Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың inbusiness.kz-тегі мақаласы
Банк заңнамасын реформалау жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Агенттік реттеуші кедергілерді төмендету, бәсекелестікті кеңейту және қаржы нарығының неғұрлым икемді моделін қалыптастыру бойынша дәйекті саясатты іске асыруда.
Банктер туралы жаңа Заңның негізгі жаңалықтарының бірі банктік лицензиялардың сараланған жүйесін - базалық және әмбебап жүйесін енгізу болып табылады.
Бұл шешім іс жүзінде банк секторын реттеудің жаңа моделіне көшуді бекітеді. Егер бұрын барлық банктерге олардың қызметінің ауқымы мен күрделілігіне қарамастан бірыңғай талаптар қолданылса, ендігі жерде реттеу қабылданатын тәуекелдердің мөлшерлестігі қағидаты бойынша құрылады.
Бұл модельдің ортасында базалық лицензия орналасқан, ол неғұрлым қарапайым бизнес-моделі бар банктер үшін нарыққа кіруге мүмкіндік береді. Мұндай банктер халықты, шағын және орта бизнесті кредиттеуге, сондай-ақ күрделі және тәуекелі жоғары операциялармен байланысты емес базалық қаржылық қызметтерді ұсынуға бағдарланған.
Базалық лицензияға арналған талаптардың конфигурациясы бастапқыда орнықтылыққа нұқсан келтірмей реттеушілік жүктемені төмендететіндей етіп құрылған. Капиталдың ең төменгі мөлшері 10 млрд теңге деңгейінде белгіленген, ал қызмет ауқымы 500 млрд теңге активтер шегімен шектелген. Сонымен бір мезгілде пруденциялық талаптар жеңілдетіледі, есептілік көлемі қысқарады және бір мезгілде қаржылық орнықтылық пен тұтынушылардың құқықтарын қорғау сақталған кезде қадағалау рәсімдерінің қарқындылығы төмендейді.
Қызметті реттеуге қойылатын талаптар айтарлықтай жеңілдетіледі: реттеушілік есептілік көлемі қысқарады, қадағалау рәсімдерінің жиілігі төмендейді. Капиталдың жеткіліктілігі мен өтімділігін бағалаудың күрделі ішкі рәсімдерін (ICAAP және ILAAP) енгізу талап етілмейді, бұл шағын бизнес-моделі бар банктер үшін операциялық және комплаенс-шығындарды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте талаптарды жеңілдету қабылданатын тәуекелдерді шектеумен қатар жүреді. Рұқсат етілген операциялардың тізбесі шектелген. Бейрезиденттерге және байланысты тұлғаларға кредит беруге, туынды қаржы құралдарымен операциялар жүргізуге, шетелдік активтерге инвестицияларға, сондай-ақ өзге де күрделі трансшекаралық операцияларға тыйым салу енгізіледі.
Бұл ретте базалық лицензиясы бар банктер негізгі банктік операцияларды – депозиттер тарту, кредит беру және есеп айырысу-кассалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мүмкіндігін сақтайды. Салымдарға кепілдік беру тетігі оларға толық көлемде қолданылады.
Әмбебап лицензия, өз кезегінде, банкті реттеудің қолданыстағы моделін сақтайды және банктік операциялардың барлық спектріне шектеусіз қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Осылайша, екі деңгейлі реттеу жүйесі қалыптасады, онда банктерге қойылатын талаптар олардың қызметінің ауқымына және қабылданған тәуекелдер деңгейіне тікелей байланысты болады. Базалық лицензия кіру нүктесі мен даму кезеңіне айналады, ал әмбебап – келесі деңгей болады, ол бойынша банк өсуі бойынша өтеді.
Тепе-теңдікті реттеуді енгізу соңғы жылдары дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқан банк секторын реформалаудың қисынды жалғасы болып табылады.
Бірінші қадам микроқаржы ұйымдарын банктерге айналдыру үшін заңнамалық мүмкіндік қалыптастырды. Тиісті өзгерістер 2022 жылы қабылданды, бұл қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған қаржы институттары есебінен банктердің пайда болуының жаңа арнасын құруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда 10-нан астам микроқаржы ұйымдарының капиталы 10 млрд теңгеден асады және осы тетікті әлеуетті пайдалана алады. 2025 жылы KMF және BNK Finance Kazakhstan алғашқы микроқаржы ұйымдары осы модельдің практикалық іске асырылуын растай отырып, банктік лицензиялар алды.
Келесі кезеңде банк нарығына кіру үшін әкімшілік кедергілерді азайту қамтамасыз етілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 30 маусымдағы ҚР Заңымен банктерді ашу және лицензиялау рәсімдерін ауқымды ырықтандыру жүргізілді. Лицензиялау рәсімінен реттеуші мемлекеттік және халықаралық ақпараттық жүйелер арқылы дербес ала алатын қайталанатын құжаттар мен артық мәліметтер алып тасталады. Нәтижесінде банктік лицензия алу үшін қажетті құжаттар тізімі бес еседен астамға қысқарды – 50-ден астам негізгі құжаттардың шамамен 8-ге дейін. Кредиттік рейтингі «А –»-тен төмен емес шетелдік банктер үшін банкті ашуға өтініш берген кезде құжаттар саны 24-тен 10-ға дейін қысқарды (қалған банктер үшін – 17-ге дейін).
Бір мезгілде бірқатар ескірген және артық нормалар қайта қаралды, соның ішінде лицензия алғанға дейін меншікті үй-жайларының болуына және қызметкерлердің толық штатын қалыптастыруға қойылатын талаптар алып тасталды.
Бұл шаралар қазірдің өзінде практикалық көрініс тауып отыр. нарыққа қол жеткізу шарттарына жүргізіліп отырған ырықтандыру шетелдік қаржы институттарының кіруі үшін қосымша ынталандырулар қалыптастырады. Бұл Lesha Bank, BNK Financial Group және Abu Dhabi Commercial Bank сияқты банктердің Қазақстан нарығына шығуы туралы шешімдермен расталады.
Ағымдағы жылғы 20 наурызда Агенттік жаңа «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ банкін ашуға Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ға (БАӘ) рұқсат берді. Әмбебап банк лицензиясын алғаннан кейін жаңа банк банктік қызметтердің толық көлемін ұсынуды, сондай-ақ «исламдық терезе» тетігі арқылы исламдық қаржыландыруды дамытуды жоспарлап отыр, бұл өнім желісін кеңейтеді және Қазақстан нарығында балама қаржы құралдарының қолжетімділігін арттырады.
Лицензиялау рәсімдерін ырықтандыру қаржы нарығының басқа сегменттеріне дәйекті түрде қолданылады, онда талаптарды біріздендіру және әкімшілік жүктемені қысқарту да жүргізіледі. Мемлекеттік реттеу туралы заңға банктер, сақтандыру ұйымдары және басқарушы компаниялар үшін ірі қатысушы мәртебесін алудың бірізді тәртібін белгілейтін бірыңғай 9-5-бабы енгізілді. Бұрын бұл талаптар салалық заңдар бойынша бөлінді, бұл рәсімдерді қиындатып, артық әкімшілік жүктеме тудырды. Оларды біріздендіру құжаттар тізімін қысқартуға, қайталанатын ақпаратты алып тастауға және әлеуетті инвесторларға жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Сақтандыру секторына сенімді шетелдік инвесторларды тартуға ерекше назар аударылды. «А–»-тан төмен емес кредиттік рейтингі бар шетелдік сақтандыру ұйымдары үшін сақтандыру холдингі мәртебесін алу кезінде құжаттардың қысқартылған тізбесі де көзделген, бұл олардың Қазақстанда болуы үшін ынталандырулар жасайды.
Жалпы жүргізіліп жатқан реформалар тепе-тең реттеу, ашық және бәсекелес болу қағидаттарына негізделген банк секторын дамытудың жаңа моделін қалыптастырады. Жаңа қатысушылардың нарыққа кезең-кезеңімен кіруі үшін-жұмыс істеп тұрған қаржы институттарын трансформациялау есебінен де, шетелдік банктерді тарту есебінен де жағдайлар жасалады.
Бұл қаржылық қызметтер ұсынысын кеңейтуді, бәсекелестікті күшейтуді және қызмет көрсету сапасын арттыруды, сондай-ақ исламдық қаржыландыруды қоса алғанда, жаңа бағыттарды дамытуды қамтамасыз етеді.
Нәтижесінде экономикалық белсенділікті орнықты қолдауға және бизнес пен халықтың заманауи қаржы құралдарына қол жеткізуін қамтамасыз етуге қабілетті неғұрлым әртараптандырылған және икемді банк жүйесі қалыптасады.