
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру секторын қадағалау саясатының 2026 жылға арналған негізгі басымдықтарын әзірледі. Құжат қадағалау процесінің тиімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ реттеуші органның іс-әрекеттерінің ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға бағытталған.
Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 10 ақпандағы кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлейді және Сақтандыру қызметі туралы жаңа заңның жобасын дайындайтын болады.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – сақтандыру секторының ұлттық экономиканы дамытудағы үлесін күшейту, әсіресе бүгінгі күні тәуекелдер мен қаржылық міндеттемелердің айтарлықтай бөлігі мемлекетке жүктелген салаларда күшейту. Негізгі басымдықтардың қатарында сақтандырудың міндетті түрлерін кеңейту, сақтандыру нарығының инфрақұрылымын жетілдіру, сақтандыру саласын цифрлық трансформациялау, жинақтаушы және инвестициялық сақтандыруды дамыту, лицензиялау рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ заңнаманы Solvency II қағидаттарын қоса алғанда, халықаралық практикаға сәйкес келтіру айқындалды.
Сақтандыру секторын қадағалау жүйесін жетілдіру және оны халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру мақсатында Агенттік Insurance Core Principles (Халықаралық сақтандыруды қадағалау қауымдастығы) қағидаттарына, Solvency II директивасының талаптарына және ХҚЕС 17 стандартына негізделген жаңа интеграцияланған қадағалау моделін енгізу бойынша жұмыс істейтін болады.
Қолданыстағы SRES (Supervisory Risk Evaluation System) жүйесі шеңберінде тұтынушылардың шағымдарының көрсеткіштерін ескере отырып, сақтандыру ұйымдарының қызметінде жыл сайынғы тәуекелдерді бағалау жүргізіледі.
Жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты Агенттікке ХҚЕС 17 талаптарына сәйкес сақтандыру міндеттемелерін бағалауға және құрылымына, оларды бағалауды автоматтандыруға, сақтандыру міндеттемелерін бағалау әдістемесіне, оны келісу тәртібі мен мерзімдеріне қойылатын талаптарды бекіту бойынша өкілеттіктер берілді. 2026 жылы осы өкілеттіктер аясында сақтандыру ұйымдары әдістемелерінің белгіленген талаптарға сәйкестігі және сақтандыру міндеттемелерін автоматтандырылған түрде бағалауға көшуге дайындығына алғаш рет талдау жүргізілетін болады.
Іс-қимылды қадағалау және сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, сақтандыру ұйымына шағымдардың қолайлы деңгейі және сақтандыру сыйлықақылары мен төлемдеріндегі теңгерімсіздік үшін жаңа белгіленген индикаторлар мониторинг үшін пайдаланылады.
Бұл бағыттарды іске асыру Агенттіктің сақтандыру нарығына қатысушыларды қадағалау процестерін күшейтуге және оның Қазақстанның қаржы нарығындағы рөлін арттыруға ықпал ететін болады.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы