Микроқаржыландыру секторындағы негізгі өзгерістер туралы

Микроқаржыландыру секторындағы негізгі өзгерістер туралы

Банктік емес ұйымдарды реттеу Департаментінің директоры Нұржан Бидайбектің түсіндірмесі

Ағымдағы жылғы 19 наурызда қаржы нарығын, оның ішінде микроқаржы секторын одан әрі дамытуға және реттеуге бағытталған ҚР Заңы күшіне енді. Қабылданған өзгерістер қазіргі заманғы сын-қатерлер мен халықаралық практикаларды ескереді және нарық жұмысының неғұрлым орнықты әрі ашық моделін қалыптастырады.

Негізгі жаңалықтардың бірі тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу арқылы микроқаржы ұйымдарын тәуекелге бағдарланған қадағалауды күшейту болды. Біз бизнес бөлімшелер, тәуелсіз тәуекел-менеджмент және комплаенс , сондай-ақ ішкі аудит бөлімшелері арасындағы функциялар мен жауапкершіліктің ара-жігін нақты ажыратуды қамтамасыз ететін «үш қорғаныс желісі» моделіне өтеміз. Бұл ұйымдардағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын атап өту маңызды.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап тиісті талаптар міндеттемелер құрылымында тартылған қаражат басым болатын микроқаржы ұйымдарына қолданыла бастайды.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап нарықтың барлық басқа қатысушыларына қолданылады. Бұл тәсіл сектордың жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуін және тәуекелдерді басқарудың тиімді процестерін құру үшін қажетті құзыреттерді қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

МҚҰ басқарушы құрамының жауапкершілігін арттыру үшін олардың басшы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтіледі – қаржы саласындағы жұмыс өтіліне қойылатын талаптар белгіленді.

Тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу – МҚҰ-ның қаржылық орнықтылығын арттыруға, бүкіл сектордың тұрақтылығын нығайтуға және өз қызметінде жосықсыз практикаларды пайдалануға жол бермеуге бағытталған дамудың маңызды кезеңі.

Микроқаржыландыру субъектілеріне өзін-өзі бақылау элементтерін пайдалануға мүмкіндік беретін өзін-өзі реттеу институтын (ӨРҰ) енгізуге арналған құқықтық база Заңның маңызды құрамдас бөлігіне айналды.

Қаржы нарығында ӨРҰ енгізу практикасы шетелде, атап айтқанда, Австралия, Канада, Үндістан, Корея, Ресейде кеңінен қолданылады. Қазақстанда микроқаржыландыру саласында ӨРҰ құрылған жағдайда оған қаржылық қызметтерді тұтынушылардың жолданымдарын қарау, ӨРҰ қатысушыларын тексеру және оларға ішкі шараларды қолдану жөніндегі өкілеттіктер берілетін болады. Бұл ретте Агенттік жоғары тәуекелді субъектілер мен ӨРҰ қызметіне назар аудара отырып, барлық қадағалау функцияларын сақтап қалады.

Қазақстанның микроқаржыландыру нарығында өзін-өзі реттеу моделіне көшу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Елде микроқаржыландыру субъектілерінің қызметін біріктіру және үйлестіру тәжірибесін қалыптастырған микроқаржыландыру секторында 5 кәсіби қауымдастық жұмыс істейді.

Тұтынушылар мен мемлекет тарапынан секторға деген сенімді нығайту мақсатында ӨРҰ қызметінің нәтижелері барлық мүдделі тұлғалар үшін жария және қолжетімді болады. ӨРҰ тиімділігін бағалау үшін заңға тәуелді деңгейде ӨРҰ уәкілетті органға ұсынуға міндетті болатын, атап айтқанда, ағымдағы қызмет туралы, басқарушы құрам туралы, сондай-ақ ӨРҰ мүшелерін тексеру нәтижелері туралы есептілік тізбесі бекітілген.

ӨРҰ енгізу қадағалаудың тиімділігін арттыруға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қосымша қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нарыққа қатысушылар үшін бұл өзгерістер қызметтің бірыңғай стандарттарын, бұзушылықтар санының азаюын, ішкі бақылауды және тәуекелдерге тезірек ден қоюды білдіреді, бұл реттеушінің ресурстарын ағымдағы қадағалаудан нарықты дамытуға қайта бөлуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Заңмен Агенттіктің қадағалау аясына кірмейтін микроқаржыландыру нарығы субъектілерінің жауапкершілігі арттырылды. Мәселен, осының алдында қаржы ұйымы мәртебесінен айырылған  ұйымдар тарапынан қарыз алушыларға қатысты олардың борыш  жүктемесін шамадан тыс ұлғайту арқылы теріс пайдалану жағдайлары тіркелген.

Азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында микроқаржыландыру нарығының лицензиядан айырылған субъектілері, сондай-ақ олардың құқықтық мирасқорлары бұдан былай қарыз алушылармен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында қойылатын барлық талаптар мен шектеулерді сақтауға міндетті болады.

Ұйымдар азаматтардың тұтынушылық микрокредиттері бойынша берешекті өндіріп алуды, сондай-ақ ұйымның осындай берешегі бойынша талап ету құқықтарын лицензиядан айырылғаннан кейін 24 ай ішінде ғана басқаға беруді жүзеге асыра алады. Талап ету құқығы берілуі мүмкін адамдардың тізімі де шектелген.

Микроқаржы ұйымдарының  жеке тұлғалардың тұтынушылық микрокредиттері бойынша берешегін коллекторлық агенттіктерге сатуына мораторийді (тыйым салуды) 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзарту қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларға маңызды толықтыру болды.

Осылайша, қабылданған шаралар микроқаржыландыру нарығының ашықтығы мен орнықтылығын арттыруға, қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға және бірыңғай кәсіби стандарттарды қалыптастыруға бағытталған.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

 

Анықтама үшін:

Баспасөз релизінде көрсетілген нормалар Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының мына қаулыларымен бекітілді:

«Микроқаржылық қызмет саласында өзін-өзі реттейтін ұйымның және коллекторлық қызмет саласында өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» № 38 (2026 жылы 31 наурызда бекітілді);

«Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
№ 39 (2026 жылы 31 наурызда бекітілді); 

«Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулысының, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы кейбір қаулыларының жекелеген құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп тану туралы» № 50 (2026 жылы 3 сәуірде бекітілді); 

«Микроқаржылық қызмет саласында өзін-өзі реттейтін ұйымның және коллекторлық қызмет саласында өзін-өзі реттейтін ұйымның есептілікті ұсыну қағидаларын, тізбесін, нысандары мен оны ұсыну мерзімдерін бекіту туралы» № 51
(2026 жылы 3 сәуірде бекітілді); 

 «Микроқаржы ұйымдары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» № 59 (2026 жылы 7 сәуірде бекітілді).