
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Болашақтың қаржысы: ұлттық экономиканы дамытудың сын-қатерлері мен жаңа мүмкіндіктері» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII республикалық студенттік пәндік олимпиада өткізді.
Іс-шара «Тұран» университетінде Агенттіктің Fingramota.kz. халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жобасы аясында өтті.
Олимпиаданы өткізу студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға, тәжірибе алмасуға және елдің жетекші жоғары оқу орындарымен қаржы секторының өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін академиялық және кәсіби қоғамдастық үшін маңызды оқиға болды.
Олимпиадаға Қазақстанның 12 жетекші университеттерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін, талдамалық тұрғыдан ойлауды, көшбасшылық қабілеттерін және командада тиімді жұмыс істей білу қабілетін көрсетті.
Конкурстық бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрды: кәсіби құзыреттіліктерді кешенді тестілеу, капитандардың «Finance IQ» зияткерлік блиці, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобаларын қорғау. Қазылар алқасының құрамына Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері кірді.
Олимпиада қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті, екінші орынды Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті және Almaty Management University, үшінші орынды М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, А. Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты және «Тұран» университеті иеленді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы