Еурохаттама: ЖКО кезінде сақтандыру төлемдерін ресімдеудің жеңілдетілген тәртібі қалай жұмыс істейді?

Еурохаттама: ЖКО кезінде сақтандыру төлемдерін ресімдеудің жеңілдетілген тәртібі қалай жұмыс істейді?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлеміне өтінішті ресімдеудің оңайлатылған тәртібі (Еурохаттама) туралы еске салады.

Еурохаттама жол-көлік оқиғасына (ЖКО) қатысушыларға жол полициясы қызметкерлерін шақырмай және сотқа жүгінбей, апат орнында сақтандыру ұйымына тікелей сақтандыру төлеміне өтініш жіберуге мүмкіндік береді. Ол үшін мынадай шарттар қажет: жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы қатысады, екі жүргізушіде де қолданыстағы сақтандыру полисі бар, залал сомасы 100 АЕК-тен аспайды, қатысушылар арасында кінәлі тарапқа қатысты келіспеушіліктер жоқ. Сондай-ақ, ЖКО салдарынан ешкімнің өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүлкіне зиян келтірілмеуі міндетті шарт болып табылады.

Еурохаттаманы ресімдеу үшін ЖКО-ға қатысушылардың екеуіне де «Europrotocol», «DTP.kz» немесе «Halyk Kazakhstan» мобильді қосымшалардың біреуін жүктеп алу қажет. Мобильді қосымшалардан басқа, сақтандыру ұйымдарының ресми интернет-ресурстары арқылы сақтандыру төлеміне жүгінуге болады. Одан әрі сәйкестендіруден өтіп,  декларацияларды толтыру қажет, апат болған жерден фотосуреттер мен видеоларды тіркеу керек – содан кейін өтініш автоматты түрде сақтандыру ұйымына жіберіледі. ЖКО қатысушылары сақтандырушының декларацияны қабылдағаны туралы хабарлама алғанға дейін көлік оқиғасы болған жерден кетпеуге тиіс. Әрі қарай қатысушылар оқиға орнынан кете алады. Жол полициясын шақыру  және сотқа жүгіну талап етілмейді.

Бүгінгі күні Еурохаттама бойынша 27 822 оқиға бойынша 5,5 млрд теңге төленді. Бұл тетікті пайдалану сақтандыру төлемдерін алу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жол инфрақұрылымы мен сот жүйесіне жүктемені азайтуға ықпал етеді.

Барынша пайдалы материал Fingramota.kz. сайтында қолжетімді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz