
Парламент Мәжілісінде «Рейтингтік қызмет туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейтингтік қызмет мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының бірінші оқылымы өтті.
Заң жобалары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру үшін әзірленді.
Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген кезде Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Жаңа Заң алғаш рет Қазақстандағы кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеудің құқықтық негізін белгілейді, олардың мәртебесін, қызмет шарттарын, тәуелсіздікке, ашықтық пен есептілікке қойылатын талаптарды айқындайды», - деп айтты.
Кредиттік рейтингтерді кредиттік тәуекелді бағалау және инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде инвесторлар, банктер және реттеушілер кеңінен қолданады. Бұл ретте Қазақстанда ұлттық рейтингтік бағалау жүйесі және құқықтық базасы қалыптаспаған. Рейтингтерді негізінен қаржы ұйымдары мен ірі бизнес компаниялары алады.
«Ұлттық рейтингтік жүйені құру ШОБ үшін капитал нарығына шығуды жеңілдетеді. Бұл қарыз алу құнын төмендетуге, ақпараттық асимметрияны азайтуға және эмитенттердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті М. Әбілқасымова.
Кредиттік рейтингтік агенттіктердің үш түрін көздейтін нарықтың институционалдық моделі енгізіледі.
Біріншіден, тәуелсіз ұлттық рейтингтік бағалау институты ретінде Қазақстанның рейтингтік агенттігін құру. Оның акционерлері Ұлттық Банк, халықаралық рейтингтік агенттік және басқа да қаржы ұйымдары болады. Ұлттық Банк агенттіктің қаржылық орнықтылығын және қаржы нарығы тарапынан сенімді қамтамасыз етеді.
Екіншіден, халықаралық рейтингтік агенттіктер. Бұл – Standard&Poor's, Moody's, Fitch рейтингтік агенттіктері мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының кемінде бес елі таныған басқа рейтингтік агенттіктер.
Сонымен бірге құжатта кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеу мен қадағалаудың толық циклі қалыптастырылады.
Агенттікке халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану, мониторингтеу және тануды кері қайтарып алу, сондай-ақ рейтингтік қызмет туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау өкілеттіктері беріледі.
Нарыққа кіруге рұқсат беру үшін халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерге біліктілік талаптары белгіленеді. Оған кемінде бес жыл қызмет тәжірибесі, меншікті капитал деңгейінің жеткілікті болуы, тексеруден өткен әдіснамасы және институционалдық тәуелсіздігі жатады.
Қазақстандық рейтингтік агенттік үшін жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптар заңға тәуелді деңгейде белгіленетін болады. Жарғылық капитал шамамен 10 млрд теңгені құрайды деп болжануда, бұл басқа елдердегі ұлттық рейтингтік агенттіктердің практикасына сәйкес келеді.
Басшы қызметкерлерге біліктілік талаптары белгіленеді. Оларға білімінің, жұмыс тәжірибесінің және мінсіз іскерлік беделдің болуы жатады.
Қазақстандық рейтингтік агенттік үшін реттеушіге өз қызметі туралы ақпаратты, оның ішінде рейтингтер, әдіснамалар және тарихи статистика туралы деректерді беру міндеті енгізіледі. Ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарбелгіленеді.
Агенттікке қызметті тексеру және қадағалау шараларын қолдану бойынша өкілеттіктер беріледі.
Заң жобасында рейтингтік қызметтің негізгі элементі ретінде рейтингтерді беру әдіснамаларын реттеу қарастырылған.
«Рейтингтік қызмет тек бекітілген әдіснамалар негізінде жүзеге асырылады. Әдіснамаларға қойылатын талаптар белгіленеді. Олар кредит қабілетін кешенді бағалауды, тәуекелдің барлық маңызды факторын ескеруді, тарихи деректер негізінде салыстыруды және тексерілуді қамтамасыз етуге тиіс», - деп нақтылады реттеушінің басшысы.
Бұған қоса әдіснамаларды жылына кемінде бір рет тұрақты жаңартып отыру талабы енгізіледі. Әдіснамаларда қателер анықталған жағдайда оларды ашу міндеті енгізіледі.
Заң жобасында рейтингтік агенттіктердің институционалдық және операциялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар енгізіледі.
Мүдделер қақтығысын анықтау және басқару бойынша ішкі саясаттардың болуына қойылатын талаптар қарастырылады. Рейтингтік қызметті өзге қызмет түрлерінен нақты бөлу, сондай-ақ консультациялық қызметтер көрсетуге тікелей тыйым салынады.
Рейтингтер тәуелсіз болуы үшін рейтингтік талдаушыларға қойылатын талаптар енгізіледі. Олардың сыйақысы клиенттердің қаржылық нәтижелері мен табысына байланысты болмауы керек. Талдаушылардың міндетті ротациясы енгізіледі. Сонымен бірге үлестес болуға шектеу қойылады және рейтинг берілетін тұлғалардың қаржы құралдарын иеленуіне тыйым салынады.
Корпоративтік басқаруға және меншік құрылымына қойылатын талаптар белгіленеді. Қазақстанның рейтингтік агенттігінің капиталына қатысу үлесіне 10 пайыздан аспайтын лимит енгізіледі. Директорлар кеңесіне жоғары талаптар енгізіледі, яғни Директорлар кеңесінің кемінде жартысы тәуелсіз директорлар болуға тиіс.
Заң жобасының маңызды жаңалығы рейтингтік агенттіктер үшін ақпаратты ашу стандарттарын белгілеу болып табылады.
Барлық рейтингтік агенттіктер өздерінің интернет-ресурсында әдіснамаларды, баға белгілеу саясатын және орын алған мүдделер қақтығысын ашық жариялауға міндетті.
Рейтингтер бойынша дефолт деңгейлері туралы тарихи деректерді жариялау туралы талап енгізіледі. Агенттік жыл сайын бенефициарлық меншік иелерінің құрылымын, ішкі бақылау нәтижелерін қамтитын қызметтің ашықтығы туралы есепті ашуға міндетті болады.
Заң жобасы 7 тараудан, 30 баптан тұрады. Ол рейтингтік қызметті мемлекеттік реттеу мен қадағалаудың кешенді моделін құрайды. Ілеспе заң жобасымен 3 кодекске және 18 заңға түзетулер енгізіледі.
«Рейтингтік қызметті реттеудің негізгі мақсаты – рейтингті пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттіктер қызметінің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету», - деп атап өтті реттеушінің басшысы.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы