Акциялар нарығын капиталдандыру негізінен KASE индексінің, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ (-7,5%) және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (-8,6%) өкілдік тізіміне кіретін акциялар бағасының төмендеуі есебінен 2025 жылғы қарашада 3,0%-ға азайып, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 38,4 трлн теңгені құрады (2025 жылдың басынан бері 16,7%-ға өсу).
KASE индексі 2025 жылғы қарашада 4,4%-ға 6 818,9 тармаққа дейін азайды (2025 жылдың басынан бастап 22,2%-ға өсті).
Акциялармен сауда-саттық көлемі негізінен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ акцияларымен сауда-саттық көлемінің өсуі есебінен бір айда 2,2 есе ұлғайып, 2025 жылғы қарашада 52,6 млрд теңгені құрады.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ-ның (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 76 эмитенттің 89 атауының акциялары, оның ішінде 2 эмитенттің 2 атауының акциялары «Листингтік емес бағалы қағаздар» секторында айналысқа жіберілді.
«KASE Global» секторында 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 47 атаудағы акциялары және 59 шетелдік эмитенттің 21 ETF болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі бір айда Intel Corporation, Tesla, Inc., Mirae Asset Global Investments, Advanced Micro Devices, Inc., Apple Inc акцияларымен сауда-саттық көлемінің төмендеуі есебінен 37,6%-ға азайып, 2025 жылғы қарашада 22,6 млрд теңгені құрады.
KASE-де саудаланатын корпоративтік борыштың көлемі негізінен International Development Association халықаралық облигацияларын KASE ресми тізіміне енгізуге байланысты 2025 жылғы қарашада 2,1 трлн теңгеге немесе 14,8%-ға 16,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бері 19,5%-ға өсу).
KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 2025 жылғы қарашада негізінен бастапқы нарықтағы сауда-саттық көлемінің төмендеуі есебінен алдыңғы аймен салыстырғанда 18,5%-ға 537,6 млрд теңгеге дейін азайды. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша KASE сауда тізімдерінде 148 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 665 шығарылымы болды.
2025 жылғы қарашада корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 264,9 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы қазандағы көрсеткіштен 51,7%-ға аз.
KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2025 жылғы қарашада 1,7%-ға ұлғайып, 31,2 трлн теңгені құрады (2025 жылдың басынан бері 13,5%-ға өсу).
KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2025 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша 28,1%-ға ұлғайып, 767,7 млрд теңгені құрады. МБҚ бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 12,0%-ға ұлғайып, 584,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде ҚР Қаржы министрлігі өтеуге кірістілігі 16,58-17,13% болатын облигациялардың 10 шығарылымын орналастырып, 568,1 млрд теңге тартты, төрт облыстың және Шымкент қаласының әкімдіктері мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында 16,2 млрд теңге тартты.
Ұжымдық инвестициялау нарығында 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 57 инвестициялық пай қоры, оның ішінде 24 аралық, 32 жабық және 1 ашық пай қоры жұмыс істеді.
Инвестициялық пай нарығындағы басқарудағы активтер жекелеген инвестициялық қорлардың шетел валютасын қайта бағалау нәтижесінде 2025 жылғы қарашада 1,9%-ға азайып, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 353,4 млрд теңгені құрады. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша бағалы қағаздар портфелі 292,0 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 82,6%-ын құрады.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымына 42 брокер мен дилер (16 банк және 26 банктік емес ұйым), 11 кастодиан-банк, 21 инвестициялық портфельді басқарушы, 4 трансфер-агент, сондай-ақ 3 инфрақұрылымдық ұйым: KASE, KASE Клирингтік орталығы және бірыңғай тіркеуші мен сауда репозиторийінің функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі кірді.
2025 жылғы қарашада Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың саны 2,8%-ға ұлғайып, 4 945,2 мың шотқа жетті, оның ішінде:
- депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 697,6 мың қосалқы шотқа дейін 0,8 мыңға немесе 0,1%-ға ұлғайды (2025 жылдың басынан 12,2 мыңға немесе 1,8%-ға өсті);
- брокерлер ашқан және жинақталған омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын дербес шоттардың саны 4 247,6 мың шотқа дейін 133,9 мыңға немесе 3,3%-ға өсті (2025 жылдың басынан 1,4 млн немесе 50,9%-ға өсті).
Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері 2025 жылғы қарашада негізінен бағалы қағаздарды сатып алуға бағытталған РЕПО операциялары бойынша қаражат тарту есебінен 3,9%-ға ұлғайып, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 603,2 млрд теңгені құрады (жылдың басынан бері 21,7%-ға азаю).
Міндеттемелер РЕПО операциялары бойынша қарыз алу есебінен 13,5%-ға ұлғайып, 154,5 млрд теңгені құрады. Меншікті капитал көбінесе бөлінбеген пайданың өсуі нәтижесінде 1,0%-ға ұлғайып,
448,7 млрд теңгені құрады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы