жосықсыз практикалардың алдын алуға бағытталған.

Жоба қаржы өнімдерін Агенттікпен келісуді көздемейді.

Жобада қаржы ұйымдары оларды бекіткеннен, өзгерткеннен немесе ұсынуды тоқтатқаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде Агенттікті хабардар етуге міндетті қаржы өнімдерінің тізбесі, сондай-ақ осындай хабарламаның тәртібі айқындалады.

Ұсынылып отырған шаралар неғұрлым ашық және тұтынушыға бағдарланған қаржы нарығын қалыптастыруға, қаржы өнімдерінің сапасын арттыруға және азаматтар үшін тәуекелдердің олар туындағанға дейін алдын алуға бағытталған.

Қаулы жобасы Агенттіктің сайтында және "Ашық НҚА" порталында жария талқылау үшін жарияланды.