Қазақстан сақтандыру секторының 2026 жылғы 1 наурыздағы жай-күйі туралы

Қазақстан сақтандыру секторының 2026 жылғы 1 наурыздағы жай-күйі туралы

2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 25 сақтандыру ұйымы бар, оның 10-ы – өмірді сақтандыру.  

2026 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 1,1%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды, ол негізінен бағалы қағаздар көлемінің ұлғаюы нәтижесінде болды.   

2026 жылғы 1 наурызда активтер құрылымында  ең көп үлес бағалы қағаздарға – 72,7% (2,9 трлн теңге), екінші деңгейдегі банктердегі ақшалай қаражат пен салымдарға – 7,9% (317 млрд теңге), сақтандыру дебиторлық берешекке – 4,2% (170 млрд теңге) тиесілі.       

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2026 жылғы ақпанда жасалған шарттар бойынша сақтандыру резервтерінің өсуі есебінен 0,8%-ға 2,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2026 жылғы ақпанда 1,9%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. 2026 жылғы ақпанда сақтандыру нарығы бойынша таза пайда 17,9 млрд теңгені құрады.

2026 жылғы ақпанда жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 1,3 млн шартты құрады, бұл 2025 жылғы ақпанмен салыстырғанда 35,7%-ға аз, бұл жазатайым жағдайлардан сақтандыру бойынша жасалған шарттар санының 35,7%-ға азаюынан болды. 

Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақылары 2026 жылғы ақпанда 88,2 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы айға қарағанда 43,4%-ға аз. Сақтандыру сыйлықақыларының өсуінің баяулауы сақтандыру сыйлықақысының 10%-дан аспайтын деңгейінде банктік қарыздармен байланысты сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенттері үшін комиссиялық сыйақыны шектеуді енгізуге және тиісінше банктік қарыздармен байланысты жасалған сақтандыру шарттары санының азаюына байланысты «жазатайым оқиғалардан сақтандыру» және «өмірді сақтандыру» сақтандыру өнімдерінің тартымдылығының төмендеуіне  байланысты.

Міндетті сақтандыру бойынша 2026 жылғы ақпанда 24,5 млрд теңге сомаға сақтандыру сыйлықақылары жиналды, 2026 жылдың басынан бастап – 48,6 млрд теңге, бұл 2025 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 13,7%-ға артық. Өсім негізінен қызметкерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша сыйлықақылардың 17,3%-ға ұлғаюына байланысты.

2026 жылғы ақпанда ерікті жеке сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 47,0 млрд теңгені құрады, 2026 жылдың басынан бастап – 119,6 млрд теңге, бұл 2025 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 9,0%-ға аз. Төмендеу жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылар көлемінің 91,4%-ға, өмірді сақтандыру бойынша 36,7%-ға төмендеуіне байланысты.

Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары ағымдағы жылғы ақпанда 16,8 млрд теңгені құрады, 2026 жылдың басынан бастап 75,9 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 29,4%-ға аз. Төмендеу мүлікті залалдан сақтандыру сыныбы бойынша жиналған сыйлықақылардың 50,8%-ға төмендеуіне байланысты.

Сақтандыру төлемдері 2026 жылғы ақпанда 39,2 млрд теңгені құрады, 2026 жылдың басынан бастап – 81,2 млрд теңге, бұл 2025 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 33,1%-ға артық.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz