Сақтандыру нарығын жетілдіру мәселелері туралы

Сақтандыру нарығын жетілдіру мәселелері туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру нарығын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасының 2026 жылғы 27 қаңтардағы № 3 қаулысын қабылдады.

Қаулы Қазақстан Республикасы сақтандыру заңнамасының Халықаралық Сақтандыру Қадағалаулары Қауымдастығының – Insurance core principles (ICP) International Association of Insurance Supervisors (IAIS) сақтандырудың негізгі қағидаттарына сәйкестігін бағалау қорытындылары бойынша Дүниежүзілік Банктің ұсынымдарын іске асыру мақсатында қабылданды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында сақтандыру ұйымының құрылымында ұйым қызметіндегі жүйелік тәуекелдер мен жосықсыз тәжірибелерді анықтауға, клиенттердің жолданымдары мен шағымдарын қарауға, сондай-ақ сақтандыру өнімдерінің сапасын арттыру бойынша ұсыныстар дайындауға жауапты мамандандырылған бөлімшенің болу талабы белгіленді.

Алаяқтық тәуекелдерінің алдын алу, анықтау және оларды барынша азайту үшін сақтандыру ұйымдарының алаяқтық әрекеттерге қарсы іс-қимыл жөніндегі міндетті саясаттар мен рәсімдерді әзірлеу және енгізу, сондай-ақ Агенттікке алаяқтықтың анықталған фактілері туралы хабарлау міндеті көзделген.

Бұдан басқа, сақтандыру ұйымының сақтандыру омбудсманына және уәкілетті органға келіп түсетін әрекеттеріне шағымдар саны артқан жағдайда уәкілетті орган қолданатын ерте ден қою шаралары кеңейтілді. Сақтандырушылардың сақтандыру сыйлықақыларының жоғары шоғырлануы және шығындылығы төмен болған кезде тарифтерді қайта қарау не сақтандырудың тиісті сыныбы бойынша сақтандыруды кеңейту міндеті көзделген. Бұл сақтандыру секторының орнықтылығы мен ашықтығын арттыруға, цифрландыруды дамытуға және сақтанушылардың құқықтарын қорғауға ықпал ететін болады.

Сонымен бірге ішкі қайта сақтандыруды дамытуға бағытталған түзетулер блогы қарастырылған. Атап айтқанда, міндетті автосақтандыру, қызметкерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру және қаржылық шығындарды өтейтін сақтандыру түрлері бойынша сақтандырушылардың төлем қабілеттілігі маржасына қосымша жүктемені азайту есебінен сақтандыру және қайта сақтандыру пулдарын құруды ынталандыруға бағытталған.

Зейнетақы аннуитеттерінің тартымдылығын арттыру үшін олардың нақты құнын сақтай отырып, төлемдер мөлшерін ұлғайту көзделеді. Индекстеу мөлшерлемесі 7%-дан 8%-ға дейін, ал кірістілік мөлшерлемесі 8%-дан 9-12%-ға дейін көтеріледі.

«Актуарий» лицензиясын алуға үміткерлер үшін кедергілерді азайту үшін актуарлық курстардан өту және Enbek.kz онлайн-платформасында тиісті емтихандарды сәтті тапсыру лицензия алу кезінде де ескерілетін болады.

Қаулының мәтінімен Агенттіктің сайтында танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz