Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің бірінші вице-президенті Грег Гайетт бастаған делегациясымен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстанның қаржы нарығындағы ағымдағы ахуалы, оның ішінде 2025 жылғы банк секторын дамыту қорытындылары, сондай-ақ ағымдағы жылға арналған дамудың түйінді басымдықтары мен бағыттары талқыланды.
Тараптар сондай-ақ ағымдағы өзара іс-қимылды және одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, оның ішінде капитал нарығын реформалау мақсатында ЕҚДБ-дан техникалық көмек алуды талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Агенттік, Ұлттық Банк және Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Құжат ҚР қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеу және осы саладағы заңнамалық базаны жетілдіру бөлігінде тараптардың ынтымақтастығын дамытуға бағытталған.
Меморандум ЕҚДБ-ның капитал нарығының жүйелі реформаларын дайындау жөніндегі техникалық көмек жобасын іске асыру үшін негіз жасайды. Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының ағымдағы жай-күйіне кешенді бағалау жүргізу, оның ішінде инвесторлық базаның құрылымын, эмитенттердің белсенділігін, нарықтық инфрақұрылымның жұмыс істеуін, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік-құқықтық және қадағалау ортасын талдау жоспарлануда.
Жобаның нәтижесі нарық инфрақұрылымын дамыту, реттеуді жетілдіру және жаңа қаржы құралдарын енгізу жөніндегі шаралар кешенін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын дайындау болады. Сонымен қатар жетекші қаржылық юрисдикциялардың үздік халықаралық стандарттары мен тәжірибелерін ескере отырып бағалы қағаздар нарығы туралы жаңа заң жобасы әзірленетін болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы