Президенттің тапсырмасы: сақтандыру секторын дамытудың негізгі бағыттары дөңгелек үстелде талқыланды

Президенттің тапсырмасы: сақтандыру секторын дамытудың негізгі бағыттары дөңгелек үстелде талқыланды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың сақтандыру нарығының серпінді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі  тапсырмасын орындауға кірісті. Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы мен Қазақстан Республикасының Сақтандыру қызметі туралы жаңа заңының жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Іс-шараға Агенттіктің, Ұлттық Банктің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және сақтандыру ұйымдарының басшылығы қатысты.

Бағдарлама мен жаңа Заңды әзірлеу 2026 жылғы 10 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылатын болады.

Сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеудің негізгі мақсаты – сақтандыру секторының ұлттық экономиканы дамытудағы, әсіресе бүгінгі күні тәуекелдер мен қаржылық міндеттемелердің едәуір бөлігі мемлекетке жүктелген салалардағы үлесін күшейту. Сақтандыру мемлекеттің, азаматтардың және бизнестің ықтимал тәуекелдер үшін ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңызды институты болуға тиіс.

«Соңғы жылдары Агенттік сақтандыру нарығына қатысушылармен бірлесіп сақтандыру секторының одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін бірқатар негізгі бастамаларды іске асырды. Бүгінгі күні нарық барлық негізгі көрсеткіштер бойынша орнықты өсуді көрсетіп отыр, сектор активтері соңғы бес жылда 2,6 есе ұлғайып, 3,9 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде сақтандыру сыйлықақылары мен төлемдері үш есе өсіп, тиісінше 1,7 трлн теңге және 461,4 млрд теңгені құрады. Сақтандырудың міндетті сыныптары цифрландырылды, жүктелген сақтандырудың 7 жаңа түрі енгізілді, білім беру және зейнетақымен қамсыздандыру саласында жаңа әлеуметтік бағдарланған сақтандыру өнімдері пайда болды, кепілдік беру жүйесі сақтандырудың барлық міндетті сыныптарына және өмірді жинақтаушы сақтандырудың барлық түріне кеңейтілді», – деп атап өтті Агенттік Төрағасы.

Агенттік Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов Сақтандыру қызметі туралы жаңа заң жобасын әзірлеу шеңберінде жұмыс жүргізілетін негізгі бағыттарды атап өтті.

«Заң жобасымен жұмыс істеу шеңберінде біз сақтандыру сыныптарының құрылымын тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қарауды, сақтандырып қорғаудың неғұрлым икемді әрі әділ шарттарын қалыптастыруды, реттеуді қазіргі заманғы тәуекелдерге және азаматтар мен бизнестің сұраныстарына сәйкес келтіруді жоспарлап отырмыз.

Президенттің тапсырмасын орындау аясындағы біздің міндетіміз – сақтандыру секторының экономиканы дамытуға, әсіресе бүгінгі күні тәуекелдер мен қаржылық міндеттемелердің едәуір бөлігі мемлекетке жүктелген салалардағы үлесін күшейту.

Сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы жұмыс жүргізілетін негізгі бағыттарды айқындайды. Олардың қатарында халықаралық тәжірибені ескере отырып, сақтандырудың міндетті түрлерін кеңейту, әлеуметтік бағдарланған сақтандыру өнімдерін енгізу, нарық инфрақұрылымын жаңғырту және саланың цифрлық трансформациясын тереңдету бар», – деп атап өтті Нұржан Тұрсынханов.

Дөңгелек үстелде сақтандыру нарығының өкілдері де сөз сөйледі, олар өз сұрақтары мен ұсыныстарын айтты, сондай-ақ Сақтандыру қызметі туралы жаңа заң жобасын әзірлеу қажеттілігін тұжырымдамалық тұрғыдан қолдады.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Төрайымы Елена Бахмутова Бағдарлама мен жаңа Заңды әзірлеуде теңгерімді тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа заңнамалық тәсілдер мемлекеттің, бизнестің және азаматтардың мүдделерін ескеруі, сондай-ақ қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс. «Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ Төрағасы Қайрат Чегебаев жинақтаушы сақтандыруды, инфрақұрылымдық және стратегиялық активтерді сақтандыруды және ерікті медициналық сақтандыруды дамыту бойынша ұсыныстарын айтты.

«Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ Төрайымы Линара Әнуарбекова онлайн қызмет көрсету моделіне көшу үшін жүргізілетін жұмыстар  жайында айтып берді. «Freedom Finance Insurance» СК Басқарма Төрағасы Азамат Керімбаев сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде заңнаманы үйлестіру, сақтандыру делдалдары нарығының ашық әрі өркениетті жұмысын қамтамасыз ету қажеттігі, сондай-ақ маркетплейстерді дамыту мәселелерін көтерді. «Коммеск – Өмір» ӨСК» АҚ Төрағасы Олег Ханин сақтандыру төлемдері стандарттарын біріздендіру және сақтандыру жағдайларын растау және реттеу рәсімдерін біртіндеп цифрлық түрлендіру мәселесін қарастыруды ұсынды.

Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы 2026 жылғы қыркүйекке дейін әзірленіп, Сақтандыру қызметі туралы жаңа заң жобасы ағымдағы жылдың соңына дейін дайындалатын болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz