Агенттік Банк секторын қадағалау саясатының негізгі басымдықтарын жариялады

Агенттік Банк секторын қадағалау саясатының негізгі басымдықтарын жариялады

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Банк секторын қадағалау саясатының 2026 жылға арналған негізгі басымдықтарын» жариялады. Бұл бастама нарық қатысушылары үшін тәуекелдерді басқару және пруденциялық реттеу саласында бірыңғай бағдарларды қалыптастыра отырып, реттеушінің іс-әрекеттерінің ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

2026 жылы Агенттік қызметінің негізгі векторы елдің қаржы жүйесін трансформациялаудың стратегиялық негізін қалаған Банктер туралы жаңа заңның нормаларын толыққанды іске асыру болады. Норма шығару қызметі қаржылық технологияларды енгізу тетіктерін егжей-тегжейлі көрсететін заңға тәуелді нормативтік базаны жаңартуға, банктік лицензиялар мен пруденциялық реттеудің сараланған жүйесін дамытуға, исламдық қаржыландыру практикаларын кеңейтуге, дағдарысқа қарсы режимдер мен банктерді реттеу тетіктерінің көп деңгейлі жүйесін дамытуға, сондай-ақ корпоративтік басқаруды жетілдіруге бағытталатын болады.

Биылғы жылы Агенттіктің  басымдықтары тәуекелге бағдарланған қадағалауды сапалы тұрғыдан күшейтуге бағытталған. 2026 жылғы қадағалау циклі шеңберінде банк топтарын шоғырландырылған деңгейде тәуекелдерді талдауды кезең-кезеңімен енгізуді көздейтін SREP әдіснамасы бойынша банктерге жыл сайынғы бағалау жүргізу жалғастырылатын болады. Сонымен қатар, Агенттік активтердің сапасын тұрақты бағалаудың (AQR) және қадағалап стресс-тестілеудің кезекті циклдерін өткізеді, бұл қолайсыз макроэкономикалық сценарийлерге осалдықтарды уақтылы анықтауды қамтамасыз етеді. Көрсетілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша қосымша беріктік қорын қалыптастыру үшін банктердің капиталына жеке қадағалау үстемесі қолданылатын болады. Сонымен бірге 2026 жылы өтімділікке стресс-тестілеу жүргізу және жасанды интеллект жүйелерін пайдаланумен байланысты тәуекелдерді қоса алғанда, модельдік тәуекелдерді басқарудың жүйелік тәсілдерін енгізу жоспарлануда.

SupTech-құралдарын және FinAI Бірыңғай қадағалау платформасын қолдануды кеңейту арқылы қадағалаудың технологиялық базасын дамыту маңызды бағыт болып қалады. Бұл жасанды интеллект алгоритмдерін қолдану және үлкен деректерді талдау арқылы қадағалау шешімдерін қабылдаудың талдамалық тереңдігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Тереңдетілген цифрландыру жағдайында Агенттік банктердің цифрлық инфрақұрылымының орнықтылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. 2026 жылы банктердің киберқауіптерге қарсы тұруға нақты дайындығын тексеру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бақылау рәсімдерін автоматтандыру үшін тұрақты қадағалау киберқолдау практикасын енгізу жоспарлануда. Осы саладағы реттеу Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің новеллаларын ескере отырып өзектендірілетін болады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында Агенттік іс-қимылды қадағалауды толық көлемде енгізуге көшуде. Банктердің клиенттермен өзара іс-қимыл практикаларын талдау негізінде іс-қимыл тәуекелдерін бағалаудың бірыңғай жүйесін құру бағдарға айналады. 2026 жылы рейтингтік модельдің практикалық түрде қолданылуын тексеру үшін пилоттық тестілеу өткізіледі, бұл жосықсыз нарықтық практикаларды жоюға және секторда мінсіз іскерлік іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Негізге алынған басымдықтарды іске асыру Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық тұрақтылығын, сенімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін ұзақ мерзімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Құжаттың толық мәтіні Агенттіктің сайтында қолжетімді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz