Қазақстан банк секторының 2026 жылғы 1 ақпандағы жай-күйі туралы

Қазақстан банк секторының 2026 жылғы 1 ақпандағы жай-күйі туралы

2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында екінші деңгейдегі 23 банк бар, оның ішінде 15 банк шетелдік қатысумен, оның ішінде 10 еншілес банк.

Банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 1,1%-ға өсуі есебінен 43,0 трлн теңгеге дейін ағымдағы жылғы қаңтарда 0,9%-ға азайып, 70,1 трлн теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 20,7 трлн теңгені немесе активтердің 29,5%-ын құрады, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Экономикаға екінші деңгейдегі банктер берген кредиттер 2026 жылғы қаңтарда бизнеске кредиттерді азайту және бөлшек кредиттеу қарқынын бәсеңдету есебінен 0,5%-ға азайып, 40,0 трлн теңгені құрады.

Ұлттық валютадағы кредиттер 0,6%-ға 36,2 трлн теңгеге дейін азайды, шетел валютасындағы кредиттер 2025 жылғы желтоқсан деңгейінде сақталып, 3,7 трлн теңгені құрады. Осыған қарамастан, 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша теңгемен кредиттердің үлес салмағы іс жүзінде өзгерген жоқ, 90,7%-ды құрады.

2026 жылғы қаңтарда екінші деңгейдегі банктер барлығы 2,6 трлн теңгеге жаңа кредиттер берді, бұл 2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда 11,6%-ға артық.

2026 жылғы қаңтарда бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер негізінен айналым қаражатын иеленуге берілген қарыздарды 2,2%-ға 5,9 трлн теңгеге дейін азайту есебінен 1,7%-ға 15,2 трлн теңгеге дейін азайды. Олардың құрылымында ШОБ субъектілеріне қарыздар 2,5%-ға 6,7 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске қарыздар - 1,7%-ға 5,4 трлн теңгеге дейін азайды. Өз кезегінде ЖК-нің 2026 жылғы қаңтардағы қарыздары іс жүзінде 2025 жылғы желтоқсан деңгейінде сақталып, 3,1 трлн теңгені құрады. ШОБ және ірі бизнес кредиттерінің төмендеуі корпоративтік сектордағы кредиттік белсенділіктің маусымдық баяулауына, қолданыстағы кредиттерді өтеуге, сондай-ақ теңгенің нығаюы аясында валюталық кредиттерді қайта бағалауға байланысты.

Салалар бойынша 2026 жылғы қаңтарда құрылыстан басқа барлық салаларда бизнеске кредиттердің азаюы байқалады, онда 0,9%-ға 0,8 трлн теңгеге дейін өсу тіркелген. Өнеркәсіпте кредиттер 1,0%-ға 5,1 трлн теңгеге дейін, саудада – 3,4%-ға 4,1 трлн теңгеге дейін, ауыл шаруашылығында – 3,7%-ға 0,5 трлн теңгеге дейін, ақпарат пен байланыста – 1,2%-ға 0,2 трлн теңгеге дейін, көлікте – 0,9%-ға 1,0 трлн теңгеге дейін басқа да салалық қызметтерде – 1,1%-ға 3,5 трлн теңгеге дейін азайды.

2026 жылғы қаңтарда бизнес субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер 1,3 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берді, бұл 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,7%-ға артық.

Халыққа берілетін кредиттер 2026 жылғы қаңтарда 0,2%-ға артып, 24,8 трлн теңгені құрады. Халыққа кредиттердің өсуі ипотекалық қарыздардың 0,5%-ға 7,0 трлн теңгеге дейін ұлғаюына және 2025 жылғы желтоқсан деңгейінде 16,7 трлн теңге мөлшерінде тұтынушылық кредиттеудің сақталуына байланысты.

2026 жылғы қаңтарда бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа өлшенген мөлшерлемесі ДК кредиттері бойынша мөлшерлеменің 2,1 п.т. 31,6%-ға дейін өсуі есебінен 22,7%-ға дейін (2025 жылғы желтоқсанда – 21,4%) өсті. Халыққа берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа өлшенген мөлшерлемесі тұтынушылық қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 2,8 п.т. 22,3%- ға дейін өсуіне байланысты 20,8%-ға дейін (2025 жылғы желтоқсанда -18,3%) ұлғайды.

2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL90+) несие портфелінің 3,8%-ын немесе 1,6 трлн теңгені құрады. Халыққа берілген кредиттер портфелінде мерзімі өткен берешегі бар қарыздар деңгейі 4,5%-ды немесе 1,1 трлн теңгені құрады. Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер портфелінде NPL90+ қарыздарының деңгейі 3,0%-ды немесе 528 млрд теңгені құрады.

Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталады және 61,1%-ды құрайды (01.01.2026 ж. – 60,6%).

Банк секторының міндеттемелері 2026 жылғы қаңтарда заңды тұлғалардың салымдарын 5,9%-ға төмендету есебінен 1,4%-ға 59,3 трлн теңгеге дейін төмендеді. Банк секторы міндеттемелерінің құрылымында негізгі үлесті – 79,6% немесе 47,2 трлн теңгені клиенттердің салымдары алады.

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2026 жылғы қаңтарда ұлттық валютадағы депозиттердің 3,3%-ға 36,6 трлн теңгеге дейін төмендеуі нәтижесінде 3,8%-ға 46,2 трлн теңгеге дейін төмендеді, бұл операциялық және балама инвестициялық қызметке қаражатты одан әрі пайдалану мақсатында пайдалануға байланысты маусымдық факторларға негізделген. Осылайша, заңды тұлғалардың депозиттері 7,6%-ға 20,2 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері0,7%-ға 26,0 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Шетел валютасындағы депозиттер теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы аясында шетел валютасындағы салымдарды валюталық қайта бағалау есебінен 5,9%-ға 9,5 трлн теңгеге дейін төмендеді. Нәтижесінде 2026 жылғы 1 ақпандағы долларлану деңгейі 2026 жылдың басындағы 21,1%-дан сәл төмендеп, 20,7%-ды құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютасындағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа өлшенген мөлшерлемесі 2026 жылғы қаңтарда 16,8%-ды (2025 жылғы желтоқсанда – 16,8%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 15,3%-ды (2025 жылғы желтоқсанда-14,8%) құрады.

Банктердің меншікті капиталы 2026 жылғы қаңтарда 1,7%-ға 10,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 20,0%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 20,7%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2026 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 199 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы қаңтарға қарағанда 13,1%-ға аз. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 4,1%-ды (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 4,2%), капиталдың рентабельділігі (ROE) 27,7%-ды (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 28,4%) құрады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz