
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Агенттік Басқармасының «Мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік қарыз шарттары мен тұтынушылық микрокредит беру туралы шарттар бойынша қарыз алушы жеке тұлғалардың берешегін ұжымдық реттеудің цифрлық платформасының жұмыс істеу тәртібін бекіту туралы» қаулысының жобасын әзірледі.
Қаулы жобасы жеке тұлғалардың кепілсіз қарыздар бойынша берешегін ұжымдық реттеудің цифрлық платформасының жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
Платформа қарыз алушылардың, кредиторлардың және өзге де қатысушылардың өзара іс-қимылын, өтінімдерді беру мен қарауды автоматтандыруды, төлем кестелерін қалыптастыруды және электрондық құжаттарға қол қоюды қамтамасыз етуге тиіс.
Бұдан басқа, қаулы жобасында пайдаланушыларды сәйкестендіруге, дербес деректерді қорғауға, ақпараттық қауіпсіздікке, сыртқы жүйелермен интеграциялауға және ақпаратты сақтауға қойылатын талаптар белгіленеді. Сондай-ақ қатысушылардың рөлдері, қол жеткізу тәртібі, міндеттемелердің орындалу мониторингі және платформаның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету регламенттеледі.
Қаулы жобасының мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің ресми сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы