Қазақстан сақтандыру секторының 2026 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі туралы

Қазақстан сақтандыру секторының  2026 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі туралы

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 25 сақтандыру ұйымы бар, оның 10-ы – өмірді сақтандыру.

2025 жылы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 25,1%-ға 3,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылғы желтоқсанда 3,0%-ға өсу), ол негізінен сақтандыру қызметінен және бағалы қағаздарға инвестициядан түскен кірістердің өсуі нәтижесінде болды.   

2026 жылғы 1 қаңтарда активтер құрылымында  ең көп үлес бағалы қағаздарға – 74,8% (2,9 трлн теңге), екінші деңгейдегі банктердегі ақшалай қаражат пен салымдарға – 7,7% (299,3 млрд теңге), сақтандыру дебиторлық берешегіне – 4,1% (161,1 млрд теңге) тиесілі.  

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері
2025 жылы 28,7%-ға 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды  
(2025 жылғы желтоқсанда 3,7%-ға өсу).  

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2025 жылы 16,7%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылғы желтоқсанда 1,4%-ға өсу).

2025 жылы сақтандыру нарығы бойынша таза пайда
245,6 млрд теңгені құрады (2025 жылғы желтоқсанда – 10,7 млрд теңге).

2025 жылы жасалған сақтандыру шарттарының саны
22,4 млн шартты құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға аз. 

Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақылары 2025 жылы 1,7 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылға қарағанда 12,5%-ға көп. Өсу зейнетақы аннуитеттік сақтандыру бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының 9,1%-ға 425,9 млрд теңгеге дейін, өмірді сақтандыру бойынша 16,1%-ға 229,3 млрд теңгеге дейін және мүліктік сақтандыру бойынша 31,0%-ға 302,7 млрд теңгеге дейін ұлғаюмен байланысты.

Міндетті сақтандыру бойынша 2025 жылы 271,8 млрд теңге сомаға сақтандыру сыйлықақылар жиналды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8,0%-ға көп (2025 жылғы желтоқсанда – 33,4 млрд теңге). 

Сақтандыру сыйлықақыларының өсуінің негізгі драйвері ерікті жеке сақтандыру сыныптары болып табылады, олар бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2025 жылы 846,4 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,2%-ға көп (2025 жылғы желтоқсандағы сақтандыру сыйлықақыларының көлемі – 107,2 млрд теңге).

Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2025 жылы 576,4 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 25,8%-ға көп (2025 жылғы желтоқсанда сақтандыру сыйлықақыларының көлемі – 84,9 млрд теңге).

Сақтандыру төлемдері 2025 жылы 461,4 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылға қарағанда 38,1%-ға көп (2025 жылғы желтоқсанда  58,4 млрд теңге) Өсу, негізінен, мүліктік сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерінің 40,9%-ға ұлғаюына байланысты.

2025 жылы барлығы 1,7 млн төлем, 2025 жылғы желтоқсанда –
167,5 мың төлем жасалды.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz