Президенттің тапсырмасы: бағалы қағаздар нарығын дамытудың негізгі бағыттары дөңгелек үстел барысында талқыланды

Президенттің тапсырмасы: бағалы қағаздар нарығын дамытудың негізгі бағыттары дөңгелек үстел барысында талқыланды

Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымованың басшылығымен Қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және Бағалы қағаздар нарығы туралы жаңа заң жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Агенттіктің, Ұлттық Банктің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Қазақстан қор биржасының басшылығы және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар қатысты.

Қор нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеудің негізгі мақсаты – халықаралық стандарттар мен экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес келетін капитал нарығының заманауи, бәсекеге қабілетті және орнықты моделін құру.

«Стратегиялық мақсат – сапалы жаңа, бәсекеге қабілетті және технологиялық нарықты қалыптастыру, ол жинақтарды ұзақ мерзімді инвестицияларға айналдырудың тиімді тетігі, компаниялардың өсу драйвері және азаматтардың қаржылық әл-ауқатын арттыру факторы болады. Дәл осындай қаржы нарығының архитектурасы ұзақ мерзімді аралықта экономикалық өсудің орнықтылығын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов.

«Қазақстанның бағалы қағаздар нарығы үдемелі дамуда. Акциялар нарығын капиталдандыру 39 трлн теңгені құрады, бұл ІЖӨ-нің 24%-ын құрайды, корпоративтік облигациялар көлемі 16,2 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің 10%-ын құрады. KASE сауда жүйесінде 76 эмитенттің акцияларының 89 шығарылымы және 158 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 717 шығарылымы айналысқа түседі. Орталық депозитарийдегі шоттар саны 5 млн шоттан асты, бұл бөлшек және корпоративтік инвесторлар тарапынан қызығушылықтың өсуін көрсетеді.

Әзірленіп жатқан 2030 жылға дейінгі бағдарлама және жаңа Заң жобасы құрылымдық шектеулерді жоюға және экономиканы қаржыландырудағы қор нарығының рөлін күшейтуге бағытталған», – деп атап өтті Агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов жаңа Заң жобасын дайындау аясында жұмыстың негізгі бағыттарын ұсынды.

«Басымдықтардың бірі –  инвесторлық базаны кеңейту. Нарықтың өтімділігі инвесторлардың әр түрлі санаттарының белсенді қатысуына тікелей байланысты, сондықтан институционалдық қатысушылардың рөлін күшейту, бөлшек сегментті одан әрі дамыту және шетелдік капиталды тарту үшін жағдай жасау қажет.

Бизнестің қаржыландыруды тарту үшін капитал нарығының құралдарын белсенді пайдалануы үшін жеке сектор компанияларының қор нарығына шығуын ынталандыруға ерекше назар аударылатын болады», – деп атап өтті Нұржан Тұрсынханов.

Жаңа Заң қазақстандық қор нарығының жаһандық капитал нарықтарына ықпалдасуын дәйекті арттыруды көздейді. Осы орайда мәселе шетелдік қатысушылар нарықта халықаралық практикамен салыстыруға болатын жағдайларда жұмыс істей алатын жағдай жасау туралы.

Жаңа қаржы құралдарын дамытуға және заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылатын болады, бұл инвесторлар үшін де, эмитенттер үшін де мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.

Сонымен қатар Заң жобасы ашықтықты арттыруға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған корпоративтік басқарудың жаңартылған тәсілдерін бекітеді. Сондай-ақ қадағалау тиімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, реттеуші модельді жаңғырту жүргізілетін болады.

Дөңгелек үстел аясында бағалы қағаздар нарығының өкілдері де сөз сөйлеп, өз сұрақтары мен ұсыныстарын айтты, сондай-ақ Бағалы қағаздар нарығы туралы жаңа заңды әзірлеу жөніндегі бастамаға тұжырымдамалық қолдау білдірді.

Кездесу барысында «Қазақстан қор биржасы» АҚ Басқарма Төрағасы Әділ Мұхамеджанов нарықтық инфрақұрылымды одан әрі дамытудың басымдықтарын атап өтіп, оны технологиялық тұрғыдан жаңғырту және  бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттілігін атап өтті.

«Halyk Finance» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Роман Асильбеков Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы ағымдағы ахуалға талдау жасап, сұранысты қалыптастырудағы жергілікті инвесторлардың іс-қимылы мен рөліне назар аударды.

«SkyBridge Invest» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы Шолпан Айнабаева өз сөзінде заманауи халықаралық үрдістерге назар аударып, эмитенттердің капитал нарығына қызығушылығын арттыру және инвесторлар үшін инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту үшін озық практикаларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы 2026 жылғы қыркүйекке дейін әзірленетін болады, Бағалы қағаздар нарығы туралы жаңа заң жобасы биыл жылдың соңына дейін дайындалады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz