Агенттік басшылығы Корея Республикасының қаржы реттеушілерінің және BNK Financial Group басшыларымен кездесулер өткізді

Агенттік басшылығы Корея Республикасының қаржы реттеушілерінің және BNK Financial Group басшыларымен кездесулер өткізді

Төраға Мәдина Әбілқасымова бастаған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің делегациясы Корея Республикасына барды. Сапар аясында Корея Банкінің (Bank of Korea), Қаржылық қызметтер жөніндегі комиссияның (Financial Services Commission, FSC), сондай-ақ BNK Financial Group басшылығымен кездесулер өтті.

Корея Банкінің Төрағасы Ри Чан Ёнмен кездесу барысында екі елдің қаржы нарықтарын дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалары, екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері, оның ішінде трансшекаралық банк қызметін кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Сондай-ақ, Қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және бағалы қағаздар нарығы туралы жаңа заңды әзірлеу шеңберінде капитал нарығын жетілдіру мақсатында техникалық қолдау алу және тәжірибе алмасу мүмкіндігі атап өтілді.

Қаржылық қызметтер жөніндегі комиссия Төрағасы Ли Ок Вонмен кездесу барысында капитал нарығын одан әрі дамыту, оның ішінде цифрлық қаржы активтерін реттеу саласындағы мәселелер қаралды. Тараптар Агенттік қызметкерлерін цифрландыру және қаржылық технологиялар  сияқты бағыттар бойынша оқытуды ұйымдастыру мәселесін талқылады.

Агенттік басшысы BNK Financial Group басшылығымен де кездесу өткізді. Қаржы холдингінің өкілдері «БиЭнКей» коммерциялық банкі» АҚ еншілес компаниясын одан әрі дамыту жоспарларын ұсынды. Кездесу барысында экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері де қаралды.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz