Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен IFC-дың Түркия, Қазақстан және Өзбекстан бойынша аймақтық директоры Лиза Кестнер бастаған International Finance Corporation делегациясы арасында кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның қаржы секторын дамытуға және орнықтылығын арттыруға бағытталған Агенттік пен IFC арасындағы одан әрі ынтымақтастық пен әріптестіктің перспективалық бағыттарын талқылады. Қаржы нарығы саласында реттеуді жетілдіру және халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар техникалық көмек бағдарламалары шеңберінде IFC қолдауымен іске асырылған ағымдағы және аяқталған жобаларды қарады. Кездесу барысында Қазақстан капитал нарығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. IFC өкілдері 2030 жылға дейінгі қор нарығын дамыту бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеуге, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы мен сақтандыру қызметі туралы жаңа заңдарды дайындауға қатысуға қызығушылық танытты.
2025 жылы Агенттік пен IFC арасында «Инвестициялық қорлар туралы» ҚР Заңының жобасын дайындау бойынша консультациялық қолдау көрсету туралы келісімге қол қойылды. Заң жобасын іске асыру ұжымдық инвестицияларды реттеуді одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыстың қосымша сараптамалық негізін құрап, бағалы қағаздар нарығы туралы жаңа заңнаманы және капитал нарығын дамыту жөніндегі бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге маңызды үлес болады.
Кездесу барысында Қазақстанның Joint Capital Markets Program (J-CAP) бастамасына қатысуы туралы мәселе талқыланды. Бұл бағдарламаны Дүниежүзілік банк Топтары ХВҚ-мен бірлесіп іске асыруда және нарықтарды дамыту стратегияларын әзірлеуді, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді және нарықтық инфрақұрылымды нығайтуды қоса алғанда, кешенді сараптамалық көмек көрсету арқылы капитал нарықтарын дамытуда елдерге қолдау көрсетуге бағытталған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қаржы жүйесін дамытуға, капитал нарығының тиімділігін арттыруға және экономиканың орнықты өсуі үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделілігін растады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы