
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлеміне өтінішті ресімдеудің оңайлатылған тәртібі (Еурохаттама) туралы еске салады.
Еурохаттама жол-көлік оқиғасына (ЖКО) қатысушыларға жол полициясы қызметкерлерін шақырмай және сотқа жүгінбей, апат орнында сақтандыру ұйымына тікелей сақтандыру төлеміне өтініш жіберуге мүмкіндік береді.
ЖКО кезінде сақтандыру жағдайларын реттеу үшін Еурохаттама шеңберінде мынадай шарттар орындалуға тиіс: оқиғаға екі көлік қатысады, екі жүргізушіде де қолданыстағы сақтандыру полисі бар, залал сомасы 100 АЕК-тен аспайды, қатысушылар арасында кінәлі тарапқа қатысты келіспеушіліктер жоқ. Сондай-ақ, ЖКО салдарынан ешкімнің өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүлкіне зиян келтірілмеуі міндетті шарт болып табылады.
Еурохаттаманы ресімдеу үшін ЖКО-ға қатысушылардың екеуіне де «Europrotocol», «DTP.kz» немесе «Halyk Kazakhstan» мобильді қосымшалардың біреуін жүктеп алу қажет. Мобильді қосымшалардан басқа сақтандыру ұйымдарының ресми интернет-ресурстары арқылы сақтандыру төлеміне жүгінуге болады. Одан әрі сәйкестендіруден өтіп, декларацияларды толтыру қажет, апат болған жерден фотосуреттер мен бейнелерді тіркеу керек – содан кейін өтініш автоматты түрде сақтандыру ұйымына жіберіледі. ЖКО қатысушылары сақтандырушының декларацияны қабылдағаны туралы хабарлама алғанға дейін көлік оқиғасы болған жерден кетпеуге тиіс. Әрі қарай қатысушылар оқиға орнынан кете алады. Жол полициясын шақыру және сотқа жүгіну талап етілмейді.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Еурохаттама» іске қосылған сәттен бастап жалпы сомасы 4,9 млрд теңгеге 25 мыңға жуық сақтандыру оқиғасыресімделді.
Бұл тетікті пайдалану сақтандыру төлемдерін алу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жол инфрақұрылымы мен сот жүйесіне жүктемені азайтуға ықпал етеді.
Көбірек пайдалы материал Fingramota.kz. сайтында қолжетімді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы