Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ-нің шекті мөлшерін белгілеуге сараланған тәсіл туралы

Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ-нің шекті мөлшерін белгілеуге сараланған тәсіл туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қарыздар және микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 28 сәуірдегі № 84 және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2026 жылғы 29 сәуірдегі № 51 бірлескен қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Агенттік Басқармасы мен Ұлттық Банк Басқармасының Бірлескен қаулысының жобасын әзірледі.

Жоба нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында әзірленді және нормативтік құқықтық актілердің келісілуін қамтамасыз етуге және талаптардың қайталануын болғызбауға бағытталған.

Негізгі өзгеріс 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшерін белгілеуге қарыз мөлшерінің кепіл нысанасының құнына қатынасы коэффициентіне (Loan-to-Value, LTV) байланысты сараланған тәсілді енгізу болып табылады.

LTV индикаторы ипотекалық қарыз сомасының кепілмен қамтамасыз ету құнына қатынасын көрсетеді және ипотекалық кредит берудегі кредиттік тәуекелдің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады.

Бұдан басқа, LTV көрсеткіші сатып алынатын тұрғын үй құнындағы қарыз қаражатының үлесін көрсетеді және қарыз алушының бастапқы жарнасының мөлшеріне байланысты болады. Бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, LTV мәні, қарыз қаражатының үлесі және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кредиттік тәуекел деңгейі соғұрлым төмен болады.

Осыған байланысты жобада ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖЭТСМ шекті мөлшерін төмендегідей белгілеу көзделеді:

  • LTV мәні қоса алғанда 0,7-ге дейін 20%-ға дейін;
  • LTV мәні 0,7-ден жоғары болған кезде 25%-ға дейін.

Осылайша, бастапқы жарнасы оның құнының кемінде 30%-ы болатын тұрғын үй сатып алатын қарыз алушылар ипотекалық тұрғын үй қарыздарын неғұрлым төмен құны бойынша ала алады.

Ұсынылған тетік қарыз алушылардың бастапқы жарнаны қалыптастыруын ынталандыруға, ипотекалық нарықты реттеудің тәуекелге бағдарлануын арттыруға, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша неғұрлым әділ баға белгілеуді қамтамасыз етуге және банк секторының орнықтылығын қолдауға бағытталған.

Бұл ретте 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 2027 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖСТМ-нің шекті мөлшері қолданыстағы деңгейде – 25% болып сақталады.

Қаулы жобасының толық мәтінімен Агенттіктің сайтында танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz.