Берешекті реттеу: қарыз алушы нені білуі қажет?

Берешекті реттеу:  қарыз алушы нені білуі қажет?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға сәйкес қарыз алушылардың банктермен, микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимылының бірыңғай тетігі жұмыс істейтінін еске салады.

Қарыз алушы нені білуі қажет?

Қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда қарыз алушы міндеттемелерді орындау шарттарын өзгерту туралы өтінішпен өзінің кредиторына (банк, МҚҰ немесе коллекторлық агенттік) жүгінуге құқылы.

Өтінішке қаржылық жағдайдың нашарлауын немесе кешіктіру себептерін растайтын құжаттар қоса берілуі қажет. Бұл жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама, жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы, жалақысы сақталмайтын демалыс беру туралы актісі немесе жақын туыстарының, қарыз алушының жұбайының (зайыбының) ауруын растайтын еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама, қарыз алушының жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) қайтыс болғаны туралы куәлік/анықтама, қарыз алушыға жазатайым оқиға, үшінші тұлғалардың құқыққа қайшы әрекеттері нәтижесінде келтірілген материалдық залалды растайтын құжаттар, мүгедектік туралы анықтама, сот актілері және қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлау фактісін растайтын басқа да құжаттар болуы мүмкін.

Өтініш кредитордың мекен жайы бойынша жеке, сондай-ақ егер бұл шартта көзделген болса, мобильді қосымша немесе электрондық пошта арқылы берілуі мүмкін.Қарыз шарттарын өзгертуге өтініш беру тәртібінің егжей-тегжей жағдайларын кредитордан білуге болады.

Өтінішті қарау және кредитордың шешім қабылдауы күнтізбелік 15 күнге дейін уақыт алады.

Егер кредитордың шешіміне қанағаттанбасаңыз, не істеу керек?

Егер кредитордың шешімі қарыз алушыны қанағаттандырмаса, онда ол банк немесе микроқаржы омбудсмандарына жүгінуге құқылы.

Банктік қарыз бойынша өтінішті bank-ombudsman.kz сайты арқылы жіберу қажет.  Өтінішке шарт және төлемдер кестесі, банкке немесе коллекторлық агенттікке жүгінудің дәлелі және олардың жауабы, сондай-ақ қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттар қоса берілуі қажет.

МҚҰ-ға қарыздар бойынша өтінішті mfombudsman.kz. сайты арқылы жіберу қажет.  Өтінішке өтініш пен сауалнама, микроқарыз шарты және өтеу кестесі, МҚҰ-ға өтініштің дәлелі және олардың жауабы, сондай-ақ қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттар қоса берілуі қажет.

Банк және микроқаржы омбудсмандарының қызметтері тегін. Олардың шешімдерін банктер мен МҚҰ орындауға міндетті. Омбудсмандар қарыз алушы мен кредитор үшін өзара қолайлы шешім табуға көмектеседі.

Маңызды: омбудсманға өтінішті кредиторға ресми түрде жүгінгеннен кейін және жауап алғаннан кейін ғана бере аласыз. Ақылы «делдалдар» деп аталатын адамдарға көмекке жүгіну ұсынылмайды. Кредитор мен омбудсмандарға өтінішті дербес түрде  бере аласыз.

Жеке тұлғалардың банкроттық рәсімі қалай өтеді? 

Егер қарыз алушының борышты өтеуге мүмкіндігі болмаса, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңда жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығы рәсімі көзделген.

Банкроттық рәсімі қарыз алушыларға берешек мәселелерін заңды түрде шешуге және борыштық міндеттемелерін толығымен тоқтатуға мүмкіндік береді, бірақ оны бастамас бұрын барлық салдарды бағалау қажет.

Маңызды: банкроттықтың өз салдары бар (рәсім аяқталғаннан кейін 5 жыл ішінде қарыз алушы жаңа кредиттер мен микрокредиттер ала алмайды, рәсім аяқталғаннан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі, қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады).

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz