Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстанда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтандыру саласындағы даулы мәселелер бойынша азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарайтын тәуелсіз делдал – сақтандыру омбудсманы институты жұмыс істейтінін еске салады.
Жеке тұлғалар мен шағын бизнес субъектілері сақтандырудың барлық түрлері бойынша дауды реттеу үшін сақтандыру омбудсманына жүгіне алады, бұл ретте талаптар сомасы айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Өзге заңды тұлғалар сақтандыру омбудсманына міндетті автосақтандыру бойынша дауларды реттеу үшін ғана жүгіне алады.
Сақтандыру омбудсманының негізгі міндеті дауларды соттан тыс тәртіппен әділ және уақтылы реттеуге жәрдемдесу болып табылады. Өтініштерді қарау ұсынылған құжаттарды талдау, тараптардың консультациялары және сақтанушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған ұсынымдар әзірлеу жолымен жүзеге асырылады.
Сақтандыру омбудсманына жүгіну тегін болып табылады. Бұл дау тараптарына қосымша қаржылық шығындарсыз және ұзақ сот талқылауынсыз өз мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, сақтандыру омбудсманы тұтынушыларға сақтандыру шарттарының талаптарын,сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін жақсы түсінуге көмектесу арқылы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмысын жүргізеді.
Өтініш беруші қабылданған шешімдермен келіскен жағдайда сақтандыру омбудсманының шешімін сақтандыру ұйымы орындауға міндетті.
Омбудсманның шешімімен келіспеген жағдайда, өтініш беруші талап арызға дауды сотқа дейінгі реттеудің міндетті тәртібінің сақталуын растау ретінде омбудсманның шешімін қоса бере отырып, сотқа жүгінуге құқылы.
Сақтандыру омбудсманына жүгіну үшін өтініш беруші сақтандыру ұйымын сақтандыру омбудсманына жүгіну ниеті туралы алдын ала хабардар етуі және үш жұмыс күні өткеннен кейін, келіспеушіліктер реттелмеген не жауап болмаған жағдайда, дау нысанасына қатысты құжаттарды қоса бере отырып, сақтандыру омбудсманына өтініш жіберуі қажет.
Өтінішті қалай беруге болады?
Сақтандыру омбудсманына жүгінуге арналған құжаттар тізбесі
Сақтандыру омбудсманының байланыс нөмірлері:+7(727)382-41-74,+7(727)265-54-70.
Барынша пайдалы материал Fingramota.kz. сайтында қолжетімді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы