Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының 2026 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі туралы

Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының 2026 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі туралы

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – МҚҚЖҰ) активтері 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ломбардтардың тұтынушылық микрокредиттері көлемінің өсуі есебінен 2025 жылғы 4-тоқсанда 2,2%-ға ұлғайып, 3,5 трлн теңге болды (2025 жылы 17,2%-ға өсті).

МҚҚЖҰ активтерінің құрылымында ең көп үлес микроқаржы ұйымдарына – 1,7 трлн теңге немесе 47,4%, кредиттік серіктестіктерге – 1,3 трлн теңге немесе 36,0%, ломбардтарға –  0,6 трлн теңге немесе 16,5% тиесілі.

МҚҚЖҰ несие портфелі 2025 жылғы 4-тоқсанда 1,5%-ға 3,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылы 12,3%-ға өсті). МҚҚЖҰ микрокредиттерінің құрылымында бизнес субъектілеріне берілген микрокредиттердің үлесі 56,6%-ды, халыққа берілген микрокредиттердің үлесі 43,4%-ды құрады.

Бизнес субъектілеріне берілген микрокредиттер 2025 жылғы 4-тоқсанда 2 МҚҰ-ны ЕДБ-ға айналдыруға байланысты 2,0%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін азайды (2025 жылы 7,4%-ға өсті), олардың үлесіне микроқаржы нарығының 37,7%-ы тиесілі.

Халыққа берілген қарыздардың көлемі негізінен ломбардтар берген тұтынушылық микрокредиттердің 12,2%-ға ұлғаюы есебінен 2025 жылғы 4-тоқсанда 6,4%-ға ұлғайып, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,3 трлн теңгені құрады (2025 жылы 19,4%-ға өсті). 

МҚҚЖҰ портфеліндегі 90 күннен астам төлем мерзімі өткен қарыздардың (NPL90+) деңгейі 2026 жылғы 1 қаңтарда 3,9%-ды құрады (01.01.2025ж. – 4,6%). Жеке тұлғалардың портфелінде осы көрсеткіш 5,0%-ды құрады (01.01.2025ж. – 6,3%).

2025 жылғы 4-тоқсанда МҚҚЖҰ-ның міндеттемелері кредиттік берешектің өсуі есебінен 5,4%-ға 2,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылы 14,8%-ға өсті). Қорландыру құрылымындағы негізгі үлес алынған қарыздарға тиесілі, олардың үлесі жиынтық міндеттемелердің 66,2%-ын немесе 1,5 трлн теңгені құрайды.

МҚҚЖҰ-ның меншікті капиталы негізінен МҚҚЖҰ-ның бөлінбеген таза пайдасының төмендеуі есебінен 2025 жылғы 4-тоқсанда 3,0%-ға азайып, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,3 трлн теңгені құрады (2025 жылы 21,7% өсті).

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz